Жозенiң жiгiттерi

21.10.2011, 08:30
Жозенiң жiгiттерi
Осы аптаның сейсенбiсiнде УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезең ойындары өттi. Мәскеудiң “ЦСКА” клубы “Лужники” стадионында Түркияның “Трабзонспорын” қабылдап, күйрете жеңдi. Сейду Думбия 29-минутта “Трабзонспор” қақпашысы Толға Зегиннiң қолтығының астынан ала допты зу еткiзiп өткiзiп жiбердi. Ойынның екiншi таймында әуелей жеткен тамаша пасты жерге түсiрместен түрте салған Александр Цауняның да 76-минутта қанжығасы майланды. Ала допты шыр иiретiн Думбия түрiктердiң қорғанысы сетiней бастағанын пайдаланып кеттi. Үш бiрдей қорғаушының арасынан сытылып шыққан Сейду (86-минутта) Толға қорғайтын қақпаның торын тағы бiр мәрте солқ еткiздi. “Сан Паолода” өткен итальяндық “Наполи” мен мюнхендiк “Бавария” арасындағы тартыс тең нәтижемен аяқталды. Немiстер төрешi ысқырығы естiлiсiмен-ақ шабуылға шығып, нәтижесiнде Тони Кроос 2-минутта есеп ашқан. Артынша “Наполи” шабуылшылары қарымта қайтаруға құлшынып, оң қапталдан жер бауырлай ұшқан допты Кристиан Маджо қақпаға қарай теуiп едi, қорғанамын деп аяғын созған Хольгер Бадштубер өз қақпасына автогол соғып алды. Немiстер бұдан кейiн де жеңiске жететiн мүмкiндiктен айырылып қалды. Португалдық бас қазы Олегариу Бенкеренса “Наполи” қақпасына 11 метрлiк пенальти белгiледi. Көзiн шел басты ма, жоқ шеберлiк жетiспедi ме, Марио Гомес қақпаның оң қапталын көздеп теуiп едi, қақпашы Морган Де Санктис қағып алды. Француздың “Лилль” клубы өз алаңында Италияның “Интерiнен” 0:1 есебiмен ұтылып қалды. Сол қапталдан көтерiлген допты шiрене тепкен Джампаоло Паццини 29-минутта есеп ашты. “Базель” өз алаңында “Бенфикадан” 0:2 есебiмен жеңiлiс тапты. Алғашқы гол соғылмастан бұрын доп “Базель” қақпасының алдында бiраз қақпақылданды. Бiр-бiрiне пас берiп, қорғаушылардың арасынан сытылып шыққан Бруна Сезар қақпашы Ян Соммердi сан соқтырып кеттi. Екiншi гол ойынның екiншi таймында соғылды. Айып добын қақпаға тура тепкен Оскар Кардосо голды еселедi. Мадридтiк “Реал” алдыңғы ойында голландиялық “Аякстi” аямап едi, бұл жолы өз алаңында “Лионның” аптығын басып, алдын орады. Жозенiң жiгiттерi 90 минуттан аса алаңда еркiн көсiлiп, француздың азулы клубын жаттығуда жүргендей-ақ еркiн жеңдi. Бұрыштама добын голға ұластырған Кәрiм Бензема 19-минутта есеп ашты. 47-минутта Сами Хедира “Лион” қақпашысы Юго Льористiң алдын орағытып, есептi еселедi. Мұнымен тоқтамайтынын көрсеткен олар 55-минутта тағы да гол соқты. Өзiне тура бағытталған допты қағып аламын деп қателiкке ұрынған қақпашы Юго өз қақпасына гол жiберiп алды. 4-iншi голды Серхио Рамос соқты. Айып алаңыңдағы абыр-сабырда Рамос пасты голға ұлас­тыра бiлдi. “Динамо Загреб” өз алаңында “Аякстен” 0:2 есебiмен ұтылды. Ойынның 49-минутында Дерк Бурригтер алыстан соққы бағыттап, “Динамо Загреб” қақпашысы Иван Келеваның қолынан келер қайран болмады. Негiзгi уақыт аяқталуға санаулы секундтар қалғанда Кристиан Эриксен қорғаушыны алдап өтiп, есептi еселеп кеттi. Румыниялық “Оцелул” мен “Манчестер Юнайтед” арасындағы ойында соғылған екi голдың авторы – Уэйн Руни. Бұл кездесуде төрешi сырт көзге қаталдау көрiндi. Алаңдағы бас қазы Феликс Брых ешкiмдi аяған жоқ. 64-минутта “Оцелул” қақпасына пенальти белгiледi. Ала допқа жақындаған Руни қателескен жоқ. Командасын алға шығарған. Арада екi минут өткенде немiс төрешi “Манчестер Юнайтедтiң” капитаны Неманиья Видичтi алаңнан қуып тынды. Бiр ойыншысы кем болса да, олар жеңiстi ұстап тұрды. Есесiне, негiзгi уақыт аяқталып, төрешi қосқан қосымша минутта қасқабас Руни екiншi мәрте пенальтидi сәттi орындады. “Манчестер Сити” өз алаңында “Вильяреалды” 2:1 есебiмен ұтты. Сөйтiп, биылғы Чемпиондар лигасындағы алғашқы жеңiсiне қол жеткiздi. Кани 4-минутта есеп ашып, қонақтар алға шықан, бiрақ 43-минутта Карлос Марчена өз қақпасына гол соғып алып, таразы басы теңестi. Жеңiс голын 90+3-минутта Серхио Агуэро соқты.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×