«Жүгенсіз» кеткен құрама Каспийде күйрей жеңілді

14.06.2011, 16:37
«Жүгенсіз» кеткен құрама Каспийде күйрей жеңілді
Бакуде жасөспірімдер арасында халықаралық «Каспий кубогы» додасы өтуде. Осы турнирге қатысып жатқан Қазақстанның 17 жасқа дейінгі құрамасы алғашқы екі матчта ойсырай ұтылды. «Каспий кубогы» турниріне барлығы сегіз елдің бозбалалары қатысуда. Олар екі топқа тең бөлінген. Қазақстан жеткіншектері «В» тобына түсті. Қарсыластары – Испания, Грузия және Тәжікстан таланттары. «А» тобында Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан жеткіншектері бақ сынауда. 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Бакуге бапкерсіз кетіпті. Бұл құрамамыздың аға жаттықтырушысы неміс маманы Оливер Пельцер болатын. Қазақстан футбол федерациясының мәлімдеуінше, Пельцер Бакуге денсаулығына байланысты бара алмаған... Өкінішке қарай, Қазақстан U-17 құрамасы алғашқы кездесуде Грузия бозбалаларынан 1:5 есебімен, ал екінші матчта Испания өрендерінен 0:8 есебімен күйрей жеңілді. Осы ойыннан кейін Қазақстан футбол федерациясының вице-президенті Владимир Катков былай деп мәлімдеме жасады: – Осылай ойсырай ұтылу өкінішті, әрине. Бірақ жеткіншектеріміздің әлемдегі ең азулы командамен кездескенін де есепке алған жөн. Ойын нәтижесіне бозбалаларымыздың Бакуге аға жаттықтырушысыз аттанғандығы да әсерін тигізбей қалған жоқ. Өкінішке қарай, О.Пельцер командамен бірге емес. Ауырып қалып, әлі айыға алмай жатыр. Сол себепті аға жаттықтырушы қызметін уақытша оның көмекшісі, 26 жастағы Николай Стоякин атқаруда. Тәжірибелі бапкері жоқ команда білгендерінен жаңылып, жаза басты. Бүгін Қазақстан жеткіншектері Тәжікстан бозбалаларымен кездеседі. Олар Грузиядан 0:5, ал Испаниядан 0:6 ұтылған болатын. Яғни екеуі де – «В» тобының аутсайдерлері. Қазақстан U-17 құрамасының сапы: қақпашылар – Михаил Голубничий («Ертіс»), Владислав Фролов («Оқжетпес»); қорғаушылар – Мадияр Нұралы, Әділет Құдайберген (екеуі де – «Тараз»), Жошыхан Қанатов («Қайрат»), Қасым Шаймұрат (ЦСКА), Қасымжан Таипов («Цесна»), Дмитрий Моисеев («Шахтер»); жартылай қорғаушылар – Әнуар Жағыппар («Цесна»), Владимир Воменко, Матвей Матвиенко (екеуі де – «Ертіс»), Олег Лебедев («Оқжетпес»), Иван Антипов («Ақжайық»), Рафаэль Алиев («Ертіс»); шабуылшылар – Әлішер Сүлей («Тараз»), Абат Айымбетов («Ақтөбе»), Борис Донченко («Цесна»), Владислав Морозов («Восток»). Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×