Қазақстан U-21 жастар құрамасының бас бапкері Денис Мамонов ақыры абыройсыздықпен қызметінен кетті. Бұл шешім көптің күткен, тіпті кешігіп келген шешім деуге болады. Себебі оның басшылығымен Қазақстан жастар құрамасы соңғы айларда масқара нәтижелердің мекеніне айналды.
Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңіндегі Андорраға қарсы жеңіліс — тек спорттық емес, ұлттық деңгейдегі ұят болды. Андорра — футбол әлемінде әдетте ұпай беретін қарсылас, ал біздің жастар солардан жеңіліп, күллі жұрттың мазағына айналды. Бұл — бапкерлік жүйенің толық дағдарысқа ұшырағанының айғағы.
Бірақ Мамонов мұнымен тоқтамады. Өзбекстан жастарымен өткізілген екі жолдастық кездесудің екеуінде де жеңіліп, команданың рухын, сенімін, намысын таптап өтті. Осындай сәтсіздіктердің артынан оның кетуі — заңды нәтиже, бірақ тым кеш қабылданған шешім.
"Екінші ойыннан кейін қызметтен кететінімді хабарладым.” — деп қысқа қайырған Мамонов, шын мәнінде, футболдан жеңіліп қана қоймай, өз беделінен де айырылды.
Қазір жастар құрамасы бас бапкерсіз қалды. Бірақ ең үлкен сұрақ — бұл дағдарыстың түбі қайда жатыр? Бапкерде ме, жүйеде ме, әлде футболды басқаруда ма?
ҚФФ Андоррадан кейін "қатал шаралар қолданамыз" деп мәлімдеген еді. Алайда әзірге нақты өзгеріс те, нәтиже де жоқ. Қазақстан футболының жастары — ел үміті, бірақ осындай басшылық пен дайындық деңгейінде олардың болашағы бұлыңғыр.
Мамоновтың кетуі — жүйесіздіктің салдары, ал футболшылардың жеңілістері — сол жүйенің көрінісі. Егер федерация шынымен өзгеріс жасағысы келсе, енді сылтау емес, жауапкершілік пен нақты іс керек. Әйтпесе, мұндай "абыройсыз кетулер” әлі талай қайталанады.