Алматылық "Қайраттың" бұрынғы жұлдызы, Бразилиялық шабуылшы Вагнер Лав Қазақстан Премьер лигасына қайта келуге дайын, деп хабарлайды Aladop.kz.
Ойыншының агенті Эвандро Феррейра футболшының әлі де бабында екенін және жаңа ұсыныстарды қарастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстандық клубтардың биылғы трансферлік саясаты ерекше болып тұр. Луиш Нани мен Виктор Мозес сияқты әлемдік деңгейдегі есімдердің ҚПЛ-ға келуі Вагнер Лавтың да қызығушылығын оятуы мүмкін. Агенттің айтуынша, мұндай үрдіс тәжірибелі футболшы үшін қосымша мотивация болмақ.
Феррейра мырза Legalbet.kz сайтына берген сұхбатында таңдаудың тек бір клубпен шектелмейтінін ашық айтты:
"Вагнер қазір де белсенді, ол футбол ойнауды тоқтатқан жоқ. Сондықтан Қазақстанға оралу ол үшін қызықты болуы әбден мүмкін. Біз тек "Қайратты” ғана күтіп отырған жоқпыз. Егер тиісті жағдай жасап, лайықты ұсыныс тастайтын команда болса, кез келген клубты қарастыруға дайынбыз." — деді агент.