Журналистер бiр желпiндi

19.10.2011, 01:22
Журналистер бiр желпiндi
Қазақстан Республикасы Тәуелсiздiгiнiң мерейлi мерекесi аясында «Астана ақшамы» газетiнiң 20 жылдығына арналған футбол турнирi елордадағы бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы шығармашылық байланыс пен әрiптестiк ынтымақты паш еткендей болды. Астаналық газеттiң мерекелiк жарысына «Қазақстан» ұлттық телеарнасы, «Хабар» агенттiгi, «Нұр Астана», «Алаш айнасы» газеттерi, «Қазақ радиосы», Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң «Жас журналист» командалары және «той иелерi» - «Астана ақшамы» газетiнiң ұжымы шықты. Ғ.Қайырбеков атындағы №2 мектеп-гимназияның жасыл алаңы жайнап тұр. Футбол бәсекесiне жиналған журналистердiң көңiл-күйi көтерiңкi-ақ. Жарыстың ашылуы жарияланған сәтте Мемлекеттiк әнұранымыз шарықтай естiлдi. Жеребе тартылып, қарсыластар анықталып, алғашқы ойын да басталып кеттi. Жасыл алаңға бiрiншi болып «Алаш айнасы» мен ЕҰУ студенттерi шықты. Ойын өте тартысты өттi. Негiзгi уақыттағы бәсеке 3:3 есебiмен аяқталды. Ал ойын соңындағы пенальти соғуда болашақ журналистердiң бағы жанды. Осы жарыстың фаворитi болып келген «Нұр Астана» газетi командасы күтпеген жерде «Астана ақшамы» жiгiттерiне есе жiберiп алды. «Хабар» агенттiгi мен «Қазақ радиосы» арасындағы ойында радиошылар айқын басымдықпен жеңiске жеттi. Ойынның қызығына батқан, жүлденiң салмағына мән қойған футболшы-журналистер жаңбырдың суын да, күннiң қатулы қабағын да елеген жоқ. Кезектi ойын бiтiсiмен «Астана ақшамы» қыздарының ыстық шайын iшiп алып, қайта додаға қосылды. Сөйтiп, iрiктеу ойындарынан сүрiнбей өткен командалар өзара күш сынасты. Ақтық сынға шығу үшiн алдымен «Қазақ радиосы» мен «Астана ақшамы» командалары кездестi. Бұл ойында бiр шөкiмдей шеберлiгi басым радиолық жiгiттер жеңiске жеттi. Екiншi жартылай финалда Л.Гумилев атындағы ЕНУ журналистика және саясаттану факультетiнiң деканы Қайрат Сақ бастаған болашақ журналистер «Қазақстан» ұлттық телеарнасы командасын ұтып, бiрiншi орынға бiр табан жақындай түстi. Сонымен жүлделер үшiн ойнайтын командалар анықталып, нағыз бәсекенiң қызығына кенелдiк. Үшiншi орын үшiн «Астана ақшамы» мен «Қазақстан» телеарнасы жiгiттерi «айқасты». Айқасты дегенiмiз, бұл ойын шын мәнiнде өте тартысты өттi деуге тұрады. Ең қызығы, ойын тағдыры қас-қағым сәтте шешiлдi. Алма-кезек шабуылмен өткен ойында таразы басы тең тұрған. Өйткенi, ойын аяқталуға жақындап қалған, таблодағы есеп 3:3 едi... Алайда «қазақстандық» журналистердiң соңғы минуттағы құйындай соққан шабуылы жанкүйер қауымды дүр сiлкiндiрдi. Арпалысқа түскен ала доп әп-сәтте осыған дейiн тасқамал қақпашы атанып келген Сұлтан Сейiтов қорғаған қақпаны бүлк еткiздi. «Қазақстан» жiгiттерi қола жүлдегер! Финал! Мерекелiк жарыстың көрiгiн қыздырған ақтық ойында БАҚ командалары арасындағы жарыстарда жақсы ойын өрнегiмен көрiнетiн «Қазақ радиосы» командасы негiзi студент жастардан құралған Еуразия ұлттық университетiнiң «Жас журналист» командасынан шеберлiгiн асыра алмады. Сөйтiп жасыл алаңда от болып жанған, шаршамайтын, шалдықпайтын болашақ журналистер мерекелiк жарыстың жеңiмпазы атанды. Жарыстың «Үздiк қақпашы» сыйлығына Қанат Қалымбет («Алаш айнасы»), «Үздiк қорғаушы» сыйлығына Талғат Ешенұлы («Нұр Астана»), «Үздiк шабуылшы» сыйлығына Ахат Ибрашев («Астана ақшамы») ие болды. Жарыс соңында «Астана ақшамы» газетiнiң бас редакторы Амантай Шәрiп жеңiмпаз командаларға кубок пен дипломдар, ал ойыншыларға Астана қаласының Туризм, дене тәрбиесi және спорт басқармасы атынан тағайындалған алтын, күмiс және қола медальдарды табыс еттi. Ғалым ҚОЖАБЕКОВ
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×