Жылдың үздік ұландары

22.12.2011, 19:54
Жылдың үздік ұландары
2011 жылдың тарих қойнауына енетін күні де жақындап келеді. Осыған орай, Қазақстан футбол федерациясы биылғы маусымды қорытындылауға кірісті. Әртүрлі номинация бойынша жылдың үздік футболшылары анықталып, жариялануда. Жыл үздіктері Қазақстан футбол федерациясы ішіндегі Ұлттық футбол лигасы дирекциясы барлық клубтардың бас бапкерлері арасында сауалнама жүргізіп, соның қорытындысын шығаруда. Жыл үздіктерін Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі жариялаған ретпен жазсақ: Жылдың үздік бас бапкері – Виктор Кумыков, «Шахтер» (Қарағанды) клубының бас бапкері. Анықтамалық дерек ретінде қосарымыз, Қарағанды клубы биыл тұңғыш рет ел чемпионы атанды. 1963 жылы 25 маусымда туған. Жылдың үздік жас ойыншысы – Сергей Хижниченко, «Шахтер» (Қарағанды) клубының шабуылшысы. Қазақстан футболындағы жас толқын өкілі. «Былғары доп – Кока-Кола» додасынан түлеп шыққан талант. Жас та болса, Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 14 ойын өткізіп, үш гол соқты. Допты аяқ талғамай, қос аяғымен де тебеді. Әуелеп ұшқан допқа таласуға шебер. Сондай-ақ қай шепке қойса да, сыр бермейтін әмбебап ойыншы. Биыл ел чемпионатында 16 гол соғып, сұрмергендер тізімінде екінші болды. 1991 жылы 17 шілдеде туған. Бойы – 187 см, салмағы – 81 келі. Жылдың жаңа есімі – Сергей Гридин, «Тобыл» (Қостанай) клубының шабуылшысы. 3 маусым күнгі Астанада Әзірбайжан құрамасымен болған ойыннан кейін «жұлдыз» болып оянған шабуылшы. Біраз жыл Қазақстандағы жалқы аяқдоп өнері мектебі болған «Цесна» балалар клубының бетке ұстар түлегі. Ұлттық құрамаға тигізіп жүрген пайдасы көп. Алғы шепте допқа жабысып, доп өзінде біраз ұстауға немесе командаластарының біріне бере қойып, шабуылды өрістетуге машық. Ұзын бойы мен алпамсадай денесінің арқасында қарсыластарымыздың қорғаушыларына тыным бермей, «таптап кетуге», жаншып өтуге бейім. 1987 жылы 20 мамырда туған. Бойы – 194 см, салмағы – 91 келі. Жылдың ең үздік ойыншысы – Ұлан Қонысбаев, «Шахтер» (Қарағанды) клубының қапталдағы жартылай қорғаушысы. Талай тарланның томағасын сыпырған Тараз футболының түлегі. Негізі, оң қапталда ойқастап, қарсыластарының зәре-құтын алып жүрген ойыншы. Бірақ сол қапталдан да алға ентелеп, кез келген команданың екі аяғын бір етікке тыға алады. Ұстараның жүзіндей лыпылдаған шапшаң ойыншы. Жылдамдығы да жоғары. Допты аяғына іліп алып, құстай ұша жөнеледі де, көз қырымен алаңды да бағамдай алады. Командаластарымен тізе қоса ойнауға шебер. Жүзі жылы, өңі жұмсақ болса да, соққысы қуатты-ақ. Түркия құрамасының қақпасына соққан голы талайларды тамсандырып, футбол жұлдыздарының өздерін сүйсіндірген. Ұлттық құрама сапында алты ойын өткізіп, бір гол соқты. 1989 жылы 28 мамырда туған. Бойы – 176 см, салмағы – 62 келі. Жағымды жаңалықтар Желтоқсан айының ортасында Қазақстан футбол федерациясы УЕФА-ның Төрешілер конвенциясына қабылданды. УЕФА-ның Төрешілер комитеті конвенциясы жөніндегі кеңесі Қазақстан футбол федерациясының қазылық ету бағытындағы жұмыстарына ырза болып һәм жоғары бағалап, осындай құрмет көрсетіп отырған көрінеді. Мұны Қазақстан футбол федерациясы өте жоғары жетістік ретінде бағалап отыр. Ендігі бір жағымды жаңалығымыз, алдағы 2012 жылдың 29 ақпанында Қазақстан ұлттық құрамасы Түркияда Латвия құрамасымен кездесіп, жолдастық кездесу өткізетін болды. Ақпан айында Қазақстан ұлттық құрамасы былтырғыдай түрік жерінде алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізбек. Осы жиын барысында Анталияда Латвия құрамасымен кездесіп, шама-шарқын бір пайымдап көретін болады. Жолдастық кездесу өткізу жөнінде екі елдің ұлттық федерацияларының Бас хатшылары, атап айтқанда, Саян Хамитжанов пен Янис Межекис сөз байласыпты. Латвия құрамасы осал қарсылас емес. 2012 жылғы Еуропа чемпионатының електік додасында «F» тобында өнер көрсетті. 10 ойын өткізіп, 11 ұпай еншіледі. Грузия және Мальта құрамаларынан жоғары, ал Грекия, Хорватия және Израиль футболшыларынан төмен орналасты. Дәл қазір ФИФА рейтингінде 68-орында тұр. Ал Қазақстан құрамасы – 138-орында... Бізден «екі есе» жоғары тұр деуге болады. P.S. Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында «Ақтөбе» футбол клубының капитаны, еліміздің маңдайалды футболшыларының бірі Самат Сымақов «Қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мұндай құрметке Сымақов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен облыс спортының дамуына өлшеусіз үлес қосқаны үшін ие болды. Автор: Нұрғазы САСАЕВ Мақалаға қатысты пікірлер: Нурлан (21.12.2011 22:53) Алға, кеншілер шаhарының аяқ доп шеберлері! Жылдың үздік бас бапкері, Жылдың үздік жас ойыншысы, Жылдың ең үздік ойыншысы бәрі-бәрі біздің спортшыларда...
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×