«Жылтырағанның бәрі алтын емес»

29.06.2011, 15:15
«Жылтырағанның бәрі алтын емес»
Ресей премьер-лигасында ойнайтын Шешенстан астанасы Грозныйдың «Терегі» алдына биік мақсат қойған ұжымдардың бірі. Беделді біріншіліктің белді командасына айналуы үшін оған ел басшылығы барлық жағдай жасап келеді. Биылғы футбол маусымы басталар тұста клуб тізгіні кезінде жасыл алаңның шаңын қаққан атақты Рууд Гуллитке сеніп тапсырылған еді. Алайда голландиялық маман команда басшылығы жүктеген сенім үдесінен шыға алмады. «Терек» жарыс басталғаннан-ақ маңызды ұпайлардан айырылып, турнир кестесінің төменгі бөлігіне орын тепті. Сол себепті, клуб жетекшілері онымен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзуға мәжбүр болды. Ол, әрине, Гуллитке ұнай қоймады және бапкер БАҚ өкілдері арқылы барлық кінәні басшыларға артуға ниеттенді. Бірақ клубтың шаруасына жауапты мамандар Грозныйға келіп, еркінсіп кеткен, жұмыстан гөрі өзге қызықтарға көбірек уақыт жұмсаған шетелдік бапкерді нақты дәлелдермен өз орнына қойды. Сәл кейінірек «Теректің» бас бапкері қызметін атқару Иса Байтиевке жүктелді. Команданың қыр-сырына жақсы қанық маманның бас болуымен «Терек» расымен тәуір ойнауға көшті. Гуллит кеткеннен бергі 3 кездесуде грозныйлықтар 7 ұпай еншіледі. Бұл өте жақсы көрсеткіш деуге толық негіз бар. Оның үстіне «Терек» соңғы турда азулы ұжымдардың бірі - «Зенитпен» сырт алаңда тең ойнады. Осыдан шығар ой - біздің елде де жақсысы бар, жаманы бар шетелдік бапкерлер жетеді. Өз мамандарымызға да көбірек мүмкіндік берейік. Олардың дені шетел асып келгендерден кем емес. Мәселен, бір ғана «Жетісуды» алайық. Асқар Қожабергенов пен Серік Әбдуғалиев басқаратын ұжым бүгінде ел біріншілігінде үздік үштіктен табылып келеді. Шалқар ЕСТЕН
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×