Зико футболдан Ирак құрамасының бас бапкері болып сайланды

29.08.2011, 21:50
Зико футболдан Ирак құрамасының  бас бапкері  болып сайланды
Мәскеулік ЦСКА-ның бұрынғы бапкері бразилиялық Зико футболдан Ирак құрамасының  бас бапкері  болып сайланды деп хабарлайды Goal.сom. 58-жасар Ақ Пеле атанған Бразилиялық танымал маман Ирак футбол қауымдастығымен бір жылдық келісім шартқа отырыпты. Зикоға жүктелген міндет аталмыш бапкердің Отанында өтетін 2014 жылғы әлем біріншілігіне жолдама алу. Ал, Ирак құрамасының жаңа бапкері өз командасын 2-қыркүйек күні 2014-жылғы әлем біріншілігінің  іріктеу кезеңінің үшінші айналымында  Иордания құрамасына қарсы бастап шығады. ЗИКО - даңқты футбол королі доп тебуді қойғалы, оның деңгейіне жақындап, лайықты ізбасары атанған бразилиялық футболшы. Шын аты-жөні – Артур Антунес Коимбра. 1953 жылдың 3 наурызында дүниеге келген. Бразилия ұлттық құрамасының сапында 82 ойын өткізіп, 68 гол соққан; 1978 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері, 1982 және 1986 жылғы доп додаларының қатысушысы, жалпы үш әлем чемпионатында 14 ойын өткізіп, 5 доп соққан; «Фламенго», Бразилия (1971-1983, 1985-1989), «Удинезе», Италия (1983-1985), «Сумимото», Жапония (1991-1993), «Касима Антлерс», Жапония (1993-1994) клубтарында өнер көрсеткен; Төрт дүркін Бразилия чемпионы (1980, 1982, 1983, 1987), Либертадорес және Құрлықаралық кубоктардың иегері (1981), Оңтүстік Американың үш дүркін үздік футболшысы (1977, 1981, 1982), «World soccer» версиясы бойынша әлемнің үздік футболшысы (1983), Италия чемпионатының үздік ойыншысы (1984); 1990-1991 жылдары Бразилияның спорт министрі болған. 2002-2006 жылдары Жапония ұлттық құрамасын, кейін бірнеше клубтарды жаттықтырды. Өзінің бапкерлік қызметін Зико 1995-жылы «Касима Антлерс» сапында бастады. Ал, 1998-жылы ол Марио Загаллоға Бразилия құрамасын жаттықтыруға көмегін тигізді. 2002-жылы Жапония құрамасының бапкері атанып, Азия-2004  кубогін жеңіп алды, 2006-жылғы әлем біріншілігінежолдама алуына да жәрдемдесті. Алайда бұл біріншілікте Жапондар өз топтарынан шыға алмады.  2006-2008 жылдар арасында  «Фенербахчені» басқарды. Зико баптаған жылдары «Фенербахче» клубы Түркия біріншілігі (2006/2007 ) мен ел суперкубогін (2007) жеңіп алды. Ал, 2009-жылдың 9-қаңтарында мәскеулік ЦСКА-мен келісім-шарт жасасты. Алғашқы жартыжылдықта ЦСКА екі титул иесі атанды: Ресей кубогі және суперкубогі. Бұдан 9 ай  өткен соң Зико мәскеулік клубты тыстап, «Олимпиакосты» баптады. Ал ең соңғы рет бразилиялық «Фламенгоның» атқарушы директоры болып жұмыс жасады.
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×