Туылған жылы:23.06.1972ж Марсель
Бойы: 185 см
Салмағы: 78 кг
Мемлекет: Франция
Алаңдағы орны: жартылай қорғаушы
Зидан 1972 жылы 23 маусымда Марсель қаласында дүниеге келген. Бала Зинедин Марсель маңындағы Ла-Кастельяна қалашығында доп теуіп жүргенде, ол бірнеше жылдан кейін Мадридтегі Ла-Кастельяна көшесінде орналасқан атақты «Сантяьго Бернабеуде» доп тебемін деп ойламаған да шығар. Бірақ, ол екінші Ла-Кастельянада доп тебу үшін 12 жылын сарп етті. Алжирлік эммигранттардың отбасынан шыққан жасөспірімнің ойнаған алғашқы клубтары «Сен Анри» және «Септемес» болды. 14 жасқа келгенде оны «Канның» скауттары байқап, ата-анасының рұқсатымен келісім-шартқа отырады. 16-ға толғанда команда бапкері Зиданды бірінші командаға ауыстырады. Ал келесі жылы ол Франция біріншілігінде топ жарып, көпшіліктің көзіне жарқ етіп түседі. Сол уақытта «Канн» футбол клубынан жоғары тұрған «Бордо» Зиданды өздерінің қосындарына қосып, қазіргі таңдағы біз білетін Зинедин Зиданды барша әлемге танымал еткізіп жібереді. Өзінің алаңдағы еркін қимылы мен керемет пастарынан кейін жас талант бұл клубта да көп тұрақтамайды. 1996 жылы сол кездері дүркіреп тұрған «Ювентус» Зиданды қомақты ақшаға сатып алады. Итальяндық клубқа ауысқаннан кейін Зекеңнің үстелінде Әлем Кубогі мен Еуропа Кубогі, Скудетто, Италия суперкубогі мен Құрлықаралық Кубоктері жиналып, нұр үстіне нұр жауады. Алжирлік «француздың» үстелінде тек бір ғана кубок жетіспей тұрды. Ол әрине Чемпиондар Лигасының кубогі еді. Оны тек кейіннен «Реалдың» сапында жүріп иеленген болатын. Мадридтік «Реалда» өткізген бірінші маусымында-ақ сол кубокқа қол жеткізеді. Бұл 2001 жылдың 9 маусымы еді.
Жалпы Зиданды білмейтін футболсүйер қауым жоқ шығар. Осыдан 10 жыл бұрын әлемнің түкпір-түкпіріндегі жас бозбалалар бразилиялық Роналдоның 9 нөмірі мен Зиданның 10 нөмірін кигенін өзіміз де талай көрдік.
Қарап отырсақ, Зидан футбол ғұмырында барлық жетістіктерге жетті. Бірақ, сол футбол карьерасын қалай аяқтағанын еске түсіріп көрейікші. Германиядағы 2006 жылғы ӘЧ-ның финалдық кездесуі. Италия-Франция! Кәрі тарландардың қайта қауышуы. Зидан мен Матерацидың теке-тіресі... Зиданның Матерациды баспен соғып, алаңнан қуылуы. Қандай өкінішті сәттер. Ал содан кейін... Француздардың ащы жеңілісі мен итальяндықтардың қуанышы! Сол кезде Зидан алаңнан қуылмағанда не болар еді? Бәлкім командасының жеңіске жетуіне көмектесетін ба еді? Кім білсін..
Руслан БАҚЫТЖАН