Франциялық аңыз бапкерлікке қайта оралу туралы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Aladop.kz. Ол 2021 жылдың мамырында "Реал Мадридтен" екінші рет кеткеннен бері ресми түрде жұмыссыз жүр.
Сол уақыттан бері Зидан Англия, Түркия және Франция клубтарымен, соның ішінде "Манчестер Юнайтед", "Челси", "Марсель" және "Фенербахче" командаларын баптауы мүмкін деген сыбыстар айтылып келеді. Алайда ол осы уақытқа дейін ұсыныстардың ешқайсысын қабылдамаған.
2022 жылы Зидан жақын арада Англия клубтарын жаттықтыру туралы ойы жоқ екенін, себебі Ағылшын тілін жетік білмейтінін айтқан еді. Сондықтан Премьер лигада жұмыс істеу жоспары кейінге шегерілген.
Зиданды ұзақ жылдар бойы Франция құрамасының бас бапкері қызметіне негізгі кандидат ретінде атайды. Қазіргі бас жаттықтырушы Дидье Дешам 2014 жылдан бері бұл қызметті атқарып келеді, алайда 2026 жылғы әлем чемпионатынан кейін орнын босататынын мәлімдеген.
Marca басылымының мәліметінше, Зидан бапкерлікке оралса, тек екі нұсқаны қарастыруы мүмкін – Франция құрамасы немесе "Реал Мадрид", онда ол үшінші рет жұмыс істеуі мүмкін.
Кей сарапшылар Зидан қайтадан бапкерлікке келмеуі мүмкін деп күмәнданған еді. Бірақ ол қайырымдылық матчына қатысу қарсаңында бұл мәселені нақтылап, бапкер ретінде міндетті түрде оралатынын айтты.
"Бұл болады. Өте жақында." – деді Зидан.
Ол нақты қай команданы жаттықтыратынын ашып айтпаса да, өткен айда Trento Sports Festival шарасында Франция құрамасын басқару – оның арманы екенін атап өткен.
Зидан сондай-ақ болашақта "Ювентусты” жаттықтыру мүмкіндігіне де тоқталды. Ол 1996–2001 жылдары Туриндік клубтың намысын қорғаған.
"Бір күні Франция құрамасын жаттықтырғым келеді. Бапкерлікке міндетті түрде ораламын. Ювентус? Неліктен болмағанын білмеймін. Бұл клубты әрдайым жүрегімде сақтаймын – ол маған көп нәрсе берді." – деді ол.