темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

«Атлетиконың» сырт алаңдағы жеңісі және «Этихадтағы» драма

Араға бір апта салып, футбол жанкүйерлерінің қуанышына орай чемпиондар лигасы қайта оралды. Көпшілік күткендей, 1/8 финалының алғашқы ойындары тартысты өтті. Қызықты өткен бұл кезеңнің матчтары голға сараң болмады. Екі кездесуде 14 рет қақпашылар өз торларынан доп алуға мәжбүр болды. «Этихадта»  Францияның ішкі чемпионатында көш бастап келе жатқан «Монаконы» қабылдаған  Гвардиола шәкірттері, 5:3 есебімен басым түсті. Ал  Леверкузенде сенсациялық есеп тіркелмей, жергілікті «Байерден» мықты екенін мадридтік «Атлетико» тағы бір мәрте дәлелдеді. Есеп 2:4.

Назарларыңызға өткен ойындарға қысқаша шолуымызды ұсынамыз.Осыдан екі жыл бұрын, 2014/2015 жылғы маусымда кездескен қос команда екі кездесудің қорытындысы бойынша жеңімпазды анықтай алмай, пенальти сериясына дейін жеткізген еді. Сол кезде мадридтік «Атлетиконың» жанкүйіерлерінің қуанышына орай, испандықтар келесі кезеңге өткен болатын. Ал енді араға екі жыл салып, тағы да бір біріне қарсылас атанған командалардың қайсысы келесі кезеңге өтетіні бірінші ойынның нәтижесінен кейін ақ белгілі болған секілді. Олай деуіміз қонақта екі доп айырмасымен жеңген мадридтіктерге өз алаңында тең ойын да жеткілікті. Кездесу басталысымен ақ ойын тізгінін өз қолдарына алған қонақтар, 17-ші минутта есеп ашты. Сол қанаттан сытылып өткен Саульдің тоғыздыққа бағыттаған добына қақпашы дайын болмай шықты. Шабуылдарын үдете түскен Симеоне шәкірттері, бапкер сенімін ақтап, есепті еселей түсті. Соққан голын бимен тойлайтын Гризманн, бұл жолы да өз әдетінен еш жаңылыспады. Бірінші тайм қонақтардың басымдылығымен аяқталды. Екінші кезеңде алаңға жиналған жергілікті жанкүйерлерінің алдында намысқа тырысқан «фармацевтер» есеп айырмасын бір голға дейін қысқартты. Голдың авторы Бельараби атанды. Артынан 11 метрлік айып добын мүлтіксіз орындаған Гамейро есепті өз командасының пайдасына 3:1-ге жеткізді. Кездесудің 68-ші минутында автогол тіркелді. Алаң иелерінің кезекті шабуылынан кейін қақпашының қайтарған добы қорғаушы Савичке тиіп, қақпа сызыған асып өтті. Қателігін жөндеуге тырысқан Савич ойынға тыңнан қосылған тәжірибелі Торреске нәтижелі пас шығарды. Өз кезегінде Эль Ниньо бұл мүмкіндігін мүлт жібермей, командасына жеңіс сыйлады.  Қарымта ойын Испанияның астанасы Мадрид қаласында  «Висенте Кальдерон» алаңында наурыздың 15-ші жұлдызында өтеді.

Футбол мамандары мен сарапшылар Манчестерде өткен ойында айқын фаворит ретінде алаң иелерін санаған еді. Алайда, топтық кезеңнен бірінші орынмен шыққандарын кездейсоқтық емес екенін дәлелдеген француздар, Агуэро бастап, Стерлинг қостаған манчестерлік ұжымға лайықты қарсылас бола білді. Үздіксіз шабуылдай берген алаң иелері, дегендеріне жетіп, бірінші болып есеп ашты. Оң қапталдан басталған шабуылды Стерлинг нәтижелі түйіндеді. Артынша есепті теңестіруге ұмтылған қонақтар, бір емес екі гол соғып, ойын тізгінін өз қолдарына алды. Фалькао есепті теңестірсе, футбол мамандары «екінші Анри» деп ат қойған талантты жас шабуылшы Мбаппе, бірінші тайм аяқталар сәтте көзге түсіп, командасын алға сүйреді.  Ойынның екінші бөлігінде, алаңға жиылған жанкүйерлерінен жігер алған «қалалықтар», Агуэроның көмегімен кездесудің терезесін тең қылды. Артынша 11 метрлік айып добынан гол салатын тамаша мүмкіндікті мүлт жібергені үшін, өзін айыпты сезінген Радамель Фалькао кездесудің 61-ші минутында әдемі гол соғып, қатесін түзеді. Араға он минут салып, бұрыштамадан Сильваның асырған добын, голға айналдыра білген Агуэро, дубль авторы атанды. Есеп 3:3. Егер өз алаңында кездесу осылай аяқталатын болса, Монакода өтетін қарымта ойында жағдайлары қиын болатынын ескерген Гвардиола шәкірттері, тайлы тұяғымен шабуылға көшті. Алаң иелерінің шабуылдары өз нәтижесін бере бастады. Енді, оң жақтағы бұрыштамадан Де Брюйненің әулете асырған добына бірінші жеткен Стоунз қақпа торын тулатып, командасын жеңіске жетеледі. Ары қарай ойынның 82-ші минутында немістің жас шабуылшысы Сане чемпиондар лигасы аясындағы дебюттық голын салып, осы ойынның нүктесін қойды. Осылайша бұл кездесу, чемпиондар лигасында плей-офф кезеңінің ең көп гол соғылған алғашқы матч ретінде тарихта қалды. Екі доп айырмасымен қарымта ойынға аттанатын «Манчестер сити», осы қарқынын сақтап, «Монакодан» айласын асыра ала ма екен?! Әлде Жардим шәкірттері жеңіске деген жігер танытып азулы қарсыластарын қапы қалдыра ма екен?! Оны 15-ші наурызда Монакода   «Луи ІІ» стадионында өтетін ойынның қорытындысынан кейін білетін боламыз.

 

Руслан МЕРАЛИЕВ

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.