темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

Еурокубок. Төртеу түгел болмады

Әлем чемпионаты біте берген тұста қазақстандық клубтар еурокубок жорықтарын бастады. Ел чемпионы «Астана» чемпиондар лигасында бақ сынаса, «Тобыл», «Қайрат», «Ертіс» секілді клубтарымыз Еуропа лигасындағы ойындарын өткізді. Алғашқы айналымның өзінде бір клубымыз сүрініп қалып, келесі кезеңге шыға алмады. Павлодарлық «Ертістің» сәтсіздігі өзге клубтарымызға сабақ болса игі.

«Астана» алғашқы ойынды «Астана Аренада» өткізді. Черногория чемпионы «Сутьеска» аса қатты қауқар көрсете алмады. Елордалықтар бірнеше гол соғып тастайтын мүмкіндігі болды. Алайда есеп 1:0 болып қала берді. Жалғыз голды Роман Мұртазаев 11 метрлік айып добынан соқты. Сырттағы матчта астаналықтар тіпті керемет ойнады. Қарсыластың адымын аштырмай, алаң иелерінің айласынан еш қорықпады. Тіпті сырт елде жүрміз деген ой да болмады. Джордже Деспотович пен Серікжан Мұжықовтың қос голы Роман Григорчук шәкірттеріне сенімді жеңіс сыйлады. Енді «Астана» Дания чемпионы «Митьюлландпен» кездеседі. Алғашқы ойын тағы да елордада, 24-шілде күні өтеді.

Екінші кезеңдегі қарсылас осы жұптың фавориті саналып тұрғаны рас. Дегенмен «Астана» командасы дайындықтан құр алақан емес. Команда өткен жылы еурокубокте атой салған шабуылшы Джуниор Кабананганы қайта шақырды. Сонымен қоса, Бельгиядағы «Гент» клубында ойнаған сұрмерген шабуылшы Рангело Янганы да сатып алды.

Кюросао құрамасының шабуылшысы ғаламтордағы мәліметтерге қарасақ, екі ойынның бірінде гол соғып жүрген шабуылшы екен. Демек, алдағы ойындарда бұл футболшы Қазақстан чемпионына әжептәуір көмектесуі мүмкін. Оған дейін командаға әзірбайжандық Ричард Альмейда да алынып еді. Ал қорғаныс шебіне Сербия құрамасының қорғаушысы Антонио Рукавина шақыртылды. Сонымен осы жазғы трансферлік ауысым кезінде «Астана» 4 бірдей өз елдерінің құрамасында өнер көрсететін футболшылармен толықты. Тек бір олқы тұсы Патрик Твумаси «Астанадан» «Алавес» сапына ауысып кетті. Дегенмен, командада оның орнын жоқтатпайтын жігіттер баршылық.

Алматылық «Қайрат» жеребенің сәтті түсуінің арқасында алғашқы айналымда аса қатты теперіш көре қоймады. Андорра елінің клубы «Энгордани» қазақстандық клубтың қақпасына бір гол соққанына риза болды. Әйтпесе қақпасына 2 ойында 10 доп жіберді. Карлос Алостың командасына екінші кезеңде қиын қарсылас тап болып тұр. Нидерландының «АЗ» командасы кез-келгеннің апшысын қуыра алатын ұжым. Кезінде бұл клуб «Ақтөбені» жарыстан шығарып жіберген. Голландиялықтар бұл жолы да аса қатты осал емес. Дегенмен, бұл сатыда өнер көрсететін командалардың деңгейі шамалас келеді. Сондықтан да, алматылықтарға мүмкіндік мүлде жоқ деп айтуға болмайды. Оның үстіне алматылықтар Мартон Эппель есімді епті шабуылшыны сатып алды. Венгриялық футболшы келе салып екі ойында 5 гол соқты. Алматыда өткен жауапты матчта покер жасады. Демек, «Қайрат» та еурокубок алдында әжептеуір күшейіп алды деген сөз. Алғашқы ойын Алматы қаласында, 26-шілде күні өтеді.


Павлодардың «Ертісі» қолда тұрған жолдамадан айырылды. Алғашқы кезеңде олар Литваның «Тракай» деген клубына қарсылас атанды. Сырттағы ойынның 85-минутында қазақстандық клуб гол соғуы тиіс еді. Алайда, жартылай қорғаушы Сергей Кисляк пенальтиді голға айналдыра алмады. Есесіне, Павлодарда өткен матчта қонақтар есеп ашып, алға шықты. Өз алаңында жүріп қарсыласқа бір доп соға алмаған «Ертіс» жарыстан ерте шығып қалды. Әйтпегенде, келесі кезеңде сербияның «Партизан» клубымен кездескелі тұр еді.


Қайта қостанайлық «Тобыл» ерлеп тұр. «Ордабасының» орнына Еуропа лигасына қатысып кеткен бұл команда сенімді ақтады. Грузияға барып «Самтредия» клубын 1:0 жеңді. Максим Федин матч соңында жеңісті жұлып әкетті. Әрбір жеңіс Қазақстанның клубтық рейтингісіне әсер ететінін ескерсек, бұл оңай олжа емес. Қарымта ойында да қостанайлықтар білгенінен жаңылмады. Бауыржан Тұрысбек пен Аслан Дарабаевтар дараланып, 2 гол соқты. «Тобыл» оп-оңай келесі кезеңге өтті. Енді Владимир Никитенконың шәкірттері арменияның «Пюннигімен» кездеседі.

Бауыржан Тұрысбек «Самтредия» қақпасын дәл көздеген соң

Алғашқы матч Қостанайда, 26-шілде күні өтпек. Айта кетейік, «Пюнник» алғашқы айналымда «Тобылдың» нәтижесін айна-қатесіз қайталап берді. Тіпті өз алаңында 1:0, сыртта македонияның «Вардарын» 2:0 жеңді. Сондықтан да, «Пюнникті» де осал ұжым деп айтуға болмас. Дегенмен, букмекерлік кеңселер келесі кезеңге «Тобыл» өтуі тиіс деп санайды.

Ермұхамед МӘУЛЕН

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.