темы WordPress скачать; блог программистов; русский WordPress на wp-docs.ru.

Одақты дүркіреткен «Шалқар» еді…

Мен сіздерге бір қызық айтайын. Әңгіме қазақтың ең бір жанды жері футбол хақында. Сіздерді қызықтыратыны сөзсіз. Себебі, осы бір спорт түрінен ала алмай         жүрген еншіміздің бар екенін барлықтарыңыз білесіздер.  Аяқдопшыларымыз жасыл алаңға шыққанда жанарымызбен жер шұқығанбыз талай мәрте. Кешегі Әзірбайжанмен болған жеңісті қашанғы жетістік деп бағалаймыз. Жеңіс дегеніне көрі жанкүйерлер тілегінің жемісі дегеніміз дұрыс шығар. Еуропа іріктеу аясында өткен ол кездесу тарих қойнауына кетті. Алда әлі талай кездесулер мен футбол ойындары күтіп тұр. Айтпағымыз бұл емес. Тарих қойнауынан сыр шертсек па дейміз. Еңсесі түскен қазақ футболының өткенін қазбалап, ой таразысына салып жасыл алаңға телміргендер мен ала допты ермек еткен футболшыларға ой салсақ па деген ой. Тыңдар құлақ болса, айтылар сөзге құлақ сал.

Футболдың қазақ жеріне келуін 1913 жылдары деп топшылар жүр қазақ елі. Заңғар жазушы М. Әуезовтың доп тепкенін жанкүйер қауым аңыз етеді әлі күнге. Расында екі жылы кем бір ғасыр болыпты. Демек қазақ жеріне домалақ доптың келгеніне бір ғасыр. Ойдан ой туады, бокстың дәнін еккен Шоқыр Бөлтекұлы екенін бәрі біледі. Шоқырдың шекпенінен шыққандар қазақ елінің абыройын асқақтатып жүр бүгінде. Аңызға бергісіз жеңістердің куәсі ­­–  қалың ел. Ал футболда ше? Бәрі керсінше. Бес ойындағы бір жеңіске қуанамыз. Шөліркеген жанкүйер мұны да жетістік деп бағалауда. Айыз қандырар футбол ойынын көру қазақ жанкүйерлерінің маңдайына жазбаған ба деп қаласын кейде. Орыс баспасөзінде «қазақ баласы доп тебуге дәрменсіз» деген пікірді естіп те, көріп те жүрміз. Сол сөздің қате айтылғанына бір дәлел!

Алпысыншы жылдары «Қайраттың» футбол клубының қарқынын, Т. Сегізбаевтың жасыл алаң төрінде атой салғанын ел ұмытқан жоқ. Жайлаудағы қойшыдан, бірінші хатшыға дейін қара жәшіктің құлағын бұрап тың тыңдады. «Қайраттың» ойынын көзімен көрмегендерді айтамыз да. Алматыдағы Орталық стадионда ұлттың намысын ту еткен отыз мыңнан аса жанкүйер «Қайрат» жеңсе қуанып, жеңілсе жылады. Ұлтсыздану жолында құрбандыққа шалынған қазақ халқының жалғыз алданышы «Қайрат» футбол клубы болатын. Жалпы сол заман қазақ баласының спортқа бет бұрып қанатымен су сепкен қарлығаштай, жеңістерге барар жолды жаңылмай тауып жүрген кезі. Жанкүйер қауымның желпініп спортшыларды аңыз етіп әңгімеге, өлең етіп жырға қосқан уақыты. Осылардың жалғасы түкпірдегі Созақ ауданындағы «Шалқар» футбол командасы десем сенесіздер ме? Сөзіміз нақты болу үшін команда капитаны Аманғали Аймұрзаевтың өз аузынан естісек. «1967 жылға дейін көше футболын ойнап келдік. «Жабайы» футбол. Ала допты алдымызға салып алып жиырма бала күні бойы жүгіреміз. Көшемен көше, сыныппен сынып кездесіп доп тебеміз. Кішігірім чемпионатқа бергісіз. Футболдың әдіс тәсілін үйреткен ешкім жоқ. Бастысы доп аяққа тисе, қарсылас қақпаға гол салсақ соған мәз болатынбыз. Тек сол жылы мектепке денешынықтыру пәнінің мұғалімі Таужан Батыров келіп өмірімізді күрт өзгертті. Жалпы сол кезде Созақ спортындағы елеулі оқиға болған «Шалқар» футбол командасының қалыптасуына жеңісті жолды жалғастыруына, алаң сыртындағы үш тұлғаны атамай кеткеніміз қиянат болар. Олар сол кездегі аудандық спорт және физкультура комитетінің төрағасы Оралбай Дәуленбаев, «Шалқар» футбол командасы жасақталып шыққан Ы.Алтынсарин мектебінің директоры Сейілбек Наурызбаев, және денешынықтыру пәнінің мұғалімі Таужан Батыров болатын. Сонымен 1967 жылдың көктемінде құрылған футбол командасы жаз айларында болған Шымкент қаласындағы облыстық жарысқа тұңғыш қатысқанына қарамай екінші орын алады. Бар болғаны екі үш ай командалық доп тебуді үйренген футболшылардың нәтижесін қарай беріңіз. Финалда республика чемпионатында жүлде сұрап жүрген Шымкент қаласының «Металлург» командасын ғана алға жібереді. Араға бір жыл салып «Былғары доп» жүлдесінде қарсы келген барлық қарсыластарын бас көтертпей жеңіп облыс жеңімпазы атандық. Осы жерде ескерте кететін жағдай «Былғары доптан» өткен республикалық, Бүкілодақтық жарысқа облыста бірінші орын алған негізгі құрамды алып бара алмадық. Қанша жерден облыс жеңімпазы болсақ та, облыстық комсомол комитетінің жауапты қызметкері Республикалық финалға тек Шымкент қаласының командасы қатысады деген болатын. Осы сөзді естіген командадағы әріптестер жаз айларында жайлаудағы туыстарына, бірі оқушылардың «Артек» пионер лагеріне кетіп қалған. Өзі де спортшы Таужан Батыров ағайымыз қол добынан Республика құрамасының сапында Прибалтикада өтетін жарыста жүрген болатын.

…Алаңсыз ауылда жүргенімізде, облыстық балалар спорт мектебінің қызметкері Н.Казанков, аудандық комсомол комитетінің қызметкері Б. Шараповтар  мені тауып алып,  Петропавловскі қаласында өтетін Республикалық жарысқа «Шалқар» командасының қатысатынын айтқан қуанышты хабарды жеткізді, команда капитаны ретінде тез арада команданы дайындауды маған тапсырды. Ауылда қалған  жігіттермен он күн жаттығу жүргіздік. Шымкент қаласында жеделхатпен арнайы шақыртылған Т. Батыров қосылды. Айта кету керек, ірі қалалардан келген 17 команда келсе, шалғай ауылдан келген 18-команда біз болдық. Қарсыластардың менсінбей қарайтыны емеурінінен білініп тұрды. Дегенмен жарыс барысында қарсы келгенді жеңіп топтан озып шықтық. Таң қалмаған адам жоқ. Себебі ауыл футбол командасының шамасы белгілі, топтан аса алмайды деген болатын мамандар. Сонымен 1-3 орын арасындағы жүлделі орынды Жамбыл және Шығыс Қазақстан облысының Зыряновск қаласынан келген командалармен сарапқа салдық. Жамбылдықтарды 2:1, зыряновскіліктерді 2:0 есебімен жеңдік. Ауылдан шыққан жалаң аяқ балалар осылайша «Былғары доптан» Республика чемпионы болдық.

Жеңісті жолымыз мұнымен де бітпес пе еді «әттең». Тарих парақтарын ақтарар болсақ Арменияның астанасы Ереванда «Былғары доптан» Бүкілодақтық жарыс болғанын білесіздер. Әр республикадан үздік шыққан командалар барады онда. Ел намысын қорғауға Қазақстандағы теңдессіз команда біздің «Шалқар» командасы баратын болды. Бірақ, белгісіз себептермен бардық жарысқа. Кешігіп келген біздерге екі ойынға жеңіліс жазып қойыпты. Өзекті өкініш биледі. Күресерге дәрмен жоқ. Кімді кінәларыңды білмейсің. Пойыздан түскен соң дәл жарты сағаттан соң Дағыстан командасымен шықтық алаң төріне. Жолдан шаршап келгенімізге қарамай 3:1 есебімен жеңдік. Одан соңы қарсыластарымыз алаң қожайыны Одақ көлемінде ойнақ салып жүрген атақты «Арарат» футбол командасының қосалқы құрамынан 3:0 болып ұтылдық. Соңғы ойынымыз Латвия құрама командасымен тең ойнадық. Әрине, алғашқы екі ойындағы жеңілістің нәтижесінен 13-14 орындарды бөлістік. Одақтың 24 командасының арасынан көрсеткен нәтижеміз осы болды. Сол кезде жолдан кешігіп келмегенде, команда сапында негізгі ойыншылар болғанда, әлдеқандай заман болар ма еді?» – дейді, «Шалқар» футбол командасы сапында доп тепкен ағамыз. Сол жарыста техникалық шеберлігімен, дене әлеуетімен көзге түскен кейіпкер ағамыз «Ең таңдаулы ойыншы» атағына ие болған еді. Ереван төрінде атой салған жас футболшылар З.Бәкіров, М, Мейіров, Қ. Жұмақов, А, Қуатбеков, Т. Құдияров, А. Омаров, С. Төлбасиев, Е. Тұрғынбаев, Б. Смағұлов, Б.Омаров, Ә. Қ.Омаровтар болатын.

Мұнан шығатын қортынды қазақ баласы доп тебе алмайды деген пікірдің қасаңдығы. Қазақ баласының доптан да алар еншісінің бар екендігі. Ақылға салып қарасаңыз алпысыншы жылдары ешқандай спортқа арналған ғимараты жоқ, тіпті спорттық жабдықтары болмаған, алты айы қыс, алты айы жаз Созақ ауданынан шыққан көше футболының балалары Одақ көлемінде ойнақ салды дегеніңізге кім сенеді. Мархаббат оқыңыз да, қалың ойдың жетегіне кете беріңіз. Маған кәміл сеніңіз аузын айға білеген Еуропаның футбол жастары да дәл мұндай ерлікті қайталамас еді. Дәл мұндай ерлікті Бразилия елінен іздегеніңіз дұрыс болар. Айтайын дегенім қазақ футболының көсегесі ауыл спортына, ауыл футболына мән бермей ешқашан көтерілмейді. Болашақ футбол жұлдыздарын ауыл маңындағы сазда, жалаң аяқ доп тепкен қарадомалақтан іздегеніміз дұрыс болар. Осыған жоғарыда келтірген мысалымыз дәлел. «Шалқар» футбол командасын білгіңіз келсе, Созаққа келіңіз, алпысыншы жылдардағы Одақтың, Республиканың баспасөзін ақтарып қараңыз. Болмаса Сәуірбек Бақбергеновтың «Он үшінші ойыншы» деп аталатын кітабын бір оқып шықсаңыз бәріне көз жеткізесіз. Созақта осындай да футбол командасы болған!

Ерлан РАЙЫМҚҰЛОВ

Созақ ауданы,

Оңтүстік Қазақстан облысы.

СІЗ пікір қалдыра аласыз, .

1 комментарий к записи “Одақты дүркіреткен «Шалқар» еді…”

  1. Алматы:

    Жаксы макала екен. Шынымен алыстағы ауылдан Одақты дүркірететін команда шықты дегенге кім сенеді. Осының өзі ақ қазақ балалары доп тебе алмайды деген сөзің өтірік екенін білірмей ме? Елімізде тағы Шалқар сияқты таы қандай командалар болды екен а? Жазыңыздаршы тағы да.


Оставить комментарий

*

Программы для Windows, лучшие CMS, шаблоны Фотошоп.