"АЛАҢ" - футбол индустриясын өркендететін жоба

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
25.03.2024, 18:47

Қазақстанды Грекияға жығып берген футболдағы жемқорлық, тозған алаңдар мен жалпы инфрақұрылымның нашарлығы деп дүрліктік. Инфрақұрылым жалғыз бізде емес, жалпы біраз мемлекеттің бас ауыруы болып тұрған мәселе ғой. Қазақстанда бұл тұрғыда түйткілді мәселелердің бары рас. Оны ешкім жоққа шығармайды. Бірақ, футбол инфрақұрылымын оңалтудағы оңды өзгерістердің де барын айтқымыз келеді. Соның бірі – «Алаң» жобасы.

"АЛАҢ" - футбол индустриясын өркендететін жоба

Қазақстанның 4 аймағында футбол алаңдары күрделі жөндеуден өткізілді

Қазақстан Футбол федерациясының басшылығымен қолға алынған «Алаң» бағдарламасы біздің елімізде былтырдан бастап іске асырылуда. Қазақстанның футбол индустриясын дамытуды көздейтін бұл бастаманың берері мол. Қазақстан Футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұловтың ұйытқы болуымен іске асырылып жатқан жоба кезең-кезеңімен іске асырылып, өзінің жемісін беруде. Сөзімізге дәлел – Қазақстанның 4 аймағындағы футбол алаңдары күрделі жөндеуден өтіп, ел игілігіне берілген. «Алаңның» арқасында Алматы, Шымкент, Ақтөбе мен Жетісу облысындағы Балпық би ауылындағы футбол алаңы толықтай жаңарды. Осы істің басы-қасында Федерация президентінің өзі жүріп, жұмыстың сапалы болуын жіті қадағалағанын айта кету керек. Себебі, спорт кешендерінің бұқаралық спортты, оның ішінде футболды өркендетудегі маңызы айрықша саналады. Бұрын соңды Қазақстанда мұндай ауқымды жоба болған емес. Болса да қазіргідей нәтиже бермегені анық. «Алаң" жобасы биылғы жылы біраз шаруаны сәтімен іске асыруды жоспарға алған. Соларға тоқталып өтсек. Бағдарламаның аясында биыл Қазақстанның 9 аймағындағы футбол алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіпті. Отандық футбол индустриясын түп-тамырынан бастап дамытуды ойлаған жоба - Қарағанды, Павлодар, ШҚО, Абай, Жамбыл, Қызылорда, Атырау және Ақмола облыстарындағы тозығы жеткен спорт кешендерін жаңғыртып, сондағы ағайынның игілігіне бермек. Сондай-ақ, ауқымды жоба аясында келер жылы Қазақстанның тағы жеті облысының спорт кешендеріне жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.       

Мақсат - сан емес, сапа 

Афинадағы матчтағы сәтсіздіктің бір себебін, көпшілік Қазақстандағы футбол алаңдарының сын көтермейтіндігімен байланыстырған. Балалар мен жасөспірімдер футболының өсіп-өркендеуі үшін әрине ең алдымен сапалы алаң қажет. Ал «Алаң" жобасы сәтімен іске асса бұл олқылықтың да орны толып қалар. Жоба қазақ баласына заманауи алаңда доп тебу үшін қолайлы жағдай жасауды көздейді. «Алаңның» басты мақсаты да осымен байланысты. Себебі, бағдарлама еліміздің мегаполистерін емес, барынша аудан-ауылдар мен шалғайдағы елді-мекендерді қамтуды қарастырады. Ал мұндағы ең ұнаған тұсы - алыстағы ауылда орналасқан футбол алаңын озық үлгідегі технологиялардың көмегімен жаңартуы. Басшылыққа сан емес, сапа алынған жерде нәтиженің болатыны заңдылық. Осы мақсатта, «Алаң» жобасы әлемдегі үздік компаниялармен бірлесе жұмыс істеуде. Қазақстан Футбол федерациясы елдегі спорттық инфрақұрылымды құруда ең озық технологияларды пайдалана отырып, балалар мен жасөспірімдер футболын жаңғыртуға талпынады.  

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×