Насыров: “Егер мүмкіндік болса, тарихи отанымның намысын қорғау үшін барын салар едім”

11.03.2024, 20:17

“Тюмень” ФК ойыншысы Исламжан Насыров Аладоп.кз тілшісі Мұхаммедқали Көбеевке сұқбат берді.

Насыров: “Егер мүмкіндік болса, тарихи отанымның намысын қорғау үшін барын салар едім”

Қазақстан құрамасында өнер көрсетемін деп қай уақытта нақты шешім қабылдадыңыз? 

  • Ұлттық құрамада өнер көрсету бұрыннан бері ойымда келеді. Мен “Урал” командасына жаңадан ауысқан кезде Қазақстан құрамасы маған қызығушылық білдіріп жатыр деген ақпараттар тараған болатын. Алайда бұл тек қауөсет күйінде қалды. Шынына келгенде, ешкім маған ұлттық командадан ұсыныс жасаған жоқ. Мүмкіндік туса, тарихи отанымның намысын қорғау үшін барын салар едім. Мәселен, Челябі тумасы - Марат Быстров менің отанымнан 500 шақырым жерде тұрған еді. Ал қазірде ол Қазақстанның негізгі ойыншыларының біріне айналды.

Ұлттық құраманың ойындарын қай кезеңнен бастап тамашалап келесіз? 

  • Қазақстанның ойынын үзбей көремін деп айта алмаймын. Бірақ матчтың қорытынды нәтижелерін үнемі бақылап отырамын. Қаным мен туыстарым қазақ болғандықтан, маған құрама ойындары қызық. 

Қазақстан командасынан қай ойыншыларды ерекше бөліп айтар едіңіз?

  • Ойланбастан Зайнутдинов, Әліп және соққысы керемет Тағыбергенді бөліп айтар едім. 

2021 жылы “Тұран” командасының құрамын толықтыратын мүмкіндігіңіз болған. Бірақ трансфер бел ортасында үзілді. Келіссөздердің нәтиже бермеуіне не себеп? 

  • Сол сәттері мен “Тұранның” ұсынысын кері қайтардым. Ресейде қала беруді өзім үшін дұрыс деп санадым. Қателеспесем, “Тұран” сол маусымнан кейін Премьер-лигадан ұшып кетті. ҚПЛ турнирлік кестесінің төменінде орналасқан командалар ФНЛ ұжымдарынан мықты деп айтуға келмес. Қазақстанда жоғарғы деңгейде 5-6 команда ғана өнер көрсетеді. 

21 наурыз күні Ұлттар Лигасының плей-офф кезеңінде Қазақстан Грекия қарсы ойын өткізеді. Магомед Адиев шәкірттерінің аталған ойында жеңімпаз атануға мүмкіндігі бар ма, болжамыңыз? 

  • Әрине, мүмкіндік әр кезде болады. Команда аталған ойынға жақсы дайындықпен келсе, онда барлығы дұрыс болатынына сенімдімін. Соңына дейін қолдау білдіреміз!

Ел құрамасына айтар ізгі-тілегіңіз бар ма?

  • Құрамаға тілерім тек жеңіс пен сәттілік!

Болашақ жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз?

  • Қазіргі сәтте мен “Тюмень” командасының жоғарылап, элиталы дивизионға көтерілуіне басты себепкер болғым келеді. Ең бастысы сол мақсатымда командаға керек екенімді түсінсем болғаны. 

Сұқбат үшін көп рақмет! Сәттілік, Сау болыңыз!

  • Рақмет, Сау болыңыз!
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 15
Ұнамайды 1
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×