Нұралы Әліп «Зениттің» қорғаныстағы басты үміті

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
29.02.2024, 09:45

Әліптің клубтық мансабында қазір ең жауапты кезең. Қазақстандық қорғаушы кәсібилігі мен еңбегінің арқасында «Зениттің» негізгі құрамына ілінді. Бас бапкер Сергей Семактың сеніміне кірді. Былтыр күзден бері Әліп ресейлік топ-клубтың негізгі орталық қорғаушысы саналады. Қазақстандық футболшы сол кезден бері РПЛ-дің 16 және Ресей Кубогінің 7 матчына қатысыпты. Ал ең бастысы, Нұралы бұл ойындардың 80 пайызында алаңға негізгі құрамда шығып отырған. Бірақ, «Зениттегі» алғашқы айлары ойдағыдай болған жоқ. «Қайраттан» ауысып барғанда қазақстандық қорғаушыны ешкім құшақ жайып қарсы ала қоймады. Мысал үшін, Нұралы РПЛ-ге бара салған жылы (21-22 жж маусым) 10 матчқа ғана қатысып, оның тек 6-да ғана негізгі құрамда болды. Соның біразында матч барысында алаңдағы орнын басқа фуболшыға босатып, 90 минут ойнай алмады. Әрине, Ресей чемпионының негізгі құрамына бірден ілініп кетепейтінін Нұралының өзі де білгені анық. Жаңа командасы мен «Қайраттың» қорғанысындағы бәсекелестікті салыстыруға келмейді. «Зениттегі» екінші жылы да жемісті болған жоқ. Орталық қорғаушыны бұл маусымда Сергей Семак негізінен Ресей кубогі мен Суперкубок матчтарына (Ресей кубогі – 4, Ресей Суперкубогі – 1) шығарып отырды. Есесіне, ол қос турнирдегі мачтың барлығында дерлік алаңға негізгі құрамда шығып, 90 минут бойы ойнап шықты. Нұралыға сол кездесулердің көп көмегі тигені анық.

Нұралы Әліп «Зениттің» қорғаныстағы басты үміті

РПЛ-дегі үздік жұп

Қазақстандық футболшы келгенде Санкт-петерборлық команданың орталық қорғанысында бразилиялық Родригао мен ресейлік Дмитрий Чистяков өнер көрсететін. Кейін бұл бәсекелестікке тағы бір бразилиялық Роберт Ренанның да араласқанын білеміз. Бірден айтайық, Әліпке өте ауыр тиді. (Бұл туралы жуырда футболшының өзі де мәлімдеген болатын) Жаңа чемпионат пен клубқа бейімделу үшін шамамен 1-1,5 жылдай уақыты кетті. Нұралы Әліптің табандылығына тамсанбау мүмкін емес. Жаңа футболшының жақсы қырлары Сергей Семактың да назарынан тыс қалмаса керек. Беделді бапкер қазақстандық футболшы жайлы жылы пікірлерін айтты. Бұған Нұралы тек қана өзінің еңбегімен, табандылығымен жетті. Қазір Нұралының еңбегі еш кетпеді деп сеніммен айта аламыз. РПЛ-дің күзгі бөлігінде отандасымыз 16 ойынға қатысып, барлық матчты негізгі құрамда бастады. Сондай-ақ, Ресей кубогінде 6 кездесуге шыққан.

Біріншілік қарсаңында жаңа футболшыларын бақылап, негізгі құрамды нақтылау мақсатында «Зенит» Қатардағы (Кубок Равноправия) шағын жарысқа қатысты. Санкт-петерборлықтар топ жарған турнирде қазақстандық футболшыны тағы да негізгі құрамнан көріп қуанып қалдық. Бас бапкер Сергей Семак Нұралыға көзінің түзу екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Таяуда РПЛ-дің көктемгі кезеңі басталады. 2 ші наурызда «Зенит» «Спартакпен» кездеспек. Биылғы чемпиондықтан басты үміткер клуб ( Зенит пен Краснодар алғашқы екі орында тұр) қысқы үзілістен кейінгі алғашқы ойынында қазақстандық қорғаушыға зор сенім артып отыр. Алдағы сенбіде «Газпром Аренада» өтетін матчта Әліпті Санкт-петерборлық клубтың негізгі құрамынан күтеміз. Біздіңше, Қазақстан Ұлттық құрама командасының қорғаушысы үшін қазір «Зениттегі» ең қолайлы уақыт. Қорғаныстағы ойыны түрлене түскен. Бапкермен қарым-қатынасы жақсы. Негізгі құрамдағы орны да күмән тудырмайды. Осы позициядағы бәсекелсінің бірі болған Дмитрий Чистяков «Сочиге» жалға берілді. Айтпақшы, «Зенит» осы қысқы трансферде бразилиялық Нино атты қорғаушыны алған болатын. Сергей Семак орталық қорғаныс шебіне осы қазақстандық пен бразилиялықтың жұбын қоятын секілді. Орталық қорғаныстың сол жағында ойнайтын Әліп әріптесімен тез арада ортақ тіл тауып кетеді деп сенеміз. Бұлай деуімізге бірнеше себеп бар. Біріншіден – қазақстандық қорғаушының мінез-құлқында ешқандай мәселе жоқ. Ресейлік топ-клубқа ауысқалы Әліп туралы жағымсыз ештеңе естіген емеспіз. Негізгі құрамда ойнайтын футболшының командада өз орны, яғни сый-құрметі бар. Нұралының командаластарымен жылы қарым-қатынасын «Зениттің» әлеуметтік желілерінен де байқауға болады. Екіншіден, Нұралы үшін де, «Зениттің» өзіне де чемпионаттағы ең маңызды уақыт. Команда «Краснодармен» чемпиондық таласқа түседі. Мәскеулік клубтарға да жеткізбеуі тиіс. Осындай жауапты сәтте Сергей Семак «экспериментке» бара қоймас. Нұралы мен бразилиялық Нино қалған уақытта «Зениттің» орталық қорғанысына жауапты болады деп есептейміз.      

Жақсы чемпионаттың ауылы алыс емес

Қазақ жанкүйерінің Нұралы Әліпті еуропаның біраз мықты командаларынан көргісі келетінін білеміз. Ол тізімде Манчестер юнайтед» бар, «Реал» жүр. Біздің жігіттердің шын мәніндегі топ чемпионаттардың ұжымдарында доп тебетін уақыты келіп қалды. Несі бар, Грузин не Өзбектерден қай жеріміз кем екен? Бірақ, мансабының дәл осы кезеңінде Нұралыға асықпаған жөн болатын еді. Орталық қорғаушы «Зениттің» негізгі құрамында шеберлігін шыңдай түссе. Ысыла түссе. Бұдан Әліп қана емес, Қазақстан Ұлттық құрама командасы да ұтар еді. РПЛ-ді топ чемпионаттың қатарына жатқызудан аулақпыз (әсіресе санкциялардан кейін). Әйтсе де, Нұралыға Ресей біріншілігінің жаққанын мойындауымыз керек. Қорғаушының физикалық-функционалдық тұрғыда жетіле түскені көз қуантады. Мұны Қазақстандық жаттықтырушылар ғана емес, ресейлік мамандар да айтып жүр. Ресейдің топ-клубындағы бәсекелестіктің де қазақстандық қорғаушының ойынына оң әсер еткені анық. «Қайраттағы» қызуқанды Нұралы қазір жоқ. Ойынның түрлі эпизодтарында өте ұстамды көрінеді. Орталық қорғаушының психологиялық тұрғыда да көш ілгері басқаны байқау қиын емес. Санкт-петерборлық клубтың футболшысы (Туған күні - 1999 жылдың 22 желтоқсаны) қазір небары жиырма бес-ақ жаста. Айхай 25 - қорғаушылардың нағыз бабына келетін шағы. Ештеңеден құр қалмайды.

Қазақстан Ұлттық құрама командасы «Зениттің» орталық қорғаушысына өте зәру екенін жасырмаймыз. Нұралының Магомед Адиев командасындағы рөлі, әсіресе, Наурызда Грекиямен болатын кездесуде қатты білінгелі тұр. Бірақ, «Қайраттан» Ресейдің топ-клубының негізгі құрамына дейінгі жолды қысқа ғана уақытта жүріп өте алған қорғаушыға зор сенім артамыз. Нұралы мен оның бәрімізге жақсы таныс кәсіби қасиеттері Ұлттық құрамаға талай жыл қызмет етеді деп есептейміз.       

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×