"Тобыл" биыл жеңіс үшін ғана ойнайды

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
08.03.2024, 18:52

ҚПЛ-дің екі турынан кейін «Тобыл» көш бастады. Команданың қарқыны күшті. Маусымашар Суперкубокте «Ордабасыны» жеңгелі қостанайлықтар бет қаратар емес. Қостанайлық команданың бұл жетісігінде Нұрбол Жұмасқалиевтің де үлесі қомақты. Бүгін назарларыңызға ҚПЛ-дің екі дүркін жеңімпаздарының спорттық директорымен болған сұқбатымызды ұсынамыз. Ардагер футболшы Қостанайлық клуб пен оның бапкері туралы ойын ортаға салды. Сондай-ақ, сұқбатта Қазақстан мен Грекия арасындағы кездесуі де сөз болды.  

"Тобыл" биыл жеңіс үшін ғана ойнайды

Биыл "Тобыл" алаңға әр ойынды ұту үшін ғана шығады

- Нұрбол Жәрдемұлы, «Тобыл» қазірге бірінші келеді. Команда маусымға өте жақсы дайындықпен келген секілді...

- "Тобыл" биыл екі оқу-жаттығу жиынын өткізген болатын. Түркияның Антальясында дайындықты пысықтадық. Өздеріңіз тамашалаған төртеудің турнирінде ойнадық. Маусымның басын ашатын Суперкубоктегі бәсекеде де бақ сынадық. Жалпы, бапкерлік құрам өзінің жоспарлы жұмысын ойдағыдай атқарды деуге толық негіз бар. Барлығы жақсы. Ал енді қалғанын чемпионат барысында көре жатармыз. Маусымның басты мақсаты қандай дейсіз бе? Біз үшін ең маңызды дүние жанкүйерлерімізді қуанту ғой. Қостанайлық футболсүйер қауымның көңілінен шығатындай өнер көрсетсек дейміз. Солардың сенімі мен үміті үшін ойнаймыз. Клубқа бұл кез-келген жүлдеден қымбат. Одан кейін әрине, жанкүйерлер біздің ойындарға көбірек келсе деген тілек бар. Стадионды толтыру үшін барымызды саламыз. Өйткені, биыл "Тобыл" алаңға әр ойынды ұту үшін ғана шығады.

- Милич Чурчичтің қалғанына қарағанда клуб басшылығы бапкерге зор сенім артып отырған секілді?

- Милич Чурчичке келер болсақ. Былтыр өзін өте жақсы қырынан танытты деп есептеймін. Команда Қазақстан кубогін олжалап, Конференция лигасының плей-офф кезеңіне дейін алқынбай жетті. Жалпы, ҚПЛ-де бардығы біз ойлағандай болмаған шығар. Алайда, былтырғы маусымда діттеген негізгі нысана- еурокубок матчтары болған. Биыл бас бапкер тағы да өзінің біліктілігін паш етеді деп сенеміз. Балапанды күзде санайды. Барлық  жұмысымыздың нәтижесін маусымның соңында көреміз. Жалпы, бас бапкердің жұмысы оңай келмейді. Мұны барлығымыз да жақсы түсінеміз.

Бұл жерде енді сырттан келгендер мен қазақстандық футболшылардың арасында басекелестік жүретіні анық. Біздің жігіттер соған төтеп бере алады деп үміттеніп отырмын.

- Легионерлердің лимиті жайлы не айтасыз? Қазақстандық футболшыларға кері әсері болып жүрмейді ме?

- Дәл осы қазір бірдеңе дей қою қиын. Қалай әсер ететінін де дөп басып айту мүмкін емес. Кішкене уақыт беру керек. Бұл өзгерістің бұрыс не дұрыстығын біраз уақыт өткізіп қана біле аламыз. Қалай дегенде де, барлық команданың белгілі бір деңгейдегі сапалы легионерлермен толыққанын мойындауымыз тиіс. Бұл жерде енді сырттан келгендер мен қазақстандық футболшылардың арасында басекелестік жүретіні анық. Біздің жігіттер соған төтеп бере алады деп үміттеніп отырмын. Қазір де жергілікті футболшылардың деңгейі жаман емес. Өз клубтарының алдыңғы қатарында жүргендері де жетерлік. Соңғы жағдайлар белгілі бір деңгейде біздің жергілікті футболшыларымыздың ілгері басуына серпін бере ме деп сенемін.

Бәлкім, біздің уақытпен салысырғанда қазіргі жастардың өзін жақсы қырынан танытып, шетелдік бір командаға ауысуына мүмкіндік көп шығар...

- Сіздердің кез бен қазіргі жас футболшылардың бойынан қандайда бір айырмашылық байқайсыз ба?

- Біздің кезбен салыстырғанда әрине біраз айырмашылық бар. Қазір басқа буын, басқа талаптар дегендей. Бүгінгі футболшыларға көп дүние қолжетімді, ақпаратты кез-келген жерден ала алады. Бізде ондай мүмкіндік болған жоқ. Ол кезде біз ақпаратты телевидение мен газет-журнал беттерінен білетін едік. Менталитет тұрғысынан да айырмашылық байқалады. Менталитет те уақытпен бірге көшеді емес пе? Бәлкім, біздің уақытпен салысырғанда қазіргі жастардың өзін жақсы қырынан танытып, шетелдік бір командаға ауысуына мүмкіндік көп шығар...

- Сізде де сондай мүмкіндіктің болғаны анық. Шетел көрмегеніңізге өкінетін сәттер бола ма?..

- Иә, әрине, кезінде ұсыныстар болған. Бірақ, одан бері қанша уақыт өтіп кетті ғой. Барлығын өткеннің еншісіне қалдырдым. Ол туралы қазір ойламаймын. Өкінбеймін. Футболшы мансабымды аяқтағаныма талай уақыт болды. Оның қандай болғанын, жақсы ма, жаман ба... Не десек те бәрі артта қалды. Ал қазір тек келешекті ойлауымыз керек. Алға жылжуды.

Шүкір, бәріне ризамын.

- Бапкерлікті сағынған жоқсыз ба?

- Бапкерлік дейсіз бе?..  Әрине, бұл мен үшін өте қызықты кәсіп. Футболшы ретіндегі мансабымды аяқтағаныммен, әлі де осы төңіректі шиырлап жүрміз. Жаттығуды тамашалап, қолдан келгенше атсалысқым келеді. Бірақ, онсыз да уақыт тапшы болып жатыр. Қазір клубтағы міндетіме байланысты жұмыс шаш етектен. Шүкір, бәріне ризамын.

Ұлттық құрама алға қадам басқан. Мұны ойынның өзінен ғана емес, басқа да тұстарынан аңғаруға болады.

- Қазақстан мен Грекия матчына аз қалды. Құраманың басты жанкүйерінің осы ойын туралы ойы қандай екен?

- Біздің команда осы қазірдің өзінде қаншалықты өскендігін көрсетті. Ұлттық құрама алға қадам басқан. Мұны ойынның өзінен ғана емес, басқа да тұстарынан аңғаруға болады. Біріншіден - Қазақстан құрамасындағы футболшылардың өзіне деген сенімділігі артқан. Футболсүйер қауым біздің жігіттерден әлі талай жақсы нәтиже күтеді. Біз барлығымыз Ұлттық құраманың Грекияға қарсы бар күш-жігерін саларына сенімдіміз. Қазақстан қарсыласына өзінің футболының мықты тұстарын, біздің жігіттер жақсы қырларын танытуы тиіс. Жігіттер жерге қаратпайды деп сенемін.

- Әңгімеңізге, рахмет!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 5
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×