Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алдының кері ме?

Мұқашұлы Мұрат
Мұқашұлы Мұрат
Бас редактор
24.03.2024, 14:31

Еуропа біріншілігіне жолдама ала алмай қалған Қазақстан Ұлттық құрамасы ертең Люксембургпен жолдастық кездесу өткізеді. Жігіттердің жартылай финалда жолы болған жоқ. Бірақ, өмір осымен тоқтап қалмайды ғой. Афинадағы матчтан кейін жас баладай солқылдаған Зайнутдинов, Оразовтардың еңсе тіктеп, ел үшін барын салғанын көргіміз келеді. 

Жау жағадан алғанда, бөрі етектен алдының кері ме?

Барменқұловтың басты олжасы - бас бапкерлікке Магомед Адиевті тағайындауы

Қазір әркім түрлі пікір айтып жатыр. Бірі Ұлттық құрамаға алғысын білдіріп, онсыз да жабырқау жігіттерді демесе, енді бірі тырнақ астынан кір іздеуде. Магомед Адиев пен Абзал Бейсебековтерді қойып, енді Федерация басшылығының жағасына қол салып жатқандар да табылып жатыр екен. Еліміздегі әлдебір басылымдар бар кінәні Әділет Барменқұловтың мойнына "іліпті". Ол былай тұрсын, Қазақстан Футбол федерациясы Президентін Отандық футболдағы басты жемқор етіп көрсетуден арланбапты. Бұндайда не деуге болады? Онсыз да аузы ашық жараны тырнап... 
Мұндайда жау жағадан алғанда, бөрі етектен алдының кері ғой деуден артық ештеңеге келмейді екен ойыңа. Ақиқатты  салыстыруда алады дейтін бе еді? Әділет Барменқұловтың осы лауазымдағы екі жылында Отандық футболда, дәлірек айтсақ, Қазақстан құрамасында жағымсыздан көрі, жағымды жаңалықтардың басым болғанын мойындау керек. Ұлттар Лигасындағы жетістігіміз, соңғы іріктеудегі нәтижелеріміз жаңа Президенттің жұмысымен байланысты. Футбол мамандары  салыстырмалы түрде УЕФА-мен де жылы қарым-қатынас орнап қалғанын ара-тұра жазып жүр. Федерацияның ішкі кухнясымен жете таныстығымыз болмаған соң оның жұмысына баға беруіміз орайсыздау, әрине. Десе де,  Әділет Барменқұлов келгелі Ұлттық құрамада оң өзгерістердің болғанын ашық айту керек. Барменқұловтың басты олжасы - бас бапкерлікке Магомед Адиевті тағайындауы. Ресейлік маман келгелі жігіттердің ойынында жүйелілік бар. Даниядан ұтылып жатып жеңісті жұлып алатын жігер бар. Ең бастысы көк туы бар жейдеде өнер көрсететін футболшылардың намыспен ойнайтыны қуантады.

Футболды қазақ тілінде сөйлетті 

Одан кейінгі тағы бір маңызды дүние - Футбол Федерациясы қазақ тіліне тиісті мәртебесін берді. Отандық футболдағы басты ұйымның баспасөз-қызметінің тізгінін ұстаған мамандардың футболды қазақ тілінде сөйлетуге көп күш салып жүргені мақтанарлық жайт. Барменқұловқа дейін ондаған жылдар бойы федерацияны басқарған басшылардың қазақ тіліне деген мұндай құрметін байқамадық. Қазір Қазақстанмен үлкен құрамалар санасатын жағдайға жақындап қалдық.  Осы жолы Еуро біріншілігіне екі-ақ қадам жетпеді. Футбол саласында біраз ілгері бастық. Оның ең бастысы - футболдың жаппай популяризациясы. Соңғы уақыттағы Ұлттық құраманың басты жанкүйері басқа-басқа емес мемлекет басшысы. Бұған дейін Қазақстан Президентінің Ұлттық құраманың ойынын тамашалап, матчтан кейін арнайы команданы құттықтағанын қашан көріп едік? Осының барлығы футболдың дамуына дәл бүгін болмаса да міндетті түрде серпін беретін оң өзгерістер. Жалпы, Қасым-Жомарт Кемелұлының футболға назар аударуына алдымен Ұлттық құраманың тәуір нәтижелері және соның арқасында қоғамдық көзқарастың түзелуі түрткі болды. Бұлай десек, Қазақстанда футболдың танымал болуына Федерация Президенті ретінде Әділет Барменқұловтың сіңірген еңбегі зор. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 84
Ұнамайды 14
Күлкілі 6
Масқара 6
Серіктес жаңалықтары
×