Шотландия Премьер лигасының соңғы турында футбол әлемін сілкіндіретін ұлы драма орын алды. Чемпиондық тағдыр шешілетін шешуші матчта "Хартс" сырт алаңда "Селтикке" есе жіберіп, тарихи алтыннан айырылып қалды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Глазго алыптарының үстемдігі: "Хартс" ұлы ерлікке жақын еді
Бұл кездесу жай ғана ойын емес, Шотландия футболының 40 жылдық жазылмаған заңын бұзатын тарихи сәт болуы тиіс еді. Егер "Хартс” бұл матчта тең түсіп немесе жеңіске жеткенде, 80-нен жоғары ұпаймен чемпион атанып, атақты "Олд Ферм” ("Селтик” пен "Рейнджерс") дербиі өкілдерінің гегемониясын тас-талқан етер еді. Бұған дейін қос алпауыттың мысын басқан соңғы ұжым 1985 жылы "Абердин” болған болатын.
Оның үстіне, 1874 жылы негізі қаланған Эдинбургтің көне клубы соңғы рет осыдан 66 жыл бұрын, яғни 1959/60 жылғы маусымда ғана топ жарған. Алайда, Глазгоның "Селтигі” 81 ұпай жинап, бесінші жыл қатарынан чемпиондық тақты ешкімге бермеді. Осылайша, қос алыптың үстемдігі енді 41 жылға ұласты.
Матч драмасы: Пенальти және соңғы минуттағы соққылар
Ойын өте шиеленісті өтті. Алдымен 43-минутта Лоурэнсь Шэнклэнд қонақтарды алға шығарып, "Хартс" жанкүйерлерін шатыққа бөледі (0:1). Бірақ бірінші таймның қосымша уақытында (45+4’) Арне Энгельс пенальтиді дәл орындап, таразы басын теңестіріп кетті.
Матчтың тағдырын 87-минутта "Селтиктің” Жапондық легионері Дайзен Маеда шешті, ал одан кейін 90+8’ минутта Каллум Османд командасының үшінші голын соғып, алаң қожайындарына жеңіс пен кезекті чемпиондықты сыйлады.
Ислам Чесноков ұлы тарихтың бір бөлшегі атана алмады
Бұл кездесу Қазақстандық жанкүйерлер үшін де өте маңызды еді. Себебі "Хартс” сапында өнер көрсететін отандасымыз Ислам Чесноков Британия аралдарындағы ең беделді лигалардың бірінде топ жарған тұңғыш Қазақстан футболшысы ретінде тарихқа атын алтын әріппен жазуға шақ қалды.
Отандасымыз Ислам Чесноков бұл тарихи текетіресте 68-минутта алаңға шығып, командасының шабуылын жандандыруға барын салды. Ол Шотландия тарихында чемпион атанған алғашқы қазақ баласы болуға өте жақын тұрған еді, бірақ соңғы минуттардағы сәтсіздік бұл арманның орындалуына мүмкіндік бермеді.
Драмаға толы маусым аяқталды. Чесноков пен оның командасы күміс жүлдені місе тұтты, ал "Селтик" Шотландиядағы өз патшалығын тағы да қорғап қалды.
Біздің серіктес: FONBET