Шымкенттік «Ордабасы» клубының бас бапкері Андрей Мартин командадағы болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Молдовалық маман клубпен келісімшартын ұзарту немесе басқа командаға ауысу мәселесі Қазақстан кубогының финалынан кейін шешілетінін айтты.
Мартиннің сөзінше, оның «Ордабасымен» қазіргі келісімшарты 2026 жылдың 30 қарашасына дейін жарамды.
«Әзірге бұл мәселеге қатысты нақты пікір айта алмаймын. Келісімшартым 30 қарашаға дейін күшінде. Болашағыма қатысты барлық шешім Қазақстан кубогының финалынан кейін қабылданады. Келісімшартты ұзарту да, мансабымның жаңа кезеңін бастау да мүмкін. Барлығы клуб басшылығымен жүргізілетін келіссөздердің нәтижесіне байланысты», – деді Мартин.
Айта кетейік, Андрей Мартин «Ордабасы» клубының бас бапкері қызметіне 2024 жылдың желтоқсанында тағайындалған. Бұған дейін ол Молдованың «Петрокуб» командасын жаттықтырған.
2026 жылғы маусымда оның жетекшілігімен Шымкенттік клуб Қазақстан Премьер лигасының чемпионы атанды. «Ордабасы» чемпионат аяқталуына бір тур қалғанда алтын медальді мерзімінен бұрын қамтамасыз етті.
Сонымен қатар команда Қазақстан кубогының финалына жолдама алған. Шешуші кездесуде «Ордабасы» Қызылорданың «Қайсар» клубымен кездеседі. Матч 7 қарашада Түркістан қаласында өтеді.
Біздің серіктес: FONBET