Батыс Қазақстандық клубтың айналасында үлкен дау туындады. "Атырау" мен "Қызылжар" арасындағы алдағы кездесуде жанкүйерлер күтпеген жағдайға куә болуы мүмкін, деп хабарлайды Aladop.kz.
Себебі команданың жаңа маусымға арналған жабдықтары әлі күнге дейін төленбеген болып шықты.
Бұл жағдайдың туындауына клубқа келуі тиіс болған, бірақ соңында табалдырықтан аттай алмаған жаңа басшылық себепкер. ЖаркOFF телеграм арнасының мәліметінше, жаңа техникалық демеушімен келісімшартты дәл осы топ жасасқан. Олар кепілдік хаттар арқылы жаңа киімдерге тапсырыс бергенімен, соңғы сәтте аймақ билігі мен инвесторлар арасындағы келіссөз сәтсіз аяқталған. Енді олар өздері басқармайтын клубтың киімі үшін ақша төлеуге құлықсыз. Команданың ескі киімдермен немесе мүлдем жабдықсыз қалу қаупі жоғары.
Бір қызығы, дәл осы келмей қалған инвесторлардың арқасында командаға білікті маман Владимир Чебурин бас бапкер болып келген еді. Сонымен қатар, бірнеше сәтті трансферлер де солардың ықпалымен жүзеге асты. Маусымның басындағы команданың нәтижелі ойыны бұл таңдаудың дұрыс болғанын көрсетті.
Алайда, ұйымдастыру жұмысындағы мұндай олқылықтар клубтың алдағы тағдырына кері әсерін тигізуі мүмкін. Егер мәселе тез арада шешілмесе, "Атырау” ойыншыларына “Қызылжарға” қарсы кездесуде ескі-құсқы киіммен шығудан басқа амал қалмайды.
Біздің серіктес: FONBET