Фарер аралдары құрамасының және Петропавлдық «Қызылжардың» жартылай қорғаушысы Йоаннес Бьярталид Қазақстанға қарсы Ұлттар лигасындағы алғашқы матчтан кейін пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.
Екі команда арасындағы кездесу Фарер аралдарында өтіп, 1:1 есебімен аяқталды. Бьярталид алаңға негізгі құрамда шығып, толық матч өткізді.
Фарер аралдарының футболшысы өз командасының жеңіске жақынырақ болғанын атап өтті. Оның айтуынша, алаң иелері допқа аз иелік еткенімен, қауіпті шабуылдар мен гол соғатын мүмкіндіктерді көбірек жасай алған.
«Меніңше, біз үшін бұл жақсы ойын болды. Егер жеңіске лайықты команда болған болса, ол біз едік. Қазақстан допқа көбірек ие болды, бірақ біз екінші голды соғуға болатын қауіпті сәттерді көбірек жасадық. Әрине, допты бақылауда ұстап, прессингті белсендірек ұйымдастырғымыз келді. Дегенмен алғашқы матчта бір ұпай алу — жаман нәтиже емес.» — деді Бьярталид ASnews.kz сайтына берген сұхбатында.
28 жастағы футболшы Қазақстанға қарсы кездесудің өзі үшін ерекше болғанын да жасырмады. Себебі ол соңғы 7-8 ай бойы Қазақстанда тұрып, ҚПЛ-да «Қызылжар» сапында өнер көрсетіп жүр. Осы уақыт ішінде Ұлттық құраманың бірқатар ойыншыларымен танысып үлгерген.
«Әрине, бұл матч мен үшін ерекше болды. Мен Қазақстанда жеті-сегіз айдан бері тұрып жатырмын және ұлттық құраманың кейбір ойыншыларын танимын. Сондықтан бұл кездесудің өзіндік ерекшелігі болды. Бірақ бәрібір бұл — ұлттық құрамалар арасындағы матч. Басқа ойындардағыдай, мен өз әрекеттеріме және командамның ойынына толық көңіл бөлдім», — деді Фарерлік жартылай қорғаушы.
Бьярталид Фарер аралдарының Ұлттар лигасындағы қалған ойындарына да тоқталды. Оның пікірінше, С тобындағы жағдай өте тығыз және командалардың деңгейі бір-біріне жақын.
Футболшы Словакияны топтағы ерекшеленетін команда ретінде атағанымен, Фарер аралдарының қалған кездесулерде де жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндігі бар екенін айтты.
«Біздің бұл топта жақсы мүмкіндіктеріміз бар. Топ өте тығыз, командалардың деңгейі шамалас. Мүмкін, Словакия топтағы ең мықты команда шығар. Бірақ қалған матчтардың барлығында да жақсы мүмкіндікке иеміз. Біз әр ойынға тек жеңіс үшін шығамыз.» — деді Бьярталид.
Осылайша, Фарер аралдары мен Қазақстан алғашқы турдан кейін бір-бір ұпайдан еншіледі. Қазақстан құрамасы келесі кездесуін Словакияға қарсы өткізсе, Фарер аралдары Молдова құрамасымен кездеседі.
Біздің серіктес: FONBET