Кеше ғана елдің ең жоғарғы дивизионында доп теуіп, жанкүйерлердің көзіне түскен 26 жастағы отандық футболшы Асылжан Аббастың бүгінгі өмірі туралы ақпарат спорт жұртшылығын шок қылды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Мәліметтерге сүйенсек, спортшы мансабын уақытша тоқтатып, қазіргі таңда көрші Ресей елінде қарапайым құрылыс саласында еңбек етіп жүр.
Асылжан Бабақожаұлы Аббас 1999 жылы 11 маусымда Арыс қаласында дүниеге келген. Екі аяғымен де бірдей жойқын соққы бағыттай алатын әмбебап жартылай қорғаушы әрі оң қанаттағы вингер ретінде отандық футболдан өз орнын табуға тырысты. Кәсіби мансабында ол бірнеше белді ұжымдардың жейдесін киді.
– Төменгі лигалардағы өнері: “СДЮШОР 7”, “Қыран” және өзінің туған өлкесінің “Арыс” клубтарында доп тепті.
– Мансабының шыңы: Оның спорттық жолындағы ең биік белесі Қазақстан Премьер лигасындағы “Тұран” клубының сапына ауысуы болды. Жоғарғы лигада ол 18 ресми матчқа қатысып, 1 гол және 1 нәтижелі паспен көзге түскен болатын.
Алайда, үлкен футболдың ішкі заңдылықтары мен қиындықтары Асылжанның мансабына тұсау болған сыңайлы. 2026 жылдың қаңтар айынан бастап футболшы ресми түрде ешқандай клубсыз, еркін агент ретінде қалып қойған.
Жарты жыл бойы лайықты ұжым таба алмаған 26 жастағы жартылай қорғаушы маусым айында өзінің спорттық мансабын тоқтата тұру туралы өте ауыр шешім қабылдады. Бүгінде бойы 173 см, салмағы 65 келі болатын кәсіби спортшы жасыл алаңдағы бутсысын құрылыс құралдарына айырбастап, Ресей аумағында нәпақасын тауып жүр.
Осылайша, қазақ футболы тағы бір өз тәрбиеленушісін уысынан шығарып алды. Асылжанның бұл қадамы уақытша ма, әлде ол футболға мүлдем оралмай ма, оны уақыт көрсетеді.
Біздің серіктес: FONBET