Елордалық ұжым, Еуропаның азулы мектептерінің бірінен шыққан, болашағынан үлкен үміт күттіретін жас жұлдызды өз сапына қосуға жақын. Футболшы үшін “Астана” көк тиын да төлемей, оны тегін иемденеді, деп хабарлайды Aladop.kz.
“Астананың” трансферлік нысанасына Босния және Герцеговина жастар құрамасының белді мүшесі, 21 жастағы орталық жартылай қорғаушы Анес Крджалич ілінген. Қазіргі таңда ол өз елінің “Сараево” клубында өнер көрсетеді.
Анес Крджалич Хорватияның атақты “Динамо Загреб” клубының түлегі болып табылады. Бұл мектеп әлемдік деңгейдегі талай жұлдыздарды тәрбиелеп шығарғанымен мәлім.
Босния чемпионатының биылғы маусымында ол 18 матчқа қатысып, жартылай қорғаушы болғанына қарамастан 3 гол соғып үлгерген.
Бұл ауысымның елордалық клуб үшін ең тиімді тұсы — қаржылық мәселесінде жатыр. Крджаличтің “Сараево” клубымен жасасқан келісімшарты өз мәресіне жетіп қалды. Осы себепті ол “Астана” сапына еркін агент құқығында ауыса алады.
Transfermarkt порталының мәліметі бойынша, жас хавбектің нарықтағы нақты трансферлік құны 250 мың еуроны (шамамен 120 миллион теңгеден астам) құрайды. Демек, “Астана” Еуропалық деңгейдегі дарынды футболшыны өз сапына қоса отырып, миллиондаған қаржыны қалтада қалдырмақ.
Біздің серіктес: FONBET