Жарнама
Жарнама

Ғани Қайназаров: ұлттық құрама жетістіктері қазақ футболының дамуына қуатты серпін берді

Бүгін, 14:23

Қазақстан құрамасы алда жолдастық болса да маңызды екі матч өткізеді.

Ғани Қайназаров
Жарнама
Жарнама

Одан кейін Ұлттар Лигасы секілді турнирлерге дайындық циклы басталмақ. Қазақ футболында өзіндік орны бар қайраткер, ҚФФ-да лауазымды қызметтерді атқарған Ғани Қайназаровпен ел құрамасы мен оның бас бапкері, отандық футбол федерациясы турасында тұщымды сұқбат жасадық. Сондай-ақ, танымал функционердің Қазақстан футболының дамуына байланысты ой-пікірін білдік.

-  Ғани Әділханұлы, ұлттық құраманың соңғы жылдардағы жетістіктеріне тікелей атсалыстыңыз. Магомед Адиевтің жетекшілігімен Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасында табысты өнер көрсеткен кезеңде Сіз басшылық қызметтердің бірін атқардыңыз. Алда Армения және Мажарстан құрамаларына қарсы екі маңызды матч күтіп тұр. Қазақстанның мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

-Иә, расында да, сол кезеңде мен Қазақстан футбол федерациясының Ұлттық құрамалар департаментінің директоры қызметін атқардым және ұлттық құраманың жұмысына тікелей қатыстым. Бұл кезеңді ел футболының тарихындағы ең табысты кезеңдердің бірі деп есептеймін. Магомед Адиевтің жетекшілігімен ұлттық құрама УЕФА Ұлттар лигасындағы өз тобында жеңіске жетіп, турнирдің плей-офф кезеңіне шығу құқығына ие болды және соңғы турларға дейін Еуропа чемпионатына жолдама алу мүмкіндігін сақтап қалды. Іріктеу кезеңінде құрама 18 ұпай жинап, мықты қарсыластарға қарсы маңызды жеңістерге қол жеткізді. Меніңше, сол кезеңдегі ұлттық құраманың жетістіктері Қазақстан футболының одан әрі дамуына үлкен серпін берді. Жанкүйерлердің ұлттық қомандаға, өзіміздің қарагөз футболшыларымызға деген қызығушылығы айтарлықтай артты, мемлекет пен бұқаралық ақпарат құралдарының назары күшейді. Қазақстан Республикасының Президенті ұлттық құраманың матчтарына арнайы қатысып, бұл жетістіктердің маңыздылығын тағы бір мәрте айқындады.

Ал Армения мен Мажарстанға қарсы алдағы матчтарға келер болсақ, мен оларды ең алдымен ресми жарыстарға дайындықтың маңызды кезеңі ретінде қарастырамын. Бұл бапкерлер штабы үшін ойын байланыстарын тексеруге, әртүрлі тактикалық шешімдерді сынақтан өткізуге және футболшылардың халықаралық матчтардағы дайындығын бағалауға жақсы мүмкіндік. Әрине, кез келген команда алаңға жеңіс үшін шығады. Алайда, мұндай жолдастық кездесулерде нәтиже әрдайым басты көрсеткіш бола бермейді. Ең маңыздысы – команданың әрі қарайғы дайындығына қажетті ақпарат алып, ресми матчтарға барынша дайын күйде келу.

- Жалпы, Қазақстан ұлттық құрамасының қазіргі жағдайы мен дамуын қалай бағалайсыз? Талғат Маруанұлының бас бапкер ретіндегі жұмысы туралы пікіріңіз қандай?

- Қазіргі күні  ел құрамасының жағдайын тұрақты әрі оң деңгейде деп бағалаймын. Талғат Маруанұлын көп жылдан бері жақсы танимын. Біз 2016–2017 жылдары бірге жұмыс істедік. Ол кезде Талғат Маруанұлы ұлттық құраманың бас бапкері болса, мен Ұлттық құрамалар департаментінің директоры қызметін атқардым. Оның кәсіби қасиеттері мен жұмыс тәсілдерін жақсы білемін. Өз ісінің тәжірибелі маманы әрі футболшыларды жігерлендіре алатын мықты мотиватор. Оған алдағы уақытта табыс пен үлкен жеңістер тілеймін.

- Талғат Байсуфиновке сенім артылды. Дегенмен болашақта федерация шетелдік маманды шақыруы мүмкін деген пікірлер де айтылып жүр. Сіздің ойыңызша, қазіргі кезеңде Қазақстан құрамасына отандық маман тиімді ме, әлде шетелдік бапкер ме?

- Бұл мәселеде басты өлшем әрқашан нәтиже мен команданың дамуы болуы тиіс. Егер бапкер сапалы жұмыс істеп, ұлттық құраманың ілгерілеуіне ықпал етіп жатса, оның қай елдікі екені шешуші фактор болмауы керек. Жеке өзім үшін ең маңыздысы – атқарылған жұмыстың тиімділігі мен команданың нақты жетістіктері.

- Ғани Әділханұлы, ұлттық құрамалар департаментіндегі қызметіңізден кейін Сіз «AKAS» футбол клубында жұмыс істедіңіз. Сол кезең туралы айтып өтсеңіз.

- Қазақстан футбол федерациясындағы қызметімді аяқтағаннан кейін Қазақстанның Бірінші лигасында өнер көрсеткен «AKAS» футбол клубындағы жұмысымды жалғастырдым. Клубтың алға қойған жоспарлары қызықты әрі ауқымды болатын. Негізгі команданы дамытумен қатар, өздерінің балалар-жасөспірімдер академиясын құру және футболшылар даярлаудың жүйелі құрылымын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Өкінішке қарай, өзіме белгісіз түрлі себептерге байланысты барлық жоспарларды жүзеге асыру мүмкін болмады. Неге, қалай, оның бәрін тізіп жатпайын, солай болды енді...  Бірақ соған қарамастан, бұл кезең мен үшін маңызды әрі пайдалы тәжірибе болды.

- Қазақстан футбол федерациясындағы жемісті еңбегіңіз көпшілікке жақсы таныс. Федерацияда кадрлық өзгерістер жиі болып жатады, жақында Давид Лория қызметінен кетті.  Жалпы, соңғы уақытта ҚФФ төңірегінде түрлі пікірлер мен талқылаулар толастамай келеді...

- Менің ойымша, футболдың табысты дамуы үшін тек спорттық нәтижелер ғана емес, сапалы ұйымдастырушылық жұмыс та аса маңызды. Ұйымдастырушылық және спорттық бағыттар – бір-бірін толықтырып отыратын екі негізгі құрамдас бөлік. Оқу-жаттығу жиындарын ұйымдастыру, матчтарды өткізу, логистика, экипировка, тамақтану, әуе қатынастары, қауіпсіздік және ұлттық құрамалардың қызметіне қатысты басқа да көптеген факторлар жоғары кәсіби деңгейде қамтамасыз етілуі қажет.

Дәл осындай сапалы ұйымдастыру жұмыстары спорттық нәтижелерге қол жеткізу үшін қажетті жағдай жасайды. Ал федерациядағы кадрлық өзгерістерге келсек, бүгінде мен де көпшілік жанкүйерлер сияқты ақпаратты негізінен бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерден аламын. Қазіргі таңда ұйым ішінде жұмыс істемейтіндіктен, ішкі процестерге объективті баға беру қиын. Дегенмен, футболға деген қызығушылық әрдайым жоғары болады және кез келген кадрлық шешім қоғам мен БАҚ тарапынан кеңінен талқыланатыны анық.

- Қазақстан футбол федерациясының бүгінгі жұмысына қандай баға берер едіңіз? Болашақта ұйымның қызметін жетілдіруге қатысты ұсыныстарыңыз немесе тілектеріңіз бар ма?

- Федерацияның қазіргі жұмысына объективті баға беру мен үшін қиын, себебі, оның күнделікті қызметіне қатыспаймын және барлық ақпаратқа толықтай ие емеспін. Қолымдағы мәліметтердің басым бөлігі көпшілік секілді бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдардан, мамандардың сұхбаттарынан және қоғамдық талқылаулардан қалыптасады.

Қазіргі уақытта белгілі бір өзгерістердің болып жатқанын, жаңа шешімдердің қабылданып жатқанын, оның ішінде жетекші қызметтерге шетелдік мамандардың тартылып жатқанын көріп отырмыз. Алайда толыққанды баға беру үшін ұйым ішіндегі барлық процестерді терең түсіну қажет. Сондықтан сырттан отырып қандай да бір ұсыныс немесе кеңес беруді дұрыс деп санамаймын. Федерацияда жұмыс істеп жатқан мамандар қажетті ақпараттың барлығына ие, өзекті мәселелерді жақсы түсінеді және шешімдерді қазақстандық футболдың дамуы мүддесі негізінде қабылдайды деп ойлаймын.

- Жақсы, Ғани Әділханұлы, келелі сұқбат болды деп есептейміз. Ұлттық құрамаға алдағы матчтарда табыс. Ал Сізге алтын уақытыңызды бөлгеніңіз үшін көп рақмет!

- Сіздерге да алғыс , сау болыңыздар!

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров