Бүгін яғни 2026 жылдың 8 шілдесінде Алматыдағы "Орталық" стадионда Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңі аясында жергілікті "Қайрат" пен Черногория чемпионы "Сутьеска" кездеседі. Бұл екі ұжым үшін де Еуропаның ең беделді турнирінің топтық кезеңіне барар ұзақ жолдың алғашқы қадамы болмақ, деп хабарлайды Aladop.kz.
Рафаэль Уразбахтин баптайтын команда қазіргі уақытта тамаша бабында. Қазақстан Премьер лигасында чемпиондық атақ үшін "Ордабасымен” тығыз бәсекелесіп жатқан Алматылықтар соңғы төрт матчта қатарынан жеңіске жетіп, қарсыластар қақпасына 15 гол тоғытқан. Бұл көрсеткіш команданың шабуыл әлеуеті өте жоғары екенін көрсетеді. Алайда, жақында Лондонның "Челсиіне" ауысқан жас талант Дастан Сәтпаевтың жоқтығы команда үшін үлкен сынақ. Оның орнын басу Жоржиньо, Эдмилсон немесе жаңадан келген Испаниялық шабуылшы Марк Гуальға жүктеліп отыр.
Черногориялық клуб үшін жағдай біршама күрделі. Олардың ішкі чемпионаты әлі басталған жоқ, ал маусым алдындағы үш жолдастық кездесудің бәрінде Милорад Пековичтің шәкірттері жеңіліс тапқан. Сонымен қатар, УЕФА рейтингінде "Сутьеска” "Қайраттан” 97 саты төмен орналасқан. Команданың басты тірегі – клубта он жылдан бері өнер көрсетіп келе жатқан тәжірибелі қақпашы әрі капитан Владо Гильен.
"Қайрат” өткен маусымда өз тарихында тұңғыш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алып, "Реал Мадрид”, "Арсенал" және "Интер” секілді алпауыттармен ойнағанын білеміз. Бұл Еурокубоктық тәжірибе алматылықтарға үлкен басымдық береді.
Sofascore тұжырымы бойынша, "Қайраттың" бұл матчта жеңіске жету мүмкіндігі 82%-ға бағаланып отыр.
Сарапшылардың пікірінше, ойын тізгіні алғашқы минуттардан бастап алаң иелерінің қолында болады. "Қайраттың” ойын практикасында болуы және өз жанкүйерлері алдында өнер көрсетуі басты факторлардың бірі. "Сутьеска" негізінен қорғанысқа сүйеніп, қарымта шабуылдан мүмкіндік іздейтіні анық.
Матч бүгін, кешкін сағат 20:00-де басталады.
Біздің серіктес: FONBET