Америкалық атақты рэпер Канье Уэсттің Қазақстандағы алғашқы концертіне билеттер сатылымы жоспарланған уақыттан кешірек басталатын болды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бұл шешім "Қайраттың” Орталық стадионында шоу өткізуге қатысты наразылық білдіруінен кейін қабылданды.
Концертті ұйымдастырушылар — "First Media Group" және "Freedom Holding" — қазіргі уақытта клуб басшылығымен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Олардың айтуынша, барлық тараптардың мүддесін ескеретін ортақ шешім іздестірілуде.
Билеттердің сатылым кестесі төмендегідей өзгерді:
– 21 шілде, сағат 12:00-де: Freedom қолданушылары үшін алдын ала сатылым басталады (21-22 шілде аралығында).
– 23 шілдеден бастап: Билеттер барлық ниет білдірушілер үшін ашық сатылымға шығады.
Клуб неге қарсы?
"Қайрат” футбол клубы 14 тамызда концерт өткізу мәселесі олармен алдын ала келісілмегенін мәлімдеді. Клубтың ұстанымы бойынша, тамыз айында команданың Орталық стадионда Қазақстан чемпионатының маңызды матчтары, сондай-ақ Еурокубоктық ойындары өтуі мүмкін.
Клуб өкілдері мұндай ауқымды шараның техникалық дайындығы (сахна құру және бөлшектеу) стадион көгалының зақымдалуына әкеп соғуы мүмкін деп қауіптенеді. Олардың пікірінше, алдымен спорттық күнтізбені ескеріп, содан кейін ғана стадионды концерт алаңы ретінде бекіту қажет.
Концерт өтпей қалуы мүмкін бе?
Қазіргі таңда ұйымдастырушылар концерттің күні мен орны өзгеріссіз қалатынын айтып отыр. Канье Уэсттің өнері әлі де 14 тамызға Алматының Орталық стадионында жоспарланған.
Біздің серіктес: FONBET