Қазақстанда спорттық инфрақұрылым құрылысының нағыз серпілісі жалғасып жатыр. Бұл ретте басты назар ірі мегаполистерге емес, ауылдық жерлерге аударылуда, деп хабарлайды Aladop.kz.
Соңғы жылдардағы құрылыс динамикасы:
2024 жыл: Пайдалануға берілген 90 нысанның 61-і ауылдарда, 29-ы қалаларда салынды.
2025 жыл: Тұрғызылған 147 спорт кешенінің 107-сі ауылдық жерлерде, тек 40-ы қалаларда ашылды.
2026 жыл (жоспар): Биыл тағы 121 нысан салу көзделіп отыр, салынуда.
Бұл нысандардың бос тұрмай, мақсатты түрде жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан қомақты қаржы бөлінеді. Көрсеткіштерге сүйенсек, 2025 жылы бюджеттен спорт нысандарын пайдалануға 2,722 млрд теңге ($5,68 млн), ал спорттық-жаттығу нысандарын жалдау (пайдалану) қызметтеріне тағы 5,1 млрд теңге ($10,66 млн) жұмсалған.
Дядя Ваня телеграм арнасының мәліметінше, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ең көп шығын талап еткен Қазақстандағы топ 5 спорт нысанының рейтингі төмендегідей:
5-орын: Шымкент қаласының спорт құрылыстары дирекциясы
Бөлінген сома: 178 млн теңге (~$372 мың).
Тапсырыс беруші: Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Мақсаты: Республикалық және халықаралық жарыстарды өткізу үшін спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын ұсыну.
4-орын: Жақып Үшкемпіров атындағы "Тараз-Арена” спорт сарайы
Бөлінген сома: 306 млн теңге (~$639 мың).
Тапсырыс беруші: Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Ерекшелігі: 2013 жылы салынған нысанға 12 жылдан кейін күрделі жөндеу жүргізілді. ҚФФ-ның "Алаң" жобасы аясында сыртқы футбол алаңы жаңартылып, Футбол академиясының іргетасы қаланды. Кешен олимпиадалық және олимпиадалық емес 20-дан астам спорт түріне қызмет көрсетеді.
3-орын: "Түркістан теннис клубы"
Бөлінген сома: 430 млн теңге (~$898 мың).
Тапсырыс беруші: Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Ерекшелігі: Клубтың өзі 2024 жылы ашылғанымен, 11 корты бар Халықаралық теннис орталығы екі жыл бұрын іске қосылған. Өткен маусымда кешенді пайдалану қызметіне осы көлемде қаржы бағытталды.
2-орын: "Turkestan – Arena" стадионы
Бөлінген сома: 700 млн теңге (екі шарт: 531 млн және 169 млн теңге) (~$1,45 млн).
Тапсырыс беруші: Түркістан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы.
Ерекшелігі: 2020 жылдың тамызында ашылған арена футбол матчтарын да, жеңіл атлетика жарыстарын да өткізуге толық бейімделген.
1-орын: Атырау облыстық олимпиада резервінің мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі
Бөлінген сома: 981 млн теңге (~$2,05 млн).
Орындаушы: "APEC TRAINING CENTER" ЖШС.
Мақсаты: Рейтингтің көш басында тұрған бұл қаражат спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне арналған тұрғын үй және тұрғын үй емес жайларды жалдау қызметіне жұмсалған.
Бұл көрсеткіштер елімізде спортты қолдау мен оның инфрақұрылымын сақтауға жыл сайын миллиардтаған теңге бөлініп отырғанын көрсетеді.
Біздің серіктес: FONBET