Қазақстан Премьер лигасының биылғы маусым тек алаңдағы тартысты ойындарымен ғана емес, сонымен қатар статистикалық көрсеткіштердің күрт өсуімен де ерекшеленуде. Әзірге 124 матчтың қорытындысы бойынша футболға деген қызығушылықтың артқанын стадиондардағы жанкүйерлер саны мен трансляцияларды қаралым көрсеткіштерінен анық көруге болады, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бүгін кешке өтетін “Атырау” – “Каспий”, “Ақтөбе” – “Жетісу”, “Қайсар” – “Ертіс” және “Ордабасы” – Ұлытау” матчтары қарсаңында Aladop.kz сайты биылғы маусымның осыған дейінгі кезеңін қысқаша қорытындылап, бір шолып шықпақ.
Көшбасшылар тартысы: Алматы мен Шымкент текетіресі
Турнир кестесіндегі жағдай өте тартысты. Қазіргі таңда "Қайрат” 18 матчтан кейін 39 ұпаймен көш бастап тұр. Алайда Алматылықтардың басты бәсекелесі "Ордабасы" олардан үш ойын кем өткізсе де, 37 ұпаймен өкшелеп келеді. Шымкенттік клубтың әлі жеңіліс дәмін татпағанын (11 жеңіс, 4 тең ойын) айта кеткен жөн. Бірінші айналымды "Ордабасы" көшбасшы ретінде аяқтағанымен, "Қайрат" соңғы турлардағы нәтижелі ойындарының арқасында (соңғы матчта "Оқжетпесті” 5:0 есебімен тас-талқан етті) уақытша бірінші орынға жайғасты.
Үздік үштікті "Оқжетпес” 27 ұпаймен түйіндеп тұр. Одан кейінгі орындарда 26 ұпайдан жинаған "Елімай” мен "Астана" келеді. Биылғы маусымның басты сенсацияларының бірі ретінде жаңадан келген "Ұлытауды" атауға болады, олар 23 ұпаймен 6-орында нық тұр.
Сұрмергендер мен ассистенттер: Монтейро мен Мұртазаевтың бәсекесі
Жекелей статистикада Жорже Габриель Да Коста Монтейро яғни Жоржиньо ("Қайрат»") мен Роман Мұртазаев ("Елімай") арасында нағыз сұрмергендер айқасы жүріп жатыр. Екі ойыншының да еншісінде 8 голдан бар. Жоржиньонығ xG көрсеткіші (күтілетін голдар) 6.9-ды құраса, Мұртазаев 4.9 xG көрсеткішімен 8 гол соғып, өзінің жоғары шеберлігін дәлелдеп отыр. Олардан кейін 7 голмен “Челсиге” қосылып жатқан Дастан Сәтпаев тұр.
Нәтижелі пастар беру бойынша бірнеше ойыншы 4 ассистпен көш бастап тұр. Олардың қатарында Асхат Балтабеков ("Жетісу"), Владислав Васильев ("Оқжетпес") және тағы Жоржиньо бар. Балтабеков пен Васильевтің креативтілігі жоғары: Васильев 17 шешуші пас берсе, Балтабеков 15 рет әріптестерін қолайлы позицияға шығарған.
Қорғаныс шебі және құрғақ матчтар
Қақпашылар арасында "Қайраттың" жас түлегі Темірлан Анарбеков феноменалды ойын көрсетуде. Ол 18 матчтың 9-ын гол жібермей аяқтаған және оның еншісінде 47 сейв бар. Одан кейінгі орында "Ордабасының" қақпашысы Бекхан Шайзада тұр (7 құрғақ матч). Сондай-ақ, Александр Заруцкий ("Ақтөбе"), Дмитрий Челядник ("Қызылжар") және Максим Плотников ("Жеңіс") 6 матчтан қақпаларын берік ұстаған.
Статистикалық серпіліс: Аудитория мен сапа
2026 жылғы маусымның цифрлары лиганың даму жолында екенін көрсетеді:
– Көрермен саны: 124 матчқа 760 785 адам келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 36%-ға жоғары.
– Трансляциялар: Тікелей эфирлердің қаралымы 5,6 миллионнан асып, 112.8%-ға өскен.
– Жастарға сенім: Лиганың орташа жасы 27.5-тен 25.4-ке төмендеген.
– Отандық ойыншылар: Қазақстандық футболшылардың үлесі 51.3%-ға жетті.
Сонымен қатар, лигадағы тәртіп те жақсарған. Қызыл қағаздар саны 30.6%-ға азайып, фолдар саны да кеми түскен. Бұл футболдың таза әрі сапалы бола бастағанының айғағы.
Қорытынды
Қазақстан Премьер лигасының 2026 жылғы маусымы жанкүйерлерге нағыз футбол мерекесін сыйлауда. Стадиондардағы аншлаг, медиа-көрсеткіштердің өсуі және жас таланттардың жарқырап шығуы — отандық футболдың дұрыс бағытта келе жатқанын білдіреді. Алда бізді "Қайрат” пен "Ордабасы” арасындағы чемпиондық үшін кескілескен күрес және турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі элитада қалу үшін талас күтіп тұр.
Біздің серіктес: FONBET