Жарнама
Жарнама

«Кейде дер кезінде қоштасқан дұрыс»: Андрей Мартин «Ордабасыдан» кетуін түсіндірді

Бүгін, 10:58

Шымкенттік «Ордабасының» бұрынғы бас бапкері Андрей Мартин командадан кетуіне қатысты пікір білдірді. Молдовалық маман клуб басшылығымен келісімшартты ұзартпау туралы ортақ шешім қабылдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

2026 жылғы маусымда «Ордабасыны» Қазақстан чемпионы атандырып, ел кубогын жеңіп алған бапкер тарихи жетістіктерге қарамастан, Шымкенттік командамен жұмысын жалғастырмайтын болды.

Андрей Мартин клубтан кету туралы шешімнің өзара келісім негізінде қабылданғанын айтты.

«Біз клубпен бірлесіп шешім қабылдадық. Енді біраз демалып, мансабымның жаңа кезеңіне дайындаламын. Осы тарихи жыл мен маған көрсетілген сенім үшін «Ордабасы» басшылығына үлкен алғыс айтамын», – деді маман.

Ол Шымкент қаласына, клуб жанкүйерлеріне және қала әкіміне де ризашылығын білдіріп, команданың алдағы уақытта табысқа жете беруіне тілектестік танытты.

Журналист бапкерден екі бірдей трофей жеңіп алғаннан кейін клубтан кетуінің себебін сұрады. Мартин кей жағдайда жақсы қарым-қатынасты сақтай отырып, ынтымақтастықты дер кезінде аяқтаған дұрыс екенін жеткізді.

«Кейде дер кезінде қоштасып, жақсы қарым-қатынасты сақтап қалған дұрыс. Менің ойымша, қазіргі жағдайда бұл — ең тиімді шешім», – деді Андрей Мартин.

Сұхбат барысында журналист «Ордабасы» чемпион атанғаннан кейін де бапкермен келісімшартты бірден ұзартпағанын еске салды. Мартин бұл жағдайдың келіссөздерге әсер еткенін жасырмады.

Оның айтуынша, келісімшартты ұзарту мәселесінің уақытында шешілмеуі тараптардың соңғы шешім қабылдауында белгілі бір рөл атқарған.

Сонымен қатар журналист клуб басшылығы танымал бапкерді жоғары жалақымен шақыруды жоспарлап отырғаны туралы қауесеттерге де тоқталды.

Алайда Мартин бұл ақпаратқа түсініктеме беруден бас тартты. Ол келесі бас бапкерді таңдау клуб басшылығының құзыретіндегі мәселе екенін және олардың шешіміне араласпайтынын жеткізді.

Молдовалық маман алдағы мансабына қатысты да пікір білдірді. Қазіргі уақытта ол басқа клубтармен жүргізілуі мүмкін келіссөздер туралы ақпарат беруге асықпайтынын айтты.

Мартиннің сөзінше, алдымен бір апта футболдан демалып, содан кейін болашақ жұмысына қатысты ұсыныстарды қарастыруды жоспарлап отыр.

Бапкер Қазақстан чемпионатында жұмысын жалғастыру мүмкіндігін де жоққа шығармады.

«Қазақстанда өткізген уақытымда өзімді өте жақсы сезіндім. Сондықтан осы тамаша елде тағы бірнеше маусым жұмыс істеуім мүмкін екенін жоққа шығармаймын», – деді ол.

Андрей Мартиннің жетекшілігімен «Ордабасы» 2026 жылғы Қазақстан Премьер-лигасында 68 ұпай жинап, чемпион атанды.

Шымкенттік клуб 30 кездесуде 59 гол соғып, өз қақпасына 23 доп жіберді. Сонымен қатар команда Қазақстан кубогының финалында қызылордалық «Қайсарды» 4:1 есебімен жеңіп, бір маусымда екі ірі трофейді иеленді. Осылайша, «Ордабасы» өз тарихында алғаш рет «алтын дубль» жасады.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров