Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров “Ақтөбенің" өз алаңында “Астананы” 2:0 есебімен жеңген матчынан кейін пікір білдірді. Өңір басшысы ұжымның жеңісіне тоқталып, жанкүйерлерге алғыс айтты, сондай-ақ клубтың жекеменшікке өтуі мен алдағы инфрақұрылымдық жоспарлары туралы маңызды мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.
"Бүгін командамыз бізді жақсы нәтижемен қуантты. "Астананы” 2:0 есебімен жеңді. Мен де стадионда болдым, барлық Ақтөбеліктер сияқты бұл жеңіске қатты қуандым. Жанкүйерлер командаға әрдайым керемет қолдау көрсетіп келеді, сол үшін оларға ерекше алғыс айтамын. Бірақ бәрі футболшылар мен бапкерлер штабының қолында. "Ақтөбе" — оңайлықпен берілетін команда емес. Жігіттеріміз соңына дейін күресетініне сенемін.” — деді Асхат Шахаров Серый CARDINAL-ға берген сұхбатында.
Облыс әкімі клубтың жекеменшікке берілуі мен оның даму жоспары туралы да айтты.
"Біз Қазақстанда алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысының тапсырмасын орындап, футбол клубын жекеменшікке өткіздік. Өздеріңіз білетіндей, клубқа беделді кәсіпкер Нұрлан Артықбаев келді. Оның клубты дамытуға қатысты нақты көзқарасы мен жоспары бар. Тек оған уақыт керек. Барлық жанкүйерді сабыр сақтап, клубтың жаңа иесіне қолдау көрсетуге шақырамын."
Алдағы жылдары клуб сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтеріліп, Еуропалық стандарттарға жақындауы тиіс. Клуб иесі заманауи футбол базасын салуды жоспарлап отыр. Ал біздің міндетіміз — балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту және Президенттің тікелей қолдауымен салынып жатқан 35 мың орындық жаңа стадион құрылысын жүзеге асыру, — деп атап өтті облыс әкімі.
Әңгіме соңында Асхат Берлешұлы "Ақтөбенің" ең үлкен әрі ең жарқын жеңістері әлі алда екеніне сенім білдірді.
Біздің серіктес: FONBET