Қазақстан премьер-лигасының 5 туры артта қалды. Дәл қазір 3 бірдей ұжым 11 ұпаймен көш бастап келеді. Әлі жеңіліп көрмеген де 5, жеңіп көрмеген де 5 команда бар. Енді 6-турдың нәтижелері қандай болмақ? Болжам жасап көрдік.
«Ертіс» - «Жетісу»
Тур Павлодар қаласындағы Орталық стадионда басталады. Турнирлік кестенің түпкі жағында көршілес орналасқан қос ұжым кім мықтыны анықтамақ. Алайда «Жетісу» клубының өткен турлардағы қарсыластарына қарасаңыз 5 ұпайды қалай еншілегеніне қайран қаласыз. «Тобыл» мен «Қайраттан» ұпай алып, «Каспийді» минималды есеппен жеңген «Жетісудің» қарқыны жаман емес. Ал «Ертіс» болса барлық өткен 5 ойында да гол соғып келе жатыр. Бұл ойында да голсыз кете қоймас. Алайда Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері мінез танытып жеңісті жұлып алуы тиіс. Яғни, біздің болжам бойынша кездесу 1:2 есебімен қонақтар пайдасына шешіледі.
«Елімай» - «Астана»
Қос ұжым да биыл үйдегі матчтарын «Астана Аренада» өткізіп жүр. Демек, номиналды алаң қожайындары семейліктер болғанымен, қарсыластары өз алаңында ойнайтын болып тұр. «Астана» футболшылары шаршады ма, әлде өздеріне деген сенімін жоғалта бастады ма, соңғы нәтижелері көңіл көншітпейді. Ал «Елімай» болса керісінше, тікелей қарсыластарын Роман Мұртазаев сынды «джокерінің» арқасында қапы қалдырып командалық рухын тіктеп алған. Семейлік ұжым бұл жолы да кезекті жеңісіне қол жеткізетін сыңайлы. Гол көп соғыла қоймас. 1 голды «Елімай» місе тұтып, сенімді жеңіске қол жеткізуі керек.
«Қайрат» - «Каспий»
Турнирлік кестеде көш бастап тұрған «Қайрат» соңғы орынға жайғасқан «Каспийді» қабылдайды. Жазда еурокубоктегі жолы басталатындықтан «Қайратқа» қазір әрбір ұпайды еншілеу аса маңызды. Әсіресе аутсайдерлерге қарсы ойындарда ұпай жоғалту турнир соңында өзекті өртер өкінішке ұрындыруы мүмкін. Ал «Каспий» өткен турдағы кезекті жеңілісінен соң бас бапкер Пірәлі Әлиевті қызметінен босатты. Оның орнын басқан Ерлан Шойтымовқолынан не келетінін көрсетуі керек. Азулы қарсыласынан ұпай тартып алмаса да, тіс батырып келесі қарсыластарын бір қорқытып қойғаны жөн. Бұл ойында таң қалдырарлық сенсация күтпейміз. Алматылық команда қиналмай 2:0 есебімен жеңуі керек.
«Ордабасы» - «Оқжетпес»
Бұл ойынды турдың орталық матчы дер едік. Биыл амбициясы зор «Ордабасы» әрбір матчта соңына дейін күресіп, интригаға толы матчтар сыйлап жүрген «Оқжетпеспен» ойнайды. Екеуі де шабуылда жақсы ойнайтын ұжымдар. Шымкенттіктер толассыз шабуылдар ұйымдастырып, қарсыластарын біраз мазалайды. Бірақ, қақпаға тура соққы жасап, гол соғу біраз қиындықтар тудырып жатады. Ал «Оқжетпес» болса мүмкіндіктерін тамаша пайдалана білетіндігінің арқасында 3-орында келе жатыр. Біздіңше, бұл матчта біраз гол соғылуы ықтимал. Қорытынды есеп алаң қожайындарының пайдасына 2:1 немесе көкшетаулықтар тағы да мінез көрсете алса 2:2 болуы әбден мүмкін.
«Ұлытау» - «Тобыл»
Турдың екінші ойын күні Жезқазғандағы матчпен ашылмақ. «Ұлытау» маусым басында-ақ өзінің аутсайдер емес екенін дәлелдеп тастағандай. «Қызылжар» мен «Алтайды» жеңіп, «Ақтөбемен» тең ойнауы осыны айтады. Ал «Тобылдың» маусымды сәтсіз бастауын әрине қарсыластарының мықты болғанымен түсіндіреміз. Қостанайлықтардың да жеңетін күні туған секілді. «Ұлытау» қанша мықты болғанымен, «Тобыл» оңайлықпен өздерінен ұпай тартып алуына жол бере қоймас деп ойлаймыз. Есеп 1:2 болады деп топшылауымыз өте орынды болады деп ойлаймыз.
«Атырау» - «Қызылжар»
Түркістанда өтетін бұл матч қызыққа толы болатын секілді. Қорғанысы мығым «Атырау» төрт матч қатарынан тең ойнап келе жатып ақыры алдыңғы турда «Қайсардан» басым түсті. Ал «Қызылжар» болса «Жеңісті» 4:0 есебімен тас-талқан етіп таңдай қақтырды. Сол ойында екі гол соғып, екі голдық пас берген Йоханнес Бьорталидтің ойынын тағы тамашалау да өзінше бір қызық болып тұр. Екі команда да ұқыпты, тәуекелсіз ойнауға тырысатын ұжымдар. Сондықтан, гол көп соғылмай, мүмкіндігін сәтті пайдалана білгені жеңіске жететін кездесу күтеміз. Шамамен, 1:0 немесе 1:1 болады деп ойлауымызға толық негіз бар.
«Жеңіс» - «Ақтөбе»
Екі ұжымнан да маусым басында біраз нәрсе күтіп қалдық. Бірі Александр Меркель сынды футболшыны құрамына қосып, Қазақстан ұлттық құрамасында жұмыс істеген Әли Әлиевті бас бапкер етіп тағайындаса, бірі Луиш Нани мен басқа да мықты футболшыларды қатарына қосып чемпиондық амбициямен маусымды бастады. Таң қаларлық бір жайт құрамды тізгіндегеніне 3 қана матч болған Штефан Тарковичтің ағалы-інілі Алиевтердің екеуінде жұмыстан шығуына себепкер болу мүмкіндігімен байланысты. Бұл ойында да 0:1, 1:1 секілді есептер тіркелуі бек мүмкін.
«Қайсар» - «Алтай»
Қос аутсайдер турды түйіндейді. «Қайсардан» да маусым басталмай жатып жанкүйерлер біраз нәрсе күтіп қалды. Виктор Мозесті әкелуі мен былтырғы маусымда «Оқжетпеспен» жақсы нәтижелерге қол жеткізген Андрей Ферапонтовтың тізгінді ұстауы қызылордалықтарға үміт сыйлаған еді. Алайда, «қасқырлардың» қазір жағдайы мәз емес. 5 ойында 1 ғана гол соққан олар турнирлік кестенің 12-орнында. Вахид Масудов шәкірттерінің біздіңше қазіргі «Қайсарды» жеңуге қауқары жетеді. Минималды 0:1 есебімен ұтатын болса, соның өзі өскемендіктер үшін зор қуаныш.
Біздің серіктес: FONBET