"Тобыл" десе, ойымызға бірден Нұрбол Жұмасқалиев келеді. Ал Жұмасқалиев десе, көз алдымызға Қостанай клубы елестейді. Алайда бүгін екі тарап өзара келісіммен ынтымақтастықты тоқтатқанын ресми жариялады. Бұл — жай ғана бапкердің қызметтен кетуі емес, тұтас бір футбол дәуірінің нүктесі.
Нұрбол Жұмасқалиевтің бапкерлік жолы өзгелерге ұқсамайды. Ол сырттан дайын маман болып келген жоқ, ол осы клубтың жүйесінде пісіп-жетілді. 2019 жылы Владимир Газзаев кеткенде спорттық директордан уақытша бапкерлікке ауысқан Нұрбол, кейіннен U-19 командасын жаттықтырып, ұлттық құрамада ассистент болып тәжірибе жинады.
2024 жылы тізгінді толық алған соң, ол біршама жетістіктерге жетті:
– 2025 жыл: ҚПЛ-да қола және Қазақстан Кубогы
– 2026 жыл: Қазақстан Суперкубогы.
Бірақ биылғы маусымның басы сәтсіз болды. Алғашқы үш турда небәрі 1 ұпай жинаған соң, эволюциялық жолмен өскен бапкер мен клуб басшылығы қоштасуды жөн көрді.
Жұмасқалиев «Тобылды» 89 матчқа бастап шығып, 41,6% жеңіс көрсеткішін тіркеді.
37 жеңіс, 26 тең ойын және 26 жеңіліс.
Оның бапкерлік мансабын ойыншы ретіндегі жетістіктерінсіз елестету мүмкін емес. Нұрбол — Қазақстан Премьер лигасының нағыз символы:
– 526 матч — ҚПЛ тарихындағы абсолютті рекорд.
– 167 гол — Сұрмергендер көшіндегі дара орны.
– Үш дүркін елдің үздік футболшысы (2003, 2005, 2010 жж.).
Ол 2007 жылы Интертото кубогын жеңіп алып, еуропалық турнирде топ жарған алғашқы Қазақстандықтардың бірі болды. 20 жасқа толмай жатып "Тобылдың" капитаны атанған жігіт, ширек ғасырға жуық уақытын осы клубқа арнады.
Қазақстан футболында бұрынғы ойыншылардың бір клубқа мұншалықты адал болуы сирек кездесетін құбылыс. Жұмасқалиев "Тобылдың” ішінде футболшыдан бапкерге дейінгі барлық сатыдан өтті. Сондықтан оның кетуі — кадрлық ауыс-түйіс емес, клуб тарихындағы үлкен бір тараудың жабылуы.
Аңыз кетті, бірақ оның Қостанай футболына сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.
Біздің серіктес: FONBET