Жарнама
Жарнама

«Олардың қорғанысын бұзу қиын болды»: Словакия қорғаушысы Қазақстанмен болған матчты бағалады

Бүгін, 06:54

Словакия құрамасының қорғаушысы Давид Ганцко Қазақстанға қарсы Ұлттар лигасының екінші турындағы жеңістен кейін ойын туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

Кошицеде өткен кездесу алаң иелерінің 2:1 есебіндегі жеңісімен аяқталды. Словакия құрамасы Лео Зауэрдің голымен есеп ашқанымен, бірінші таймда Рамазан Каримов таразы басын теңестірді. Ал 82-минутта Ганцко бұрыштамадан кейін баспен гол соғып, командасына жеңіс сыйлады. 

Матчтан кейін «Атлетико» қорғаушысы кездесуден алған әсері аралас екенін айтып, Қазақстан құрамасының қорғанысын бұзу оңай болмағанын атап өтті.

«Сезімім аралас. Біздің ойынымыз өзіміз қалағандай мінсіз болған жоқ. Мүмкін, Молдоваға қарсы матчпен салыстырғанда ойынды жақсырақ бастаған шығармыз. Бірақ олардың қорғанысын бұзу қиын болды. Бірінші таймда бірнеше айқын мүмкіндікті пайдалана алмадық, кейін қарсылас жалғыз қауіпті шабуылынан гол соқты.» — деді Ганцко.

Словакиялық футболшы екінші таймда да Қазақстан құрамасының қауіпті сәттер жасағанын атап өтті. Оның айтуынша, мұндай тартысты ойындарда стандартты жағдайларды тиімді пайдалану маңызды.

«Екінші таймда да олар қауіпті болды. Ойынның барысын стандартты жағдай арқылы өзгерте алғанымызға қуаныштымын. Осындай қиын кездесулерде көп нәрсе ойдағыдай болмаған кезде, стандарттан гол соға білу өте маңызды.» — деді қорғаушы.

Ганцконың өзі матчтың 82-минутында шешуші голды соқты. Ондрей Дуданың бұрыштамадан берген добын қорғаушы баспен қақпаға бағыттап, Словакияға үш ұпай әкелді. Бұл оның ұлттық құрама сапындағы сегізінші голы болды.

Осы жеңістен кейін Словакия құрамасы Ұлттар лигасының С дивизионындағы C3 тобында екі матчтан кейін алты ұпай жинап, көш бастап тұр. Қазақстан құрамасының еншісінде бір ұпай бар. Джон ван ’т Схип шәкірттері алғашқы турда Фарер аралдарымен 1:1 есебімен тең түскен еді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров