Кейбір жұртшылық 13 тур бойы жеңіліс көрмей, турнир кестесінің шыңында сенімді келе жатқан Шымкенттік “Ордабасыны” мерзімінен бұрын чемпион деп жариялауда. Алайда, белгілі отандық футбол ардагері Болат Есмағамбетов Шымкент клубының тағдыры алдағы уақытта күл-парша болуы мүмкін екенін ашық ескертті, деп хабарлайды Aladop.kz.
Сарапшы “Ордабасының” дәл қазіргі жетістігіне қарап, оларды мінсіз ұжым санау — үлкен қателік екенін кесіп айтты. Алда әлі талай тартысты кездесулер күтіп тұр.
"Маусымның аяқталуына әлі тұтастай 17 тур бар. Сондықтан дәл қазір “Ордабасы болды, чемпион атанды” деп үкім шығару тым ерте. Иә, шымкенттіктер 13 ойын бойы ұтылмады, бұл — жақсы нәтиже.” – дейді Есмағамбетов.
Бірақ сарапшының пайымдауы бойынша, олардың көрсетіп жүрген футболын “керемет бір чемпиондық ойын” деп айтуға ешқандай негіз жоқ.
Дәл қазіргі сәтте Алматылық “Қайрат” клубының ішкі дағдарыс пен психологиялық тығырыққа тірелгені баршаға мәлім. Маман дәл осындай соққы алдағы уақытта Шымкент клубын да сұлатып түсіруі мүмкін екенін жасырмады:
“Қазір “Қайратта” үлкен дағдарыс болып жатыр. Ал Шымкентте ондай масқаралықтың болмайтынына кім кепіл бере алады? “Ордабасының” қай кезеңде құрдымға кетіп, кризиске ұшырайтынын ешкім алдын ала білмейді."
Сарапшы биылғы маусымда чемпиондық атақ тек екі алпауыттың арасында ғана сарапқа салынатынын нақтылап берді. Ал өзгелер тек қола жүлдені қанағат тұтпақ.
Есмағамбетовтың сөзінше, алтын үшін тек “Ордабасы” мен “Қайрат” қана соңына дейін жан алысып, жан беріседі. Ал сенсация жасап жүрген “Елімай” мен елордалық “Астана” тек үшінші орын үшін таласатын болады.
"Шымкенттіктердің тағдыры олардың сырт алаңда “Қайрат” және “Астана” клубтарына қарсы өткізетін сұрапыл бәсекелерінде шешілмек. Дәл осы қос матч чемпионның кім болатынын айқындап береді.” – деп түйіндеді Болат Есмағамбетов Aladop.kz сайтына берген сұхбатында.
Біздің серіктес: FONBET