Жарнама
Жарнама

Скотт Манн: Қазақстан құрамасы мұндай нәтиже көрсетуге тиіс емес

Бүгін, 12:30

Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Скотт Манн құраманың Ұлттар лигасындағы нәтижесіне қатысты жанкүйерлер мен футбол қауымдастығына үндеу жасады, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

Ол команданың қазіргі көрсеткішін қабылдауға болмайтынын айтып, жарыс аяқталғаннан кейін ауқымды талдау жүргізілетінін мәлімдеді.

Манн жанкүйерлерге Ұлттық құрамаға қиын кезеңде де қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар федерация құраманың нәтижесіне көңілі толмайтынын және жанкүйерлердің ренішін түсінетінін жеткізді.

«Біз бұл нәтижені қалыпты жағдай деп қабылдамаймыз. Қазақстан ұлттық құрамасы мұндай нәтиже көрсетуге тиіс емес деп санаймыз», – деді ҚФФ бас хатшысы.

Оның айтуынша, Ұлттар лигасының осы кезеңіндегі қалған матчтар аяқталғаннан кейін Ұлттық құраманың жұмысына толық талдау жасалады. Мамандар команданың дайындығын, ойыншыларды таңдауды, жаттығу үдерісін, жаттықтырушылар штабының жұмысын және жалпы нәтижелерді бағалайды.

Талдау тек негізгі құрамамен шектелмейді. Федерация U-15, U-16, U-17, U-19 және U-21 жасөспірімдер мен жастар құрамаларынан бастап, ұлттық командаға дейінгі ойыншыларды даярлау жүйесін де тексермек. Бұған қоса, техникалық орталық пен ұлттық құрамалар департаментінің жұмысы қарастырылады.

Манн талдау қорытындысы бойынша нақты шешімдер қабылданатынын атап өтті. Қажет болған жағдайда, федерация түбегейлі өзгерістерге де баруы мүмкін. Оның сөзінше, басты мақсат – қазіргі жағдайдың себептерін анықтап, қазақстандық футболдың дамуына кедергі келтіріп отырған мәселелерді шешу.

Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы келесі кездесуін Молдоваға қарсы сырт алаңда өткізеді. Одан кейін Астанада Словакиямен ойнайды. Манн осы матчтарды барынша лайықты аяқтап, содан соң алдағы істерге қатысты жүйелі шешімдер қабылдау маңызды екенін айтты.

ҚФФ бас хатшысы Қазақстан футболының стратегиялық мақсаты Еуропа чемпионатына жолдама алу екенін де еске салды. Оның пікірінше, келесі іріктеу кезеңіне дайындықты қазірден бастау қажет.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров