Қазақстан Премьер лигасында өнер көрсететін «Атырау» жаңа үй аренасына ие болды, деп хабарлайды Aladop.kz.
Атырау қаласындағы «Судоремонтник» стадионы Қазақстан футбол федерациясының лицензиялау рәсімінен сәтті өтіп, Премьер лига матчтарын өткізуге ресми рұқсат алды.
Клубтың хабарлауынша, «Мұнайшылар» жаңа стадионда алғашқы кездесуін 14 қазанда өткізеді. Бұл күні «Атырау» өз алаңында «Елімайды» қабылдайды. Ал 25 қазанда Атыраулықтар «Ертіспен» кездеседі.
Бұған дейін «Атыраудың» негізгі үй аренасы «Мұнайшы» стадионы болған. Алайда нысанның реконструкцияға жабылуына байланысты команда үй матчтарын Түркістан қаласында өткізуге мәжбүр болды.
Ал «Судоремонтник» ұзақ уақыт бойы клубтың жаттығу базасы ретінде ғана пайдаланылып келді. Енді стадион тиісті талаптарға сай деп танылғаннан кейін, ол «Атыраудың» уақытша негізгі үй аренасына айналады.
Осылайша, «Атырау» өз алаңындағы кездесулерін қайтадан туған қаласында өткізуге мүмкіндік алды. Команда үшін бұл маусымның шешуші кезеңінде жанкүйерлерінің қолдауына ие болуға жол ашады.
Біздің серіктес: FONBET