Жарнама
Жарнама

Стас Покатилов: «Бұл — Қазақстандағы жас футболшылар үшін үлкен мотивация»

Бүгін, 17:45

Қазақстан ұлттық құрамасының қақпашысы Стас Покатилов Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде өнер көрсетуінің маңызы туралы айтып, Дортмундтық «Боруссияға» қарсы матчтан алған әсерімен бөлісті, деп хабарлайды Aladop.kz.

Жарнама
Жарнама

Әзербайжанның «Сабах» клубында ойнайтын Қазақстандық голкипердің пікірінше, Еуропаның басты клубтық турнирінде алаңға шығу — өзі секілді қарапайым ортадан шыққан жас футболшылар үшін үлкен үлгі.

Покатилов Чемпиондар лигасының үшінші турында «Боруссияға» қарсы өткен кездесуде «Сабахтың» жеңіліп қалғанына өкінетінін жасырмады. Бакуде өткен матч 1:2 есебімен аяқталды. Қақпашының айтуынша, Әзербайжандық клубтың кем дегенде тең есепке қол жеткізуге мүмкіндігі болған. Алайда қарсыластың деңгейі жоғары екенін мойындады.

«Қазір эмоция да, күш те қалмады. Кем дегенде жеңілмеуді қатты қаладық, оған мүмкіндік те болды деп ойлаймын. Бірақ Боруссия — басқа деңгейдегі команда, Славия емес. Дегенмен дебютанттар ретінде лайықты ойын көрсеттік деп есептеймін. Әсіресе кездесудің алғашқы минуттарында жақсы ойнадық. Осы қарқында жалғастырамыз», — деді Қазақстандық қақпашы ASnews.kz сайтына берген сұхбатында.

Еске салайық, бұған дейін Покатилов Чехиялық «Славияға» қарсы матчтағы өнері үшін жоғары баға алып, Чемпиондар лигасының аптаның үздік ойыншылары қатарына енген болатын. Дегенмен 33 жастағы футболшы жеке марапаттардан бұрын команданың нәтижесін жоғары қоятынын атап өтті.

«Кейбір матчтарда команда аутсайдер саналғанда, қорғаушылар мен қақпашыларға өздерін көрсету оңайырақ болады. Әрине, еңбегіңнің бағаланғаны жағымды. Бірақ оған байланып қалмаймын. Ең бастысы — команданың нәтижесі, содан кейін ғана жеке жетістіктер», — деді ол.

Қазақстандық қақпашы Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде ойнауды арманының орындалуы деп санайды. Оның пікірінше, мұндай деңгейде өнер көрсетуге қол жеткізген футболшылар елдегі жас таланттарға үлкен үміт сыйлайды.

«Бұл — жүз пайыз арман. Қарапайым ауладан футбол жолын бастаған Қазақстандағы жігіттерге үлгі бола аламын деп ойлаймын. Бұл армандардың орындалатынын, бәріне қол жеткізуге болатынын көрсетеді. Осындай деңгейге жетіп, өзіңді дәлелдеу — Қазақстаннан шыққан біз секілді жігіттер үшін үлкен мотивация», — деп түйіндеді Покатилов.

«Сабах» пен «Боруссия» арасындағы кездесуде Стас Покатилов толық 90 минут ойнап, алты сейв жасады. Sofascore порталы оның өнеріне 8,3 балл қойды. Үш турдан кейін Әзербайжандық клубтың еншісінде үш ұпай бар. «Сабах» Чемпиондар лигасындағы келесі кездесуін 4 қарашада Норвегияның «Викинг» командасына қарсы өткізеді.

Жарнама
Жарнама

Новости партнеров