Түркия футболында шетелдік ойыншыларға қатысты жаңа өзгеріс енгізу жоспарланып отыр. Түркі мемлекеттерінің футболшылары бір-бірінің елдерінде легионер емес, жергілікті ойыншы ретінде қарастырылмақ, деп хабарлайды Aladop.kz.
Бұл туралы Түркияның Әділет және даму партиясы төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі жауапты тұлға Күршад Зорлу Sözcü басылымында мәлімдеді.
Зорлудың айтуынша, өткен аптада Түркия футбол федерациясының ұйымдастыруымен түркі мемлекеттерінің футбол федерациялары бас қосқан. Кездесу барысында мемлекеттер арасындағы футболшылардың мәртебесіне қатысты ортақ шешім қабылданған. Енді түркі елдерінің ойыншылары өзара келісім аясында легионер емес, жергілікті футболшы ретінде қарастырылмақ.
«Түркі әлемінде ортақ футбол экожүйесін қалыптастырып, талантты ойыншыларымызды бір-біріміздің елдерімізге тартуды мақсат етіп отырмыз», — деді Күршад Зорлу.
Бұл бастама Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжан секілді түркі мемлекеттерінің футболшылары үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы ықтимал. Алайда ереженің нақты қай күннен бастап күшіне енетіні, қандай чемпионаттар мен турнирлерге қолданылатыны әзірге толық нақтыланбаған. Сондықтан оны Түркия чемпионатында қазірдің өзінде күшіне енген ереже деп айтуға әлі ерте.
Сонымен қатар түркі мемлекеттері арасында екі жылда бір рет өткізілетін Түркі мемлекеттері футбол кубогын ұйымдастыру жоспары да жарияланды. Бұл турнир аймақтағы футбол байланыстарын нығайтып, ұлттық құрамалар мен клубтар арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталмақ.
Егер бастама толық жүзеге асса, түркі елдерінің футболшыларына шетелдік чемпионаттарға ауысу жеңілдеп, клубтар үшін ойыншыларды іріктеу мүмкіндігі кеңеюі мүмкін.
Біздің серіктес: FONBET