ЦСКА Бахтиер Зайнутдиновтің команда сапындағы бірінші күніне арналған видеоблог түсірді.
ЦСКА ТВ қызметкерлері Зайнутдиновтан бұған дейін стадионда болғансың ба және команданы күшейте аласың ба деп сұрады.
"ЦСКА стадионында бірінші рет емеспін. Бұл жерде бұған дейін ойнадым. Иә, көңілім толады. Команданы күшейтемін бе? Бұйырса! Құдай қаласа!", - деп жауап берді Зайнутдинов.
Сонымен бірге, бұл видеоблогта ЦСКА футболшының бас директор Роман Бабаевпен сөйлескенін көрсетті. Директор отандасымызға дұрыс таңдау жасағанын айтып, алдағы уақытта бірге талай жеңіске жетуге үмітті екенін жеткізді.
Еске салайық, 22 жастағы Зайнутдиновтің ЦСКА сапына ауысқаны туралы 25 тамыз күні белгілі болған еді. Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы бес жылдық келісімшарт түзіп, 19 нөмірді таңдады.
Зайнутдинов ЦСКА сапындағы бірінші кездесуін командаға ауысқаннан кейін ертесіне өткізді. Мәскеулік команда бұл ойында "Краснодар" командасымен кездесті. Отандасымыз матчтың 54-минутында шабуылшы Федор Чаловтың орнына шықты. Ал ойын 1:1 есебімен тең аяқталды.
Айта кетейік, Зайнутдинов 2019 жылдың басында "Ростов" сапына ауысқан болатын. Бұл команда сапында жартылай қорғаушы 35 кездесуге қатысып, төрт гол және екі нәтижелі пас берді.
Біздің серіктес: FONBET