2-турға шолу

14.03.2011, 22:36
2-турға шолу

Футболдан сенбі күні кестеге сай жоспарланған Қазақстан чемпионатының екінші туры ойындары өтті. Қос турдың қорытындысы бойынша көш басында «Ақтөбе» командасы келеді. Муханов шәкірттері Керекуде өткен аса шиленісті матчта «Ертісті» ұтты. Ал былтырғы чемпион «Тобыл» биылғы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. «Ертіс» — «Ақтөбе» 2:3 (1:2) Голдар: Лисенков 13 (0:1) Дорош 19 (1:1), Хайруллин 42 (1:2), Даскалов 80 (2:2), Хайруллин 91 (2:3) Араға біраз уақыт салып Кереку жұртына да футбол қайта оралды. Павлодарда ауа температурасы -7 градусты көрсетіп тұрса да, стадионға жанкүйер қарасы көп жиналды. 5700 көрермен тамашалады матчты. Ойын алдында алаң иелері кем дегенде тең ойынға үміт артқан. Алайда кездесудің соңында «Ертіс» тең нәтижені ұстап тұра алмады. Матчта Марат Хайруллин екі мәрте көзге түсті. Осы ойыннан кейін Марат мергендер көшін бастағанын айта кеткен жөн (3 гол, алғашқы турда «Атырау» қақпасына бір гол соққан). Матч соңында әдеттегідей журналисттермен жүздескен бапкерлер ойынға өз бағаларын берді. Муханов: «Ойын тартысты өтті. Бапкерлер үшін тактикалық жағынан қиындық туғызғаны да рас. Маусым басында бар команда білек сыбана ойнайды. Бірақ бүгінгі ойынның барысын біз өз уысымызда ұстадық. Жеңіске бұл ойында «Ақтөбе» лайық болды» десе, «Ертістің» бапкері Талғат Байсуфинов «Ойында орталық қорғаушыларымыз біраз қателіктерге бой алдырды. Дегенмен, ойын тең аяқталса әділ болар еді. Бүгін «Ақтөбенің» күні болды. Біз өз алаңымызда жоғалтқан үш ұпайды Ақтөбе жерінде қайтарамыз деп ойлаймын» деп өз ойын ортаға салды. Енді Байсуфинов шәкірттері үшінші турда Қарағандыға қонаққа барады. Керек дерек! «Ақтөбе» сапында 4 қазақ футболшысы доп тебеді (Сымақов, Данияр Мұқанов, Аслан Дарабаев, Руслан Сахалбаев). Сондай ақ команда да Роберт Праймус (Тринидад и Тобаго,), Хуан Хосе Безарес Аляркон (Испания, Кипрдың «АЕП» командасынан келді), Мак Мбоне Алан Элвис Боно (Камерун), Малик Мане (Сенегал), Тити Эссомба (Камерун) сынды шетелдік ойыншылар бар. Команданың «шалы» Петр Бадло – 35 жас. Ал ең жасы Сергей Лисенко – 21 жас. Ал «Ертістің» сапында Елдос Ахметов (командадағы ең жас ойыншы – 22 жаста), Азамат Әубәкіров, Максим Жалмағамбетов, Мұрат Тілешов сынды қандастарымыз ойнайды. Анатолий Дорош (Украина) пен Мамиту Кулибалу (Сербия) сынды шетел асып келген футболшылар да бар бұл командада. Команда сапындағы ардагер – Мұрат Тілешов( 31 жас) «Тобыл» — «Тараз» 3:0 (1:0) Голдар: Волков 8 — пенальти, Кислицын 67, Соболев 84 — автогол Алаңнан қуылды: Мұқашов («Тараз») Өз алаңында «Таразды» қабылдаған ел чемпионы осы маусымдағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қостанайдағы стадион күрделі жөндеуге байланысты «Тобыл» өз ойынын Затобольск қаласында өткізу туралы шешім шығарылған еді маусым басында. Сол шешімге орай «Таразды» қала сыртында қабылдаған «Тобыл» Мұрат Мұқашов қақпасына жауапсыз үш доп соқты. Ойыннан кейін Равиль Сабитов «Команда өз ойынын енді тауып келеді. Бүгінгі мачт біз үшін аса сәтті аяқталды. Әліде жұмыс жасауымыз керек. Чех легионері Кучера жақсы көзге түсті. Ол дәл осындай ауа райы жағдайында (суық) бірінші рет алаңға шықты» деді. Ал Воит Талгаев жеңілістің себебін қақпашы Мұқашовты кінәлады. Керек дерек! «Тобылдың» құрамында Мақсат Аханов, Дәурен Жәтеков (командадағы ең жасы – 21 жас), Ермек Нұрғалиев («Оқжетпестен» келді), Ринат Хасенов («Локомотивтен) сынды қандастарымыз бар. Ал шетел асып «Тобылдың» жейжесін кеген легионерлер мыналар: Стефан Кучера (Чехия, «Кладно» командасынан келді), Виталий Волков (Ресей, «Амкар» командасы) Ненад Сливич (Сербия, «Ягодина» командасынан), Самир Бекрич (Босния, «Железничар».), Александр Слаугин (Ресей, «Волга»). Командадағы жас үлкен футболшы – Сергей Костюк (33 жас). «Тараз» сапында 9 қазақ бар: Мұрат Мұқашев, Раміл Нұрмұхамедов, Нұртас Кургулин, Бауыржан Байтана, Ахат Ерсәлімов, Бауыржан Исламхан (командадағы ең жас ойыншы 18 жаста), Амангелді Жүсіпов, Ерзат Кенбаев. Бұл команданың сапында қандастарымызбен қатар шетелдіктер де біршама: Дамир Мемишевич (Босния, «Латаши»), Неманья Йованович (Сербия, «Васлуй» Румыния), Остойя Степанович (Сербия, «Маттерсбург» Австрия) , Абдулаи Диаките (Сенегал), Антон Землянухин (Қырғызстан). Команда ардагері Роман Пахолюк – 32 жас. «Қайсар» — «Восток» 1:1 (0:1) Голдар: Мрджанин 26 (0:1), Максим 78 (1:1) Өткен турда ұпай жоғалтқан «Қайсар» бұл жолы «Востокпен» ұпай бөлісуге мәжбүр. Ал осы ойыннан кейін «Восток» екінші сатыға жайғасты. Керек дерек! Қазағы көп деген «Қайсарды» сапындағы қандастарымыздың саны биыл 14 жетіпті: Aрслан Сатыбалдин, Ахмет Алайдаров, Алдан Балтаев, Серік Сағындықов, Арман Бірқұрманов , Әсет Меңліқожа, Талғат Сыздықов (команда ардагері – 33 жас), Сүйіндік Күшеков, Бағдат Исмаилов, Руслан Есатов, Ерлан Тұрашбаев (командадағы ең жасы – 21 жас) , Әділ Мұсабаев, Сабырхан Ибраев, Жасұлан Молдакараев. Ал «Восток» сапында саусақпен санарлық төрт қазақ бар: Жандос Оразов, Санат Жұмаханов, Абзал Байсебеков, Денис Төлебаев. Ал легионерлер саны өскемендіктер сапында көп: Джимми Мулиса (Руанда), Жорже Мржанин (Сербия,«Хайдук» Сербия), Мартин Ковачев (Болгария,«Сливен-2000» Болгария), Саша Добрич (Сербия, «Васас» Венгрия), Владимир Вуйович (Черногория, «Могрен» Черногория) Қалған «Локомотив», «Ордабасы», «Қайрат», «Жетісу», «Атырау», «Шахтер» командаларының құрамындағы қандастарымыз бен легионерлерді келесі турға қалдырайық. «Локомотив» — «Ордабасы» 1:0 Гол: Нөсербаев 87 (1:0) Алаңнан қуылу: Қонысбаев 58 Өткен маусымда «Ордабасыда» доп тепкен Танат Нөсербаев өзінің бұрынғы командасының қақпасын қаңыратты. Бір жылға жуық арқа дарақатына байланысты алаңға шықпаған Танат өзінің бұрынғы командасына жеңіліс, қазіргі командасына жеңіс сыйлады. Бүгінгі ойында алаңнан бір ойыншысы қуылса да, астаналықтар керекті үш ұпайын уыстады. «Жетісу» — «Қайрат» 0:1 (0:1) Гол: Байрамов 18 (0:1) «Атырау» — «Шахтер» 2:0 (0:0) Голдар: Травин 55 (1:0), Леон Джавиер 72 (2:0) Өткен турда сырт алаңда «Локомотивты» есеңгіреткен «Жетісу» бұл жолы өз алаңында күтпеген жерден «Қайратқа» есе жіберіп алды. Ал беташар ойынын «Қайсармен» өткізіп, жеңген «Шахтер» «Атырауға» есе жіберді. Осы ойындарның нәтижесіне қарап, ел біріншілігінде дәл бір команданың басымдылығы жайлы айту артық. Бір ойында мықты деген команда ұпай жоғалтып, бір ойында аутсайдерлер үш ұпай уыстап жатады. Осы нәтижелерден кейін-ақ ел чемпионатында әлі біз күтпеген нәтижелер тіркелеріне күмән жоқ. Турдың есеп қисабы: Екінші турдың барлық ойынына 21000 көрермен жиналған. Демек, әр ойынға 6000 жанкүйерден келеді. Турда биылғы маусымдағы алғашқы қызыл кәртішке көрсетілді: Ұлан Қонысбаев («Локомотив»), Мұрат Мұқашев («Тараз») Алты ойында 14 гол соғылды. 28 сары қағаз көрсетілді. Алаңға 39 қандасымыз шықты.

Руслан МЕДЕЛБЕК

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×