Тамыры тереңде жатқан «Тараз» футбол клубы хақында

15.03.2011, 00:06
Тамыры тереңде жатқан «Тараз» футбол клубы хақында

Бүгінде екі мың жылдық тарихы бар көне шаһар – Тараздың футболы хақында тебірене еске алып жатады қалам мен қағаз ұстаған журналист қауым. Иә «еске алып жатады». Себебі, клубтың бұрындары топ жарып жүрген жылдары бүгінгі күні сағымданған елеске айналып барады.

Осыдан 13-14 жыл бұрын «Тараз» футбол клубы біріншілікте бас бәйге алып, жүлдегерлер санатында жүретін. Ал қазіргі уақытта біріншіліктен қалай шығып кетпеудің қамымен жүрген клубтың жергілікті жанкүйерлерінің сүйікті командасы чемпионаттан шет қалады дегенге саналары сенгісі келмейді. Сенбеуге шара жоқ, өйткені, 2008 жылғы ел біріншілігінің басты жарысынан шет қалғанын жұрт жақсы біледі. Мұны көпшілік қауым клубтың ақша қоры азайғандықтан немесе білікті бапкердің жоқтығынан деп қабылдауы мүмкін. Әрине, олардың да айтарлықтай рөл ойнайтыны белгілі, бірақ  команда құрамын толықтырып отырған, алыстан ақша іздеп келген келімсектердің жанын салып ойнамауының да үлкен әсері барын ұмытпаған абзал. Ала доп десе ішкен асын жерге қояр жамағат, он шақты жыл бұрын бұл команда чемпионат жеңімпазы болып, 2004 жылы даңқы дүркіреп тұрған алматылық «Қайраттың» апшысын қуырып,  Қазақстан Кубогын иеленгенін білуі тиіс. Ендігі бүгінде «бал күндерді» тек еске алып қана қоятын болдық...

Аз-кем тарих...

Ал, енді жамбылдық клубтың жеткен жетістіктері мен тамыры тереңдегі тарихына үңілсек.

Жалпы, клуб 1961 жылдан бастап «Металлист» атауымен түрлі турнирлерге қатыса бастаған. Одан кейін де атауы сан өзгерген команда «Восход», «Энергетик», «Алатау», «Химик», «Фосфор» сынды ныспылармен өнер көрсеткен. Тек 1993 жылдың шілдесінен бастап қана «Тараз» атауы берілді. Кезінде жеті бірдей КССР кубогына қатысып, 1/16 финалға жеткен. Ол кездегі бәсекені ересек қауым біле жатар. Команда тарихындағы ең үлкен жеңіс ақтаулық «Мұнайшымен» өткен кездесу болып есептеледі («Мұнайшы» - «Тараз» 0-9). Ең сорақы деген матчтардың ішіндегі шоқтығы биігі Астананың «Жеңісінен» тапқан жеңіліс («Жеңіс» - «Тараз» 8-0). Ал өз тәуелсіздігімізді алып, ұлттық лигамыз дүниеге келген уақыт 1992 жыл болып есептелсе, содан бері 2002, 2008 жылдары біріншіліктен шет қалған екен. Біріншіліктің біссімілләсін алғашқы жылы бесінші орынмен тәмамдаған «Тараз» футбол клубы 1995-1996 жылдары екінші және бірінші сатыларда болғандығын атап өтуіміз керек. Жергілікті аяқдоп шеберлерінің республика көлемінде кеңінен танымал екендігі де рас. Оған басты себеп, футбол мектептерінің мықтылығын, яғни білікті бапкерлердің барын білдіреді. Мысалы, 1995 жылы алтын жүлдеге алып келген Воит Абдулхамидұлы Талғаев, Анатолий Белский, Юрий Коньков, Сергей Тагиев, Вахид Масудов, Дмитрий Огай сынды ойын тактикасын дұрыс ұстанып, асу асырып, белес бағындырмаса да, талай дарын түлеткендігі рас. Олардың да атын атап, түр-түсін түгендеуге  болады. Мәселен, Жамбыл жерінен шыққан қазақстандық футбол жұлдыздары Ғани Қайназаров, Сейілда Байшақов, Олег Литвененко, Нұркен Мазбаев, Ерлан Елеусізов, Нұрмат Мырзабаев, Азамат Ниязымбетов, қазіргі уақытта атой салып жүрген Мұрат Тілешов, Нұртас Кургулин, Олег Недашковский, Әзиз Анарметов сынды сайыпқырандарды тізе беруге әбден болады. Олардың ізін ала Қайрат Сүлей, Ерзат Кенбаев, Ұлан Қонысбаев, аяқдоптың Отаны болып есептелетін Англияның азулы командасы «МЮ» клубының даярлық мектебіне шақырту алған сақа ойыншы Бауыржан Байтаналарды айтпай кетпеуге тағы болмас.

Қаржы жағынан оныншымыз

Ал, енді тарихты тоқтата тұрып, бүгінгі таңдағы клуб жағдайына келсек. Мына нарықтық заманда алдымен ақша қоры қаншалықты деген сауал туындайды, әрине. Бейресми деректерге сүйенсек «Тараз» футбол клубының бюджет қоры 4.5 млн. АҚШ долларын құрайды екен. Бұл дегеніміз өзге клубтармен салыстарғанда тым аз. Қаржы жөніндегі премьер-лигадағы 12 клубтың арасында оныншы орынды алатын команданың жүлдеге қол созуы қиын екенін аңғаруға болады.

Оның үстіне ойыншыларға жалақы, шет елден легионер шақыру, өзге клубтардан ойыншы сатып алу сынды маңызды келісімдерге көлемді қаржының жұмсалатындығын ескерсек, онда тіпті бұл клубтың чемпионатта  жүргенінің өзі көңілге медеу болады.

Клуб                                 ақша қоры* Клуб                                   ақша қоры
«Ақтөбе»                            10 млн. «Тобыл»                              8 млн. «Локомотив»                      8 млн. «Қайрат»                             7.2 млн. «Шахтер»                            7 млн. «Жетісу»                             7 млн. «Ертіс»                                  6.5 млн. «Атырау»                               6 млн. «Ордабасы»                           6 млн. «Тараз»                                  4.5 млн. «Восток»                                3.5 млн. «Қайсар»                                3 млн.
  • - бейресми дерек бойынша. (Сонда біріншіліктегі ақша айналымы 76.7 млн. АҚШ доллары екен).
Көкейімізді кескілеп жүрген бір-екі сауалымызды қазақ тіліндегі тұңғыш футбол сайтының бас редакторы Ермұхамед Мауленге қойған едік. Биылғы біріншілікте алтын жүлдеге басты үміткер деп қай клубтарды атар едіңіз? Ермұхамед МӘУЛЕН, «Футбол.кз» сайтының бас редакторы:

«Бәсеке биыл қыза түспек»

Қазақстанның футболдан XX біріншілігі ел футболының дамуына жаңаша серпін беретін шығар деп күтеміз. Себебі маусым аралық үзілісте премьер-лига клубтары қатарларын деңгейі жоғары деген ойыншылармен толықтырды. Тіпті, бұрын-соңды қазақ даласында болмаған аргентиналық, испаниялық және тринидадтық аяқдопшылар келді қазақ футболына. Мұның барлығы, әрине жаңашылдық. Екі кезеңнен тұратын біріншілігімізде биыл бәсеке одан әрі қыза түспек. «Ақтөбе, «Тобыл», «Локомотив» секілді командаларға қарсылық көрсетіп медальге таласа алатын қауқары бар командалар саны артуда. Биылғы маусымда чемпиондық тәжге таластың ең кескілескен кездесулерін көруге жазатын шығар. Және ел чемпионын тағы да соңғы турлардың бірінде ғана біліп қалатын шығармыз.

Тараздық клубтан қандай «тамашалар» күтесіз? Чемпионаттан шет қалып қоймас па екен...

«Тараз» футбол клубының әрбір басқан қадамын қадағалып отыратынымыз рас. Туған жердің аяқдопшылары ел алдында ұятқа қалдырмаса екен дейміз. Биылғы жылы «Таразды» Воит Талғаев баптайтын болды дегенді естігенде бір шаттанып қалдық. Әрине, Қазақстан мен Ресейде танымал болып жүрген білікті бапкердің премьер-лигада өз қаласының жігіттерін алға сүйреуге толық мүмкіндігі бар. Сенегалдық жартылай қорғаушы Диакате мен Дамир Мемишевич секілді легионерлер алыпты. Біз білетін Талғаев ойыншылар сұрыптауында қателесе қоймайтын бапкер. Сондықтан алдағы маусымда алғашқы 10 команданың ішінен «Таразды» анық көреміз.

Сөз соңында

Бүгінгі күні команда бапкері – Воит Абдулхамидұлы Талғаев (11.05.1953ж.). Ол клуб тізгінін осымен бесінші мәрте ұстап отыр. Ең алғашқы рет 1990-92 жылдары, онан кейін 1995 жылы жаттықтырса, сосын 1996 жылы алтын жүлдеге адастырмай әкелген болатын. Соңғы рет 1999-2000 жылдары бапкерлік қызмет атқарды. Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы. Биылғы біріншіліктен бастап клуб басшылары команда тізгінін тағы да Талғаевқа беріп отыр. Иә, осымен бесінші рет жергілікті клубқа бапкер болып отыр дегенді айттық. Команда сапына көбіне кілең жастарды тартқан Талғаевтың өз ойлағаны бар болуы мүмкін. Көргені көп. Жүлдеге қол созбаса да, алғашқы алтылыққа енудің жолын қарастырып бағатын шығар... Не десек те, киелі Әулиеата өңірі талай талантты аяқдоп шеберлерінің шоғырын түлеткен айтулы аймақ болып қала бермек. Тек соңы сұйылмаса болғаны!

Нұржан ТУҒАНБАЙ

"Жамбыл спорт" газеті, Тараз қаласы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×