Таланттарыңызды тентіретпеңіздер, Таңаттай тақырға отырғызар

15.03.2011, 17:07
Таланттарыңызды тентіретпеңіздер, Таңаттай тақырға отырғызар
Футболдан ел чемпионатының премьер-лигасында өнер көрсететін маңдайалды клубтарымыз екінші турдың ойындарын өткізді. Бұл турда кейбір матчтар жанкүйерлер күтпеген нәтижемен аяқталып, көпшілікті елең еткіздіКүн суық болса да, жанкүйерлер көп жиналған кездесу Керекудегі ойын болды. Жергілікті «Ертіс» пен азулы «Ақтөбе» арасындағы матч аса тартысты өтті. Қонақтар гол соқса, алаң иелері таразы басын теңестіріп, біраз арпалысты. Тек Марат Хайруллин ұстараның жүзіндей лыпылдаған Тити Эссомбоның кезекті пасын қақпаға тоғытып, ақтөбеліктер алға шыққанда, «Ертістің» үшінші рет есепті теңестірулеріне шамалары жетпей қалды. Сөйтіп, Самат Смақов бастаған ақтөбеліктер түзде жеңіске жетіп, екі турдан соң жүз пайыздық көрсеткішпен (6 ұпаймен) жеке-дара көш бастады. Бұл жерде Смақовты бөле жара айтып отырған себебіміз – қазақ футболы жанкүйерлерінің сүйікті ойыншысына ай­нала білген Самат Керекуде премьер-лигадағы 300-ойынын өткізді. Ал командаластары өздерінің капитандарының тарихқа жазылып қалар айтулы ойынында жеңіске жетіп, баға жетпес сыйлық жасады. Өткен маусымдағы ел чемпионы – Қостанайдың «Тобылы» өз алаңындағы ойынын Затобольск селосында өткізіп, «Таразды» жүндей түтті. Қостанайлықтар ірі есеппен жеңіске жетсе де, олардың шабуылшыларын мақтай алмаймыз. Бір гол пенальтиден соғылса, екіншісін қорғаушы енгізді, ал үшіншісін қонақтардың өздері соғып берді. Бұл ойында «Тобыл» ұтты дегеннен гөрі, «Тараз» оңбай ұтылды деген дұрыс шығар. Соның бір айғағы, тараздықтардың бүкіл қазақ жанкүйерлері болашағына үмітпен қарап жүрген қақпашысы алаңнан қуылып, командасының ойсырай жеңілуіне себепкер болды. Дәл қазір «Тараз» – алғашқы екі турдан бірде-бір ұпай еншілей алмаған жалғыз команда. Яғни көш соңында екені айтпаса да түсінікті болар. Астана теміржолшылары маусым аралығында құрамын біршама нығайтып алған «Ордабасы» клубын жеңді. Елордада өткен бұл ойындағы жалқы голды, жазмыштың жазуы ма, Таңат Нөсербаев соқты. Осыдан біраз уақыт бұрын шымкенттіктер жарақатынан толық айықпаған Таңаттан бас тартып, өмірінің қиын-қыстау кезеңінде көңілін жабырқатып еді. Енді сол өздеріне керек болмай қалған Таңаттың соққысынан опық жеді. Бірақ бұл жеңіс елордалықтарға оңайшылықпен келген жоқ. Осы голға дейін талантты жастарымыздың бірі Ұлан Қонысбаев алаңнан қуылып, теміржолшылар кем құраммен тер төкті. Әйтсе де Нөсербаевтың бағы жанып, өмірдің сынағына төзе білген Таңат жаңа командасына жеңіс әперді. Осы ойын аяқтала салысымен, елордадағы «Астана-Арена» стадионында тағы бір матч өтті. Қарағандының «Шахтері» де «Тобыл» сияқты үйдегі ойынын өз алаңында өткізе алмады. Ол түсінікті де, солтүстік өңірлерімізде күн суық, стадиондарының жасыл желегі қардың астында тоңазып қалған. Сол себепті «Шахтер» Атырау футболшыларын Астанадағы жылы стадионда қабылдады. «Атырау» осы матчтың бейтарап алаңда өткендігін пайдаланып, кеншілер клубын тақырға отырғызып кетті. Ал «Жетісу» болса «Қайратты» жасыл желегін қар басқан стадионда қабылдап, жаза басты. Бірінші турда азуын айға білеген «Локомотив» клубын Астанада тізе бүктірген «Жетісу» сол жеңісті жолын жалғастыра алмады. Өз алаңында «Қайраттан» ұтылып, «Ақтөбемен» иық қағыстыра көш бастау мүмкіндігін жіберіп қойды. Қызылордада премьер-лигаға қайта оралған екі клуб кездесіп, итжығыс түсті. Қонақтар сапындағы серб легионері соққан голға алаң иелері құрамындағы молдован шабуылшысы әдемі голымен жауап беріп, есепті теңестірді. Сыр елінде Вахид Масудовтың командасының уысындағы үш ұпай осылай сынаптай сусып, бір ұпайға айналғанымен, «Восток» қазір төрт ұпаймен екінші орында ойқастап тұр. ІІ турдың нәтижелері: «Ертіс» (Павлодар) – «Ақтөбе» (Ақтөбе) – 2:3 Голдар: Дорош, 19. Даскалов, 64 – Лисенков, 9. Хайруллин, 41. Хайруллин, 69. «Тобыл» (Қостанай) – «Тараз» (Тараз) – 3:0 Голдар: Костюк, 8-пенальтиден, Кислицын, 67. Соболев, 84 – өз қақпасына. 75-минутта Мұқашев («Т») алаңнан қуылды. «Локомотив» (Астана) – «Ордабасы» (Шымкент) – 1:0 Гол: Нөсербаев, 87. 59-минутта Қонысбаев («Л») алаңнан қуылды. «Шахтер» (Қарағанды) – «Атырау» (Атырау) – 0:2 Голдар: Травин, 53. Леон Джавиер, 73. «Жетісу» (Талдықорған) – «Қайрат (Алматы) – 0:1 Гол: Байрамов, 17. «Қайсар» (Қызылорда) – «Восток» (Өскемен) – 1:1 Гол: Максим, 78 – Мрджанин, 26. Автор: Нұрғазы Сасаев
Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×