20 жылға 1 жыл қалды

25.04.2021, 21:16
Осы уақыт аралығында не өзгерді? Қандай жетістікпен мақтана аламыз?
20 жылға 1 жыл қалды

Қуаныштымын. Иә, біз еуропалық футболға өтеміз. Азия, қош бол! Енді, біздің футбол дамиды, адам сенгісіз деңгейге шығады. Түсінесіз бе? Бүкіл әлемді аузына қаратқан спорт түрі пайда болған Еуропа құрлығында бақ сынайтын боламыз. Тәжірибелі командалардан үйренеріміз көп. Көп ұзамай терезесі тең өнер көрсетпекпіз солармен.

Иә, он тоғыз жыл бұрын осылай жазар ма едік?

Осы уақыт аралығында не өзгерді, қандай жетістікке жеттік, футбол деген спортты жете түсіне алдық па? Саралап, есеп берер сәттің болатыны түсінікті. Бірақ, бұл біздің футболға жат ұғым.

Өзгерістер ап-айқын. Ел футболында өнер көрсететін қара көздерімізге қарағанда, серб, болгар, армян, орыс ұлтты ойыншылардың көбеюі тисінше, ұлттық құрамаға кандиттардың азаюына әкелді. Міне, ең бір ауқымды өзгеріс осы.

Жеткен жетістігіміз осындай-осындай деп айтудың өзі ұят. "Астана" деген ұжымымыздың әупірімдеп жүріп Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіне шыққанын айтып, жетістікке балауыңыз мүмкін. Дегенмен, бұл он тоғыз жыл Еуропа футболымен біте қайнасып жатырмыз дегенді ақтай ала ма? Ақыры, Еуропа деп, футболы дамыған аймаққа көз тіккен екен, не футбол, не болмаса соның ұйымдастырылуын үйренетін уақыт өтті емес пе?

Бірінші нөмірлі спорт дамыған елдердегі инфрақұрылым, тіпті Екінші лигасында өнер көрсететін клубтардың алаңы жап-жақсы деңгейде. Ең құрығанда стадион тұрғызуды үйреніп шығатын кез болды.

Ең мықты деген аяқ допшылар, ала допты серік еткен құрлыққа өткен кездегі қуаныш, арттағы он тоғыз жылға қараса су сепкендей басылады. Кейде ойлап қоямын, осы азиялық ортаңқол кез-келген команда, ұлттық құрамасы болсын, біздің клубтарды оп-оңай жеңіп кететіндей.

Келер жылы еуропалық футбол одағына мүшелікке өткендігімізге 20 жыл толған кезде, осы бір өткен жылдардың есебін кім береді, кімнен сұраймыз, жұмсалған қаражат ше, жеткен жетістік, қойылған мақсаттың нәтижесі ше?

Хош, он тоғыз жылда біздің футболдың ештеңеге қол жеткізе алмағанына ешкім дауласа қоймас.

Серікбол Нақысбек

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×