Аладоп сайты өткен жылдың елеулі оқиғаларын, есте қалар қызықты сәттерін еске түсірмек.
Көптен күткен десима
"Реал Мадрид" өзінің Чемпиондар Лигасындағы 9-шы жеңісін сонау 2002-ші жылы тойлаған болатын. Ол кезде келесі трофей көп күттірмейтіндей көрінген. Бірақ, бақандай 12 жыл күтуге тура келді. Сол уақыт ішінде клуб 10 жаттықтырушы ауыстырды, жүздеген футболшылар сатып алды, сатты, миллиардтаған доллар шығынға батты, пайда көрді, тіпті президент те ауысты. Ал бүгінде "корольдік клуб" жер бетіндегі ең қарулы команда. 2014-ші жылдың мамырында "Реал Мадрид" Португалия астанасында болған мадридтік дербиде Атлетиконың сағын сындырып, Еуропаның үздігі атанды. Жарты жылдан соң бүкіл әлемнің үздік клубы деген атаққа қол жеткізді. Бүгінгі мақсаты-тарихта Чемпиондар Лигасының чемионы деген атақты қорғаған тұңғыш команда атану.
Ғажайып әлем чемпионаты
Біз оны төрт жыл күттік, ол үмітімізді ақтады. Бразилиядағы әлемдік дода жоғарғы деңгейде, есте қаларлықтай, қызықты, әділетті өтті. Әрі күтпеген нәтижелерге толы болды. Ең бастысы ақшаның буына тұңшыққан клубтық футболдан бір сәтке арылып, пәк футболды көруге мүмкіндік алдық.
Италия мен Англияның масқарасы, құрамы соншалықты мықты емес Голландияның қола жүлде еншілеуі. Коста-Рика сенсациясы. Робин ван Персидің ғажап голы, Суарестің азулы тісі, Очоа мен Ховардтың сэйвтері. Қорғаушы, әрі қақпашы Мануэль Нойер. Әлем чемпионы Испанияның аяқ астынан құлдырауы. Аргентинаның араға 25 жылдай уақыт салып, бірінші рет жүлдеге қол жеткізуі. Күміс пен қоладан жалыққан Германияның чемпиондығы.
Және ең бастысы, ең маңыздысы Бразилия қасіреті. Рухани футбол отанының көз жасы. Футбол королі туылған далада Бразилия масқара болды. Ұлттық стадионда, бүкіл ұлттың алдында,. Аяуды білмейтін немістер аямады. Тіпті, әдейі жоспарлап қойғандай Роналдоның рекордың, дәл Бразилияға қарсы ойында Мирослав Клозе жаңартты.
Бұл ерекше әлем чемпионаты болды. Соның өзі 2014 жылды ешқашан да ұмытпасқа негіз бола алады.
Қос алыптың тақтан айырылуы
Сонау 2004-ші жылы "Валенсия" Испания чемпионы атанғаннан кейін, он жыл көлемінде Испан чемпионатының тағына екі команда ғана алма кезек отырып көріпті. "Реал" "Барса", "Барса" "Реал". Әрине, нейтралды жанкүйерлер үшін де, Испанияның басқа клубтары үшінде бұл мезі қылған жәйт еді. Бірақ, амал қанша, ғарыштағы командаларды қуып жетуге күш те жетпейтін, ақша да жетпейтін.
Бірақ, әлем бізді бір ғажапқа үйреткен. Әлем шырмауға түскен кезде, міндетті түрде бір қаһарман тап болып, азат ететін. Ла Лиганы "Реал"-"Барса" шырмауынан құтқарған, Диего Симоне мен "Атлетико Мадрид" болды. Олардың басты қаруы-ержүректік, ә десе мә дейтін қанға сіңген мінез. Симоне Испанияда ғана емес, кәрі құрлықта да төңкеріс жасады. Чемпиондар Лигасында қаржысы бес-алты есе көп, "Челси" мен "Барселонаны" жолда қалдырды. Командада жұлдыз да, айқын көшбасшы да болған жоқ. Жасыл алаңға шығады, жаттықтырушы қойған талаптарды орындайды, біріміз бәріміз, бәріміз біріміз үшін деп шайқасады. Басты құпия сол.
Онымен қоса, "Атлетико Мадридің" арқасында Чемпиондар Лигасының финалында тұңғыш дербиді, яғни бір қаладан шыққан екі команданың ойының тамашаладық.
Олар да кетті....
Райан Гиггз "Манчестер Юнайтед" сапында алаңға шықпайды, Хавьер Дзанетти "Интерден" кетті, "Челсидің" жүрегі Франк Лэмпард әлі күнге дейін көз үйренбесе де, "Манчестер Ситидің" жейдесін киіп, алаңға шығып жүр. Тіпті, Челсиға гол салып та үлгерді. .. Өткен жылдағы үш мега-жаңалық. Егер де, Ди Натале "Удинеземен" келісім-шартын ұзартпағанда, Арсен Венгер орнынан кеткенде ғаламшар күнді айналуын тоқтатар еді.. Жағымсыз осы үш жаңалық та жеткілікті. Алдыңғы жылы футбол әлемі Алекс Фергюссоннан айырылды, былтыр мынау. Биыл да осы үрдіс жалғасатын секілді. Жаңа жыл енді кіріп келді, ал біз Стивен Джеррардтың "Ливерпульден" кететінін естідік.. Иә, біз футболды керемет эмоция сылайтыны үшін сүйеміз. Ал, эмоцияның тұщысымен қатар, ащысы да қатар жүретінің естен шығармаған жөн.
Сіз үшін 2014-ші жылдың есте қалар оқиғасы?
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ