Биыл қазақстандық командалар топтық кезеңге шыға ала ма?

25.07.2024, 15:05

Бүгін Конференция Лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі бірінші бәсекелерін «Тобыл» мен «Астана» өткізеді. Григорий Бабаянның командасы турнирді осы айналымнан бастамақ және аяқ-алысы қандай болар екен деген сұрақ өте қызық болуда. «Астананың» еурокубоктерде жаманды-жақсылы тәжірибесі бар. Сондықтан, команданың жолына үмітпен қарайтындар да баршылық. Мойындау керек, биылғы маусымда клубтарымыздың еуроаренадағы өнері көңілден мүлде шықпай тұр. Чемпиондар Лигасындағы «Ордабасы» да, Еуропа Лигасында мардымсыз ойнаған «Тобыл», ҚПЛ-дегі өнері сұрапыл деген «Ақтөбенің» өзі де алысқа бара алмады. Осылардың барлығынан кейін көпшіліктің көңілінде бір күпті сұрақ бар: жалпы қазақстандық клубтар биыл топтық кезеңге шыға ала ма?

Биыл қазақстандық командалар топтық кезеңге шыға ала ма?
"Шериф" - "Милсами" кездесуі

Ендігі кезек «Астанада»

Бұл сұрақтың жауабы қиын. Осыған дейін жарыс жолына шыққан командалардың әуселесі байқалып қалды, ендігі кезек «Астанада». Григорий Бабаянның командасы екінші айналымда молдовалық «Милсамиге» қарсылас атанды. «Петрокубтен» кейін молдова десе шымкенттік жанкүйерлердің шашы тік тұратын шығар? Соншалықты әлсіз чемпионат емес, командалары да «шапалақпен» аямай тартып жібереді екен, иә? Қысқасы, «Милсамиге» шекеден қарамаудың себебі жетерлік. Оргеев қаласының намысын қорғайтын команда былтыр Молдова біріншілігін төртінші орынмен аяқтаған. Енді Конференция Лигасында біраз жерге дейін баруды көздеп отыр. «Милсами» бірінші кезеңде беларусияның «Торпедо-БелАЗын» сенімді түрде өтіп кетті. Ол үшін қарсыласын сырт алаңда 2:4 есебімен тас-талқан ету жеткілікті болды (жауапты матч 0:0 болып біткен).

2005-жылы құрылған клуб тарихында жалғыз рет қана чемпион атаныпты (2014/2015-те). Футбол өлшемімен алғанда бұл түкте емес. Десе де, тарихы осыншалықты команда еурокубоктерде біраз тәжірибе жинап қалған. Отандық жанкүйерлерге, әсіресе ақтөбеліктерге «Милсами» жақсы таныс. Қос клубтың жолдары 2012/13 жылғы Еуропа Лигасының екінші іріктеу кезеңінде түйіскен. Сол кездің өзінде «Ақтөбеге» оңай болмаған еді. Қазақстандық команда сырт алаңда 4:2 есебімен ұтылып, жағдайды тек «Қобыланды Батыр атындағы» Орталық алаңда түзеп, қарсыласын қапы қалдырып кетті. Екі ойындағы ортақ есеп 5:4.

          Статистика «Милсами» шабуылдан көрі, көбірек қорғанысты ойлайтын ұжым дейді. Жалпы алғанда сәтті деп бағаланған былтырғы чемпионатта команда 31 ойында небары 24 доп соққан екен. Десе де, Молдова біріншілігінің үздік сұрмергендерінің таласында тап осы «Милсамидің» өкілі топ жарыпты. Ол – 13 гол салған Раду Гынсарь болатын. Шабуылшы ешқайда ауысқан жоқ биыл да команда қатарында. Молдовада жаңа маусым әлі басталған жоқ. Биылғы маусымашар ойынын Игорь Пикущактың ұжымы 3-тамызда қазақстандық футболсүйер қауымға өте жақсы таныс сол «Петрокубпен» өткізеді. Біз айтпасақ та өздеріңіз білетіндей, молдовалық командаларға еурокубоктік ойындар ең алдымен коммерциялық тұрғыда маңызды. Былайша айтқанда, олар үшін табыс көзі. «Милсамидің» де Конференция Лигасының топтық кезеңіне шығудағы негізгі мақсаты осы. Былтыр клубтың бұл ойы іске асқан жоқ. Молдовалықтар Конференция Лигасының бірінші айналымында-ақ сүрінген: Литваның «Паневежисіне» 2:3 есебімен жол беріп, жарысты ерте аяқтады.         

«Милсами» ойыншыларының құны қарсыласынан үш есе арзан

Командалардың нарықтық құнын салыстырсақ, қазақстандық ұжым қарсыласынан шамамен үш есе қымбат екен («Астана» - 9,85 млн еуро, «Милсами» - 3,33 млн еуро). Молдовалық команда сапында ең қымбат футболшы – малилік Мамаду Камара (400 мың еуро). Қарсылас қатарындағы ең қауіптісі де осы шабуылдаушы жартылай қорғаушы дегіміз келіп отыр. Камара сөзсіз «Милсамидің» көшбасшыларының бірі. Былтырғы маусымда командасының еурокубокке ілінуіне көмектескен африкалық ойыншы биыл да бабында екен. Оны өткен аптада дәлелдеді: бірінші іріктеуде беларусиялық клубтың қақпасына енген голдың бірін осы футболшы салған. Сондай-ақ, қарсылас сапында ерекше назар аударуға тұратын тағы бір ойыншы - Дэн Спатару екені сөзсіз. Шабуылшы былтыр Польша бірінішілгінде бағын сынаған соң Оргеевтік ұжымның қатарына қайта оралды. Астаналық қорғаушылар үшін беларусиялық командамен болған бірінші матчтың үздік ойыншысы атанған Спатаруды зарарсыздандырудың жолдарын қарастыру аса маңызды.

«Милсамиге» бүгін өз алаңынан бөлек басымдық беретін тағы бір фактор бар: молдовалық клубтың бас бапкері Игорь Пикущак Қазақстанда бірнеше маусым жұмыс істеп кеткен. 41 жасар маман 2022-жылы «Ақжайықпен» Қазақстан Кубогінің финалына дейін жетіп, шешуші сында «Ордабасыға» жол берді. Сондай-ақ, 2023-те «Тұранмен» Бірінші лигада бақ сынаған. Бүгінгі кеште «Милсамиді» бастап шығатын бапкер «Астанамен» үш рет жолықты. Пикущак соның тек біреуінде ғана тең түсіп, екі матчта ойсырай ұтылған екен (0:2 және 0:4). Көріп отырғанымыздай, бапкерлік бәсекеде сөзсіз басымдық Бабаянның жағында. Алайда, Кишиневтегі кездесуге бұл статистикалардың еш қатысы болмайды. Біріншіден – бүгінде «Астананың» бұрынғыдай адуыны жоқ. ҚПЛ-де команда тек 9-орында келеді. Бірінші орындағы «Ордабасыны» қуып жетуі екіталай. Қос команданың араларын бақандай 10 ұпай бөліп тұр. Григорий Бабаян жаттықтыратын команданың ойыны оның турнирлік кестедегі орнынан да жаман. Ала-құла матч өткізетін «Астанаға» тұрақтылық деген ұғым мүлде бөтен болған. Команданы құтқарып тұрған тек бірақ дүние - Лига Кубогінің жартылай финалы ғана.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
Aladop Youtube
×