Рафаэль Уразбахтин: «Енді Конференция лигасындағы матчтарға назар аударамыз»

Бүгін, 13:42

«Қайрат» бапкері Рафаэль Уразбахтин Қазақстан Премьер лигасының кейінге шегерілген 23-туры аясында «Ертіске» қарсы өткен кездесуден кейін командасының ойынына баға берді, деп хабарлайды Aladop.kz.

Рафаэль Уразбахтин: «Енді Конференция лигасындағы матчтарға назар аударамыз»

Алматы ұжымы қарсыласын 5:0 есебімен ойсырата жеңіп, турнирлік кестедегі қоржынына тағы үш ұпай қосты. 

Уразбахтин ойын алдында «Ертістің» қорғаныста жинақы ойнап, қарсы шабуылдар мен стандартты жағдайлар арқылы мүмкіндік іздейтінін күткенін айтты. Кездесу барысында қарсыластың дәл осындай тактика таңдағанын атап өтті. Соған қарамастан, «Қайрат» өз жоспарын жүзеге асырып, ірі есеппен жеңіске жетті.

«Үш ұпайға қол жеткіздік, жеңіске қуаныштымыз. Енді аздап тынығып, Конференция лигасындағы матчтарға назар аударамыз», – деді бас бапкер.

Маман бірінші таймда командасы жоспарлаған ойын элементтерінің көпшілігі сәтті орындалғанын жеткізді. Дегенмен оң қанаттағы әрекеттерді күшейту қажет екенін де жасырмады. Оның айтуынша, сол аймақта бірқатар қателікке жол берілгенімен, жалпы алғанда, команда қойылған міндеттерді орындады.

Сонымен қатар бұл кездесу бірнеше футболшыға ойын тәжірибесін жинауға мүмкіндік берді. Бапкерлер штабы кейбір ойыншыларды алмастырып, негізгі құрамда жиі көріне бермейтін футболшыларға да алаңға шығуға мүмкіндік жасаған. Уразбахтин жас ойыншылардың өнеріне көңілі толатынын айтып, олардың алдағы матчтарда да дамуын жалғастыратынына үміт білдірді.

Қазақстан чемпионатының 28-туры қорытындысы бойынша «Қайрат» 63 ұпаймен турнирлік кестеде екінші орында келеді. Ал көш басындағы «Ордабасы» 67 ұпай жинаған. Енді Aлматылықтар назарын Конференция лигасындағы кездесулерге аударып, еурокубоктік науқанын жалғастырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
×