«Астана» бас бапкері Григорий Бабаян Қазақстан Премьер лигасының кейінге шегерілген 23-туры аясында «Каспийге» қарсы өткен матчтан кейін командасының ойынына көңілі толмайтынын айтты, деп хабарлайды Aladop.kz.
Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды. Маманды әсіресе елордалықтардың алғашқы таймдағы әрекеті қынжылтқан.
Бабаянның сөзінше, «Астана» қорғаныста да, шабуылға ауысу кезінде де баяу қимылдаған. Команда алдын ала жоспарлаған ойын үлгісін көрсете алмады. Қарсылас алты-жеті рет соққы жасап, соның екеуін голға айналдырған. Ал «Астананың» да мүмкіндіктері болғанымен, оларды тиімді пайдалану жетіспеді.
«Бірінші таймды толықтай сәтсіз өткіздік. Ойын өте баяу жүрді. Қорғаныста да, ауысым сәттерінде де, позициялық қорғаныста да талапқа сай әрекет ете алмадық. Екінші таймда схеманы бірнеше рет өзгертіп, қанаттан берілетін пастар арқылы есепті теңестіруге тырыстық. Есеп 2:2 болғаннан кейін де шабуылдауға ұмтылдық. Бірақ ойын сапасына да, нәтижеге де көңілім толмайды», – деді бас бапкер.
Маман қорғаныстағы кадрлық қиындықтарға да тоқталды. Бранислав Калаица екі аптадан астам уақыт бұрын жаттығу кезінде жарақат алған. Қазір ол жалпы топпен жаттығуға біртіндеп оралып жатыр. Алайда оның «Қайсарға» қарсы кездесуге қатыса алатыны әзірге белгісіз. Бабаян Кипрас пен Әлібектің де жарақаттан кейін толық бабына келмегенін атап өтті.
Бабаян маусым басынан бері клубтың күрделі жағдайда жұмыс істеп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, егер «Астана» чемпионатты үшінші орында аяқтаса, бұл қалыптасқан жағдайды ескергенде үлкен жетістік болмақ. Сонымен қатар клубқа жаңа инвестор қажет екенін тағы да жеткізді. Қаржылық мәселелердің шешілмеуі команданың келесі маусымға дайындық жоспарына да әсер етіп отыр.
Бас бапкер жас футболшы Ануар Төлендіге де тоқталды. Оның айтуынша, 15 жастағы ойыншы Бірінші лигада жақсы өнер көрсетіп, гол соғып жүр. Бабаян жас таланттың болашағынан үміт күтетінін және клубтың оның дамуына көмектесуі керектігін айтты.
28 турдан кейін «Астана» 52 ұпаймен Қазақстан Премьер лигасының турнирлік кестесінде үшінші орында келеді. Командаға чемпионаттың қалған екі турында мүмкіндігінше көп ұпай жинап, маусымды сәтті аяқтау міндеті тұр.