Ағайынды Уильямстар «Атлетикке» қалай келді?

Сахараны жалаң аяқ жүріп өткен әкесінің табаны сезімталдығынан айырылған екен.
Ағайынды Уильямстар «Атлетикке» қалай келді?

Өткен сәрсенбіде "Атлетик" "Вальядолидпен" тең ойнады - бильбаолық клуб есепте екі рет алға шыққан еді, қонақтар екі гол соғып, таразы басын теңестірді. Бірақ ең қызығы, 1986 жылдан бері "Атлетик" сапында алғаш рет ағайындылар өнер көрсетті. Ол кезде Хулио мен Пачи Салинас, ал қазір Иньяки және Нико Уильямс.

Иньякиді білетін шығарсыз - 26 жастағы шабуылшы бірнеше жылдан бері бильбаолық команданың басты жұлдыздарының біріне айналды. Бірақ оның інісі Нико үлкен футболдағы дебютін енді ғана жасады (62-минутта алаңға шықты).


Нико 2002 жылы дүниеге келген. Шабуылдың оң қапталында өнер көрсетеді. Осы маусымда ол Испанияның үшінші дивизионында ойнайтын "Атлетиктің екінші командасында жасындай жарқылдады. Жалпы 22 матчта 9 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді.


"Вальядолидке" қарсы ойында Иньяки нәтижелі әрекетімен көзге түсті - ол да алаңға қосалқы құрамнан шығып, Рауль Гарсияға голдық пас берді. Ағайынды Уильямстар бұл голды бірге атап өтті.


Ағайындылардың үлкен футболға келуі - олардың ата-аналарының еңбегі. Бұл туралы Иньяки берген сұхбатында айтты:

"Мен бұл жерге Памплонадан келдім, бірақ мен Бильбаода дүниеге келдім. Менің ата-анам Ганадан. Олар Мелильяға жету үшін Африканың жартысын жүріп өтті. Олар бұл жерге дейін жаяу келді".

Мелилья - Африканың солтүстік жағалауында орналасқан испаниялық қала. Уильямстың ата-анасы Гана астанасы Аккра қаласындағы босқындар лагерінде кездескен - олар Либерияда өткен азаматтық соғыстан қашып кеткен екен. Аккрадан Мелильяға дейінгі арақашықтық 4 мың шақырымнан асып жығылады және бұл аралықты бүкіл Сахара шөлі алып жатыр.

"Шындығында, содан бері менің әкемнің табаны ештеңені сезбейді. Менің анам көптеген қиындықтарды бастан өткерді, бірақ ол күшті әйел. Ол маған өзінің серіктестерінің көпшілігі бұл жолды көтере алмағанын және оларды далада жерлеуге тура келгенін айтты.

Жолда олар жүк көлігін кездестіріп, оған 40 адам мінген. Анам жақсы өмір сүру үшін Испанияға немесе басқа елдерге бара жатқан адамдарды ұрлап кететін қарақшылар туралы да айтты".


Иә, Уильямстың ата-анасы Испания шекарасынан өтіп, түрмеге қамалды. Бірақ олардың жолдары болды - оларға адвокат келіп: "Құжаттарды жыртып, соғыстан қашып келе жатырмыз деп айтыңдар", - деген екен.

Футболдағы ағайындылардың анасы мен әкесі Либериядан келген босқын ретінде тіркелді және бұл адвокат оларды Бильбаода әлеуметтік қызмет көрсететін достарына жіберді. Сұхбатында Иньяки үлкен жақсылық жасаған осы адамды табуға тырысқанын мойындады, бірақ анасы да, әкесі де ол адам туралы ештеңе білмейді екен.

Бильбаода Уильямс отбасын жылы қарсы алды. Оларға босқындарға пана тауып берген жергілікті діни қызметкер көмектесті. Оның есімі Иньяки Мардонес еді - иә, үлкен ұлы (Иньяки Уильямс) сол кісінің есімімен аталды.

"Біз онымен үнемі сөйлесеміз, мен оған қонаққа барып тұрамын, өмір туралы әңгімелесеміз. Рас, қазір ол Африкада еріктілермен бірге жұмыс істеуде".

Уильямс Испанияға, әсіресе Бильбаоға және осы қаланың мейірімді адамдарына ессіз ризамын дейді. Себебі олардың мейірімділігі болмаса, Иньяки мұндай жетістікке жете алмас еді.

"Осының бәрі мені күштірек етеді. Мені осындай азамат ретінде өсірген ата-анама ризамын. Олар маған өмірдегі барлық нәрсе қиындықпен және ыждағаттылықпен беріледі деп шабыттандырды.


Менің ата-анам осындай сапарды інім екеуміздің болашағымыз жарқын болсын деп жасады. Інім екеуміздің мектепке баруымыз үшін, үйде су болу үшін, біз аш қалмас үшін және күнде тамақ ішу үшін қолынан келгенін жасады. Олардың балалық шағында мұндай нәрсе болған емес".

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Масқара 0
Серіктес жаңалықтары
×