Еуропаның барлық елдерінің ішкі чемпионаттарында маусым ортасындағы үзіліс басталса, Англия алаңдарында boxing day деген кезең басталды. Қатарынан 3 турдың ойындарын командалар бар болғаны 1 аптаның ішінде өткізеді. Бүкіл әлем жаңа жыл түнінен кейін ес жиып жатқанда, Ағылшын Премьер-лигасында өнер көрсететін футболшылар тура 1-ші қаңтар күні таң ата жаттығуды бастап, кешке футбол матчына шығатын болады. Олардың демалысы-жасыл алаң. Әрине, бұл чемпионаттың әлемдегі ең үздік турнир саналатыны заңды. Тек қана футбол, футбол, футбол! Ағылшындардың жаңа жылға тартар сыйы да футбол.
Ал, бүгін сол 1 аптадай уақытқа созылатын boxing day кезеңі бастау алды. Шымылдығын "Челси"-"Вест Хэм" ойыны ашып берді. Лондондық дерби. Әрине, афишасы "Челси"-"Арсенал", "Челси"-"Тоттенхэм", "Арсенал"-"Тоттенхэм" секілді ойындармен тең келмесе де, бұл маусымдағы жайы бөлек. Басты себеп, "Вест Хэмнің" ойыны мен нәтижесі. Бұл команда бүгін "Арсенал", "Манчестер Юнайтед" секілді алпауыттармен 3-4-орынға, яғни Чемпиондар Лигасының жолдамасына таласып жүр. Бірақ, "Челсимен" терезесі тең ойнай алмады. "Ақсүйектердің" деңгейі "Вест Хэмнан" әлдеқайда жоғары екені көрініп тұрды. Қос таймда бір-бір голдан тоғытып, "Челси" жеңіске жетіп, "Манчестер Ситиден" 3 ұпай басымдығын сақтап қалды. Ал, "Вест Хэм" кейін белгілі болғандай, төртінші орыннан сырғыды.
Челси—
Вест Хэм 2:0(1:0)
Голдар: Терри, 31, Коста, 62
Ал, "Челсидің" басты қуғыншысы "Манчестер Сити" де бұл кезеңді жеңіспен бастады. Пеллегрини командасы аутсайдерлердің бірі "Вест Бромвичке" қонаққа барған болатын. Бұл ойынды бірінші таймнан кейін-ақ аяқтай беруге болатын еді. "Қалалықтар" алғашқы жарты сағатта 3 гол тоғытты да, ойын тағдырын шешіп қойды. Сонымен, boxing day "Манчестер Сити" үшін де жеңіспен басталды.
ВБА—
Манчестер Сити 1:3(0:3)
Голдар: Гамбоа, 87 — Фернандо, 8, Туре, 13 (пенальтиден), Силва, 34
Луи Ван Гаалдың жұмысы оң нәтижесін беріп келеді. Әрине, "қызыл сойқандарда" сэр Алекс Фергюсон кезіндегідей нағыз сойқандық мінез жоқ. Ван Гаалдың басты миссиясы былтырғы маусымда жер болған Юнайтедтің бойына қан жүгірту. Осы маусымда чемпион бол деген қатып қалған талап жоқ. Маңыздысы, Чемпиондар Лигасына жолдама алып, даңқты Фергюсон патшалық еткен замандағы "Манчестер Юнайтедті" қайта жаңдандыру, тіпті одан асып түсу үшін жол салу. Мойес кезінде ұшты күйлі жоқ болған жеңімпаздық рухты қайта тірілту.
"Манчестер Юнайтедтің" ойыны мінсіз демесек те, нәтиже беріп келеді. Команда соңғы 8 ойындағы 7-ші жеңісіне қол жеткізді. Бұл жолы тізе бүккен Алан Пардью баптайтын "Ньюкасл". Бірінші таймда Руни қос голды атына жазса, екінші таймда Ван Перси есепті іріледі. Қонақтардың бар күші бір гол салуға ғана жетті.
Манчестер Юнайтед—
Ньюкасл 3:1(2:0)
Голдар: Руни, 23, 36, ван Перси, 53 — Сиссе, 87, пенальти
Кристал Пэлас—
Саутгемптон 1:3(0:1)
Голдар: Данн, 86 — Мане, 17, Бертранд, 48, Альдервейрельд, 53
Эвертон—
Сток Сити 0:1(0:1)
Гол: Кркич, 38 (пенальтиден)
Лестер—
Тоттенхэм 1:2(0:1)
Голдар: Ульоа, 48 — Кейн, 1, Эриксен, 71
Бернли—
Ливерпуль 0:1(0:1)
Гол: Стерлинг, 62
Сандерленд-Халл Сити 1:3(1:1)
Голдар: Джонсон, 1 - Рамирес,32, Честер, 51, Елавич, 90+6
Фараби ӘБДІХАЛЫҚ